Алматы облысында тұңғыш рет «Жетісу шеберлері» фестивалі өтті
Жетісудың бас шаһарының көгінде әсем әуен әуеледі. Еліміздің түкпір–түкпірінен келген және де көршілес Өзбекстан мемлекетінің жас өнерпаздарының басын қосқан өнер додасы алғаш рет шымылдығын түрді.
Облыс орталығында «Жетісу шеберлері» деген атаумен I Республикалық дарынды жасөспірімдер мен балалар арасындағы жеке аспаптарда шебер ойнайтын орындаушылардың фестивалі өтті.
Аталған шара Алматы облысы мәдениет және архивтер басқармасының қолдауымен жүзеге асты. Фестиваль жас таланттардың жаңа есімін анықтауды, қазақтың ұлттық өнерін дамытуды, аспаптарда шебер ойнайтын өнер иелерінің ізбасарларын табуды нысанаға алған.
Озық елдің қатарына ену үшін өркениет пен экономика деңгейінің жоғары болуымен қатар, мәдениетіміздің озық үлгілерін өзгеге паш етуіміз қажет. Осы орайда, жетісулық өнер иелері өз тарапынан өнердің алтын кенішінің бір парасын елге ұсынбақ ниетте жастарды киелі сахнаның төрінен көрінуге шақырған-ды.
Фестивальге ұзын саны 19 өрен қатысты. Өнерлілер додасын Мұқан Төлебаев атындағы халық аспаптар оркестірі ашып берді. Сондай-ақ жас дарындарды өнер көрсету кезінде оркестор сүйемелдеп отырса, Әли Алпысбаев, Медет Есбергенов, Ерболат Еркенов сынды музыка әлемінің майталмандары дерижор болды.
Алматы облысы мәдениет және архивтер басқармасы басшысының орынбасары Әлия Жақыпбекова сөз алып, бәйгеге келген оғландарға өз кезегінде сәттілік тіледі. Артынша, Өзбекстан Республикасының музыканты Насипа Садыковаға қазақтың салты бойынша иығына шапан жауып, сый-құрмет көрсетті.
Кіл жүйріктер жиналған жарыста «сен тұр, мен атайын» деген үздіктер төбе көрсетті. Бірінен бірі өтеді. Бір ай көлемінде оркестормен бірге дайындалған жастар дүбірлі додада барын салды. Қатысушылар домбыра, қобыз, қыл қобыз, баян, прима қобыз, дутар прима және де ұрмалы аспаптарда әртүрлі елдің шығармаларын орындады.
Сайыс қорытындысы бойынша, домбырада ойнаған Заңғар Әкімбеков, Назира Серікбек жүлделі 3 орынды иеленсе, Талшын Өмірзақ, Расул Әміржан, Алмат Балтабеков 2 орынды місе тұтса, 1 орынды Нұрғиса Нұранбек мен Батырхан Ерсінұлы, Арсен Тұрсын өзара бөлісті.
Ал, қобыз және қыл қобызда ойнаған жеткіншектер Зарина Ермұханбет, Ботагөз Сапарова 3 орынды қанжығаларына байласа, тиісінше 2 орын Расим Дүйсебековке бұйырды. Жеңіс тұғырынан прима қобыздың құлағында ойнаған Назерке Альмирекова көрінді. Қыл қобызбен шығарманы нақышына келтіріп орындаған Ерасыл Төреханов 1 орынға ие болды.
Бала тұрмақ ересек адамдарғада салмақ салатын баянның тілін тапқан Аңсар Джаныкулов 3 орынға тұрақтаса, 2 орын Мажит Шакировтың еншісінде кетсе, 1 орынды Рашид Сагадиев алды.
Ташкенттен келген Хосиятхон Хамиджонова мен Самандар Исматуллаев өздерінің ұлттық аспабы «Дутар прима» да Әли Алпысбаев пен Дж.финаның шығармаларын орындап жеңістің жалауын желбіретті.
Ал, ұрмалы аспаптан Бекзат Таубалды 1 орынға ие болды. Балғындарды тұлпарша жаратқан ұстаздарға ұйымдастырушылардың атынан арнайы диплом табысталды.
Тұңғыш рет ұйымдастырылған фестиваль ұлттық өнердің өркендеуіне жол ашып, қадірін арттыруға ықпал еткен тың жоба болды. Жеті өзені тоғысқан өлкенің жастарының бойында жетпіс өнердің болуы заңдылық екенін бұл сайыс дәлелдеді. Сәйгүліктер сәйкесінше сырнайлатып, саздың үнін шарықтатты.
Анар Сабырова.