Жарайсың, Нәзима!
«Білім – инемен құдық қазғанмен тең» демекші, аудан орталығынан шалғайда жатқан Ақши ауылынан жас ғалым шықты. Күрті жері тағы да өзінің қойнауынан талантты талдырмаш қызды түлетіп отыр. Жастайынан білімге құштар, ізденгіш және жаңашыл қазақтың қайсар қызы Н.Юлдашова бірнеше байқаудың жеңімпазы. Атап айтқанда, Халықаралық Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдері арасындағы «ҮЗДІК ЖАС ҒАЛЫМ – 2020» атты I-дәрежелі дипломмен және «ҮЗДІК ЖАС ҒАЛЫМ – 2020» («ТМД ғалымдары») төсбелгісімен марапатталды. Оны округ әкімі Мақсым Асанұлы өзі табыс етті. Жас ғалымдар арасында өткен конференция материалдары жинағына тек Қазақстанның ғана емес, ТМД елдерінің студенттері, магистранттары мен докторанттарының ғылыми мақалалары енгізіліп, арнайы дипломдармен марапатталды.
Нәзима байқауға «Мектепке дейінгі білім: балабақшадағы білім мен оның даму жолдары» деп аталатын ғылыми мақаласын ұсынып, 9-сыныптан осы кезге дейін ғылым саласында жеткен жетістіктерінің нәтижесінде I-дәрежелі дипломмен марапатталды. Жастайынан аудармашы болуды армандаған Нәзима педагогика саласында да өз күшін сынап көріп, мектеп қабырғасында-ақ түрлі ғылыми жарыстарға қатысты. Енді көп ұзамай еңбекқор жас ғалымның адал тері өз жемісін беруде. «Кішкентай кезімде көршінің балаларын жинап алып сабақ беретінмін. Әлі де сол бағытымнан танбадым. Айырмашылығы қазір білімнің нәрін алып, кәдімгідей тағаланып қалдым. Ауыл балалары да маған сенім артып отыр. Карантин уақытында сақтық шараларын сақтай отырып, екі-үш балаға француз, ағылшын тілдерінен дәм татқыздым. Соңымнан ерген жас таланттар көп болсын», — дейді жас ғалым.
Нәзиманы Күрті ауылдық округі әкімі аппараты жастар ісі жөніндегі нұсқаушы Темірғали Серік Темірханұлы да құттықтап, Ақши жастарының әлі талай ғылым шыңдарын бағындыратынына сенім білдірді.
Біздің кейіпкеріміз 2006-2018 оқу жылдарында Ақши ауылындағы Т. Бокин атындағы №41 орта мектебінде білім алған. Қазіргі таңда Жамбыл облысы, Тараз қаласындағы М. Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «Шет тілі: екі шет тілі» мамандығының 2 курс білімгері. Дана халқымыз «Жастықта алған білім – тасқа қашап жазғанмен бірдей», – деген екен. Ендеше, жас болса да бойына біткен талантын ауылға жұмсап жатқан Нәзиманың болашағына үміт артып, «бағың ашылсын» дейміз!
Б. ЧОЙБАСОВ