ЖЫЛАУМЕН ӨТКЕН ТҮНДЕР, ІЗДЕНГЕН КҮНДЕР…
Тағдыр
Жақында ғана Байсерке ауылдық округінің әкімі Тілеукен Отыншықызы Көпбаевамен бір кездескенімізде:
— Білесіз бе, Қоянқұс ауылынан өз өмірін кинода сомдаған актриса шықты, тіптен оның есімі Ел Президентіне дейін белгілі болды, -деді қуанышын жасыра алмай. Көзіміз қарақты болған соң әлеуметтік желілер арқылы режиссер Шәрипа Оразбаеваның «Мәриям» атты көркем фильмінің «Gintsti deI Presente Локарно» кино фестивалінде басты жүлделі орынды алғанын естігенбіз. Алайда, басты рөлді сомдаған актрисаның дәл біздің ауданның тұрғыны екендігін білмептік. Жағымды жаңалықты ести сала мекен-жайды анықтап алдық та, Қоянқұсқа қарай асықтық.
Жатақхана сияқты ұзыннан ұзақ салынған үйдің алдынан режиссер Шәрипа Оразбаеваның «Мәриям» фильмінде өз өмірін өзі сомдаған, сол арқылы бүкіл әлемге есімі аян болған қарапайым әйел Меруерт Саббусинова күтіп алып, бөлмесіне кіруді өтінді. Алдында шағын дәлізі бар, қуықтай ғана бір бөлме. Тар болса да, тап-таза, басы артық дүние жоқ. Бес адамның басындағы жалдамалы баспананың түрі осы. Тұрмысы тым жұпыны болса да, Меруерттің ішкі рухының биік, шыдамының мықты, қайсарлы екендігі байқаған адамға бірден білінеді. Қойылған бір-екі сұрақтан соң көзінің жасын мөлтілдете отырып, өмірін, басынан өткізген қиыншылықтарын, жылаумен өткен түндер мен іздеумен өткен күндері жайлы сыр шертті.
Ақсу ауданы, Ащыбұлақ ауылында көпбалалы отбасында оныншы болып дүниеге келген Меруерт өмірін байланыс саласына арнаған. Әкесі Әбіш пен сауыншы анасы Шәрбанудың және өзінен үлкен әпке-ағаларының қамқорлығына бөленіп өсті. 12 балалы бұл отбасында алдымен әкені, ананы сыйлау, бір-біріне деген қамқорлық, өзара сыйластық, ұлттық салт-дәстүрге деген құрмет басты орында тұрды. Балалардың барлығы кішкентай күнінен бастап, су тасу, отын жару, есіктің алдындағы бау-бақшаны күтіп, баптау сияқты жұмыстарды атқарып, ата-анасына қолғабыс жасап өсті. Олардың әрқайсысы қанағат дегеннің не екендігін білетін. Барлық бауырлары сияқты Меруерт те барды қанағат тұтып, жоқты іздемеді. Әпкелерінен қалған киімдерді киіп бойжетті. Аудан орталығы саналатын Қапал қаласына барып, лимонад пен балмұздаққа тойып келуді іштей армандаса да, оған жағдайларының келмейтіндігін түсінетін.
Ата-анасының жағдайы болмаған соң мектеп бітірген соң Алматы қаласына келіп, 17 жасында еңбек жолын бастады. Асханаларда, дәмханаларда аспазшы болып жұмыс істеді. 8 жылдан соң болашақ жары Бақтыбайға тұрмысқа шықты. Тағдыр дегенді қойсаңшы, сол Бақтыбаймен бір ауылда өсті. Бала кезінде талай рет бірге ойнағандары бар. Бірақ, онымен отбасын құрамын-ау деген ой миына келмепті. Алайда, құдайдың ісі ме, кім білсін, Меруерт 5-6 жасқа толғанда Бақтыбайдың үлкен әжесі Тұрсынай әкесі Әбішке келіп: -Сенің бала-шағаң көп қой. Маған әрі рулас туыс болып келесің, осы қызыңды маған бер, — деп өтініш жасаған екен. Әкесі қарсы болып Меруертті бермепті. Кейін Меруерт бойжеткенде жаңағы Тұрсынай апа «Сені асырап алайын деген ойым болған, бірақ, әкең бермеді. Енді маған келін бол, балам Бақтыбайға тұрмысқа бірақ шық», — деп бірнеше мәрте айтыпты.
Сонда оған аса мән бермей: «Қойыңызшы апа, Бақтыбай менен 6 жас үлкен, оған қалай тұрмысқа шығамын», — деп жүре жауап беріп, аяғын әзілге айналдыратын. Адамның айтқаны емес, Алланы қалауы болады деген рас шығар, ақыры оның тағдыры Бақтыбаймен қосылды. Тұрсынай апасы көзі жұмылғанша Меруертті «келін», — деп емес қызындай көріп, алақанына салып аялап өтті.
Бақтыбаймен бақытты өмір сүрді. Екеуі де еңбекқор болды. Қалада тұрудың еш мәнісін таппай туған ауылдарына келіп, кез-келген жұмыстан тартынбай еңбек етті. Жерлестерінің жекеменшік малын бақты. Мал бағып тәжірибе жинаған соң кәсіпкер Қайрат Сарқытовтың мүйізді ірі қарасы мен жылқысын бақты. Қысы-жазы Егінсу елді мекеніне жақын орналасқан Жанаш ауылының жанындағы фермасында тұрып, мал бағып, бие, сиыр сауып еңбектің көрігін қыздырды. Меруерт 40 сиыр, 15 биені жалғыз сауып, май шайқап, құрт жасап, ірімшік қайнатып жұбайының бір жағына шығысты. Жасаған өнімін мал иесі Қайратқа беріп, өздеріне тиесілі өнімді базарға апарып сатып отбасының табысын ұлғайта білді. Дүниеге үш ұлы, бір қыз келді. Тұңғыш ұлдары Аманжол мектепке баруға жарағанда Бақтыбай екеуі ақылдаса келе Меруерттің балаларды алып Талдықорған қаласына жақын жерге көшкені жөн деген ортақ шешімге келді. Бақтыбай 5-6 жыл мал бағып, қор жинап, баспана сатып алу мақсатында Жанашта қала берді де, Меруерт Талдықорған маңында Ащыбұлақ саяжайында тұратын әпкесінің жанына көшіп келді. Бақтыбай қолы қалт еткенде екі-үш күн аралатып, балаларымен қауышып, отбасының амандығын біліпкетіп жүрді. Меруерт те жолдасының асын дайындап, үйді тазалау үшін мал фермасына жиі қатынайтын. Осылай өмір жалғаса берді. Бақытты екі жұп балаларының болашағы үшін барлық жағдайды жасайтындықтарын жиі ақылдасып, оларды білімді, саналы, еңбекқор азамат етіп өсіруді армандайтын. Жасынан оларды әр түрлі үйірмелерге беріп, ой-өрісінің жан-жақты болуына көңіл бөлетін. Бірақ, Құдайдың ісіне не шара, ол арманына Бақтыбай жете алмады. Айналасы аз ғана уақытта оның шаңырағы құлазып, балалары жәутеңдеп, жары Меруерттің көңілін қайғы басып, жүрегі жараланды.
2016 жылдың 22 қазанында Бақтыбай әдеттегідей үйіне келіп, балаларын ойнатып, мәз болып ертесінде фермаға аттанады. Бір күннен соң, яғни 24 қазанда өзінің ата-анасының үйіне барып онда үш күн қонады. 27 қазанда фермаға келіп, жұмыстың жайы туралы Меруертке телефон соғады. Сонда кешке болатын туыстарының тойына бажасы Аймұхаметтің баратындығын, өзінің малда қалатындығын айтады. Сол кезде Меруертпен соңғы сөйлесіп тұрғандығын екеуі де білмеген еді. Бар бәле Аймұхаметті жолға дейін атпен жеткізіп салудан басталған сияқты. Аймұхамет екеуінің кешке қарай кетіп бара жатқандығын көрші баздағы Әмірхан атты малшы көріпті. Бар болған-біткені осы. Содан Бақтыбай ұшты-күйлі жоғалды. 27 қазан күні кешке жақыннан бастап Меруерттен маза кетті. Жолдасы да, жездесі де телефон көтермейді. Қайта қайта «байланыс аясынан тыс жерде» деген хабарламадан басқа ештеңе жоқ. Меруерт 28 қазанда бүкіл Жанаш ауылын аяғынан тік тұрғызды. Екеуін іздемеген жерлері жоқ. 1 қараша күні қалың қамыстың ішінен Аймұхаметтің денесі табылды. Денесінде біреулердің ұрып-соққандығын білдіретін ешбір белгі болмады. Арнайы медициналық сараптама «Жүрегі қорыққаннан жарылған», — деген қорытынды шығарды.Бір қызығы бұл араны іздеуші отряд түгел тінтіп кеткен еді. Артынан сол жерге біреу жаңадан әкеліп тастаған сияқты бір жерінде жарақат жоқ. Әдетте далада 2-3 күн жатып қалса мәйіт бұзылмай ма? Меруерт бұл жұмбақтың сырын әлі біле алмай жүр. Ал, Бақтыбайдан осы күнге дейін бір дерек жоқ. Не өлі денесі табылмады.
Төрт баламен қалған Меруерттен сол күннен бастап маза кетті. Күйеуін іздеп Жанаш маңындағы бармаған жері, араламаған елді мекені қалмады. Жылаумен өткен түндер, іздеумен өткен күндер бір-біріне жалғасып, уақыт өтіп жатты. Ешбір дерек болмады. Ол қайғысы аз болғандай Бақтыбайдың туыстары оның жоғалғанын Меруерттен көріп, мазасын алды. Алғашқы кезде терең қайғыға кетіп, еш нәрсе істеуге құлқы болмай күйзеліске түсті. Көңілі құлазып, еңсесі түсті. Балаларды әпкесіне тапсырып, үйді жауып алып жиі-жиі бас көтермей жатып қалатынды шығарды. Енесіндей болған Гүлбарам апай күнде келіп, ақылын айтып, оны сабырға шықырып отырды. Одан түк шықпаған соң бір күні келіп, айғай салып: «Не деген сұмдық! Өзіңді ойламасаң да балаларыңның болашағына алаңдасаңшы. Оларды өсіріп-жеткізуің керек. Кімге сенесің. Намыс қайда? Көтер басыңды!» — деп қатты ұрысты. Жақсы көретін көрші апайының сөзі жанына соққы болып тиіп, намысын қайраты, жігерін шыңдады. Көп ұзамай әпкелері мен бауырларын сағалап Алматы маңына көшіп келді. Қоянқұс ауылынан пәтер жалдап, саудамен де айналысты. Сауда қолынан келмеген соң екі-үш жерде жұмыс істеп балаларына бар жағдайды жасады. Арасында Бақтыбайды іздеуді де тоқтатпады. Асыраушысы жоқ деген құжатты алу үшін бармаған тесігі, қақпаған есігі қалмады. Әбден шаршаған соң журналист Бейсембек Құрамбектің «Қарекет» бағдарламасының қызметкері Мақсат Ержанұлына хабарласып, өзіне қорғаушы тауып беруін өтінді. Осылайша 2018 жылдың күз айында аталмыш бағдарламаға қатысып, басынан өткен жайтты айтып, қорғаушы көмегіне зәру екендігін хабарлады. Соның нәтижесінде тиісті құжатқа да қол жеткізді. Көп ұзамай оған режиссер Шәрипа Оразбаева хабарласып Меруерт туралы фильм түсіретіндігін айтып, кездесуге шақырды. Киноның сценариі де дайын екен. Тіптен басты рольді сомдайтын актриса да табылыпты. Алайда, кездесу барысында Шәрипа Меруерттен басты рольді өзінің ойнауын өтінді. Меруерт көп ойланып, қорқа-қорқа келісімін берді. Камера алдында сасып қаламын ба деген қорқынышын жасырмады да. Сонымен не керек, 2019 жылдың ақпан айында небәрі 5 күннің ішінде кино түсіріліп бітті. Осы кинода ол әуре-сарсаңға, қайғы-мұңға, үміт пен күдікке толы Бақтыбайды іздеумен өткен өмірін қайта басынан өткізіп, тағдырдың сыйын қайсарлықпен, өрлікпен, тайсалмай қабылдады. Өзінің ішкі толғанысын, уайымын, мұңын дәл бере алды.
Өткен жылы осы көркем фильм Локарно кинофестивалінде жүлделі орынды жеңіп алып, артынан Меруерт Швейцарияға шақырылды.
— Шәрипа телефон соғып осылайша шетелге барасың, — дегенде таң қалдым, — дейді бізбен әңгімесінде Меруерт.
— Шетелге баруды ойлауға менің уақытым бар ма? Қайтсем де балаларымды жеткіземін, өзім бір кезде жей алмаған балмұздаққа, басқа да тәтті-дәмдіге оларды тойдырамын деп жанұшыра жұмыс істеп жүрген маған шетел туралы ойым тұрмақ, түсіме де кірмейді. Оған баратын шетелдік төлқұжатымның, қаражатымның жоқтығын айтқанда Шәрипа бар қаражатты продюсер Анна Качко екеуінің өз мойындарына алатындығына кепіл берді. Сонымен не керек, 4 күн Швейцарияда, 2 күн Миланда болып, қызыл жолақпен жүріп өту бақытына ие болдым. Олардың тұрмыс-тіршілігімен, салт-дәстүрімен таныстым. Одан алған әсерін тіптен айтып жеткізе алмайды.
Ақпан айының дәл ортасында Шәрипа Оразбаеваның «Мәриям» фильмі Францияның Везуле қаласында өткен кинофестивальда бас жүлдені жеңіп алды. Бұл да жалпы еліміз үшін үлкен мақтаныш болса, Шәрипа үшін зор қуаныш.
Бүгінде Меруерт Саббусинова төрт баласымен шағын ғана бөлмеде тұрып жатыр. Бәз біреулер сияқты «Маған әлеуметтік жәрдем жаса», — деп аттандап, шу шығармай құдайдың берерін қанағат тұтып, балаларының амандығын ойлап тыныш өмір сүруде. Әлдекімдер сияқты, «киноға түсіп, жұлдыз болдым», — деп кеудесін көтеріп кеткен жоқ. Сол қарапайым, биязы қалпы. Бір бойынан имандылық та, ибалық та, ерік-жігер мен табандылық та табылады. Рухы биік, қайсар жан. Алатын жалақысы бар болғаны 60 мың теңге. Өкіметтің төрт баласына беретін 42 мың жәрдемақысы бар. Байсерке ауылдық округінің әкімі Тілеукен Отыншықызы, №47 мектептің директоры Раушан Сапарқызы, ауыл мешіті шамалары келгенше көмектесіп тұрады. Оған да шүкіршілік. Жалпы Меруерттің табиғатына біреуге алақан жайып, көмек сұрау жат нәрсе. Не болса да барлығын өзі шешуге тырысады. Балаларын да өз бетінше өмір сүруге, адал болуға тәрбиелеуде. Сол үшін бар жағдайды жасауға күш салып жүр. Ұлдары Аманжолдың, Дамирдің, Нұрисламның әкесі «жарық жұлдызым», — деп еркелеткен қызы Айжүректің білімді, ақылды, жан-жақты азамат болып өсуін армандайды. Бүгінде кенже ұлы Нұрисламның 4 жасқа толса да сөйлей алмайтындығы жанына батады. Баласын емдетіп, жанұшырып жүр. Жұбайының осы уақытқа дейін табылмағандығы жанын бір ауыртса, Нұрисламның да денсаулығы өзіне маза берер емес. Алайда оған Меруерт оңайлықпен берілмейді. Оның сағын ешкім де, ешнәрсе де сындырмайды. Жылаумен өткен түндер мен, іздеумен кеткен күндерден соң әманда жарқырайтын күн шығады. Кім білсін, мүмкін болашақта қарапайым ауыл әйелі әлемге танымал мықты актриса болып шығар. Қазірдің өзінде оның алғышарттары жасалды. Тек, бәрін сәтінен берсін! Біз соған сенейік.
Р. АЙДАРБЕКОВА