Аудан жаңалықтарыБасты ақпаратБілім және ғылым

ҚАШЫҚТЫҚТАН ОҚЫТУ — УАҚЫТ ТАЛАБЫ

Қашықтықтан оқыту – оқу процесіне тән барлық компоненттерді көрсететін және Интернет-технологиялардың ерекше құралдарымен немесе интерактивтілікті қарастыратын басқа да құралдармен қашықтықтан іске асырылатын мұғалім мен оқушылардың өзара іс-қимылы.

XVIII ғасырдың соңында Еуропада тұрақты және қол жетімді пошта байланысының пайда болуымен корреспонденттік оқыту пайда болды. Оқушылар поштамен оқу материалдарын алды, педагогтармен хат жазысып, сенімді тұлғаға немесе ғылыми жұмыс түрінде емтихан тапсырды. Радио мен теледидардың пайда болуы қашықтықтан оқыту әдістеріне өзгерістер енгізді. Бұл айтарлықтай серпіліс болды. Оқу аудиториясы жүздеген есе өсті. Көптеген адамдар әлі күнге дейін 50-ші жылдардан бері келе жатқан оқыту телехабарларын есте сақтайды. Оқушының кері байланыс алу мүмкіндігі болмауы – теледидар мен радиодан білім алудың айтарлықтай кемшілігі болды.

Ғаламды жайлаған індеттің одан әрі таралмауы үшін еліміздегі барлық деңгейдегі білім беру ұйымдары өткен оқу жылының ІV тоқсанында қашықтықтан оқуды бастаған болатын. Қиындығы мен қызығы қатар жүрген оқытудың бұл түріне педагогтар мен оқушылар ғана емес, ата-аналар да дайын емес-тін. Десе де, ауыртпалықты бірге еңсере отырып, оқу жылын табысты аяқтай білдік.

Денсаулық – бәрінен маңызды екенін ескерсек, әлемдік пандемия жағдайында қауіпсіздік жағын барынша тиімді түрде қарастырған жөн. Осыған орай, биылғы жаңа оқу жылының І тоқсанында да шағын жинақталған мектептерді қоспағанда 1-11 сыныптардың оқушылары қашықтықтан білім алуды жалғастыратын болады. Қажет болған жағдайда бастауыш сынып оқушылары ата-аналарының жазбаша өтініші бойынша санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып, «кезекші» сыныптардың қызметін қамтамасыз ету ұсынылды. Яғни, сыныпта бала көп болған жағдайда оларды кіші топтарға біріктіру арқылы оқыту жүргізілетін болады. Бұл ретте олардың сабаққа келуі мен үзілістерге шығу уақыты әр түрлі болмақ. Барлық санитарлық талаптарға сай жұмыс жүргізілетін болады. Оның ішінде бала таңертең сабаққа келгенде оның дене қызуын өлшеу, зарарсыздандыру жұмыстарын жүргізу, сыныптарды бірнеше ауысымға бөлу мәселесі қарастырылмақ. Осы орайда айта кететін бір мәселе – әрбір оқу жылы жақындаған сайын айтылатын – оқушылардың мектеп формасы мәселесі. Министрлік мектеп формасын киюді міндеттемейді. Бұл туралы арнайы нормативтік құжаттарға өзгертулер енгізілді. Оқыту штаттық режимге көшкен жағдайда да іскерлік киім үлгісімен мектепке баруға болады. Бұл экономикалық жағынан тиімді шешім екені рас.

Сонымен қатар, қашықтықтан оқытуға байланысты оқушылар мен мұғалімдер үшін арнайы тариф жоспары енгізілетін болады. Бұл балалар мен мұғалімдер арасында тегін хабарласуға мүмкіндік береді және әлеуметтік тұрғыда үлкен көмек екені даусыз. Арнайы тариф енгізу туралы қазіргі уақытта ұялы байланыс операторларымен келіссөз жүргізілуде.

Келешекте мектеп мұғалімдері мен оқушыларына қашықтықта білім беру мен білім алуы үшін қажеттілігіне қарай қосымша 20914 дана ноутбукке бюджеттік өтінім облыстық білім Басқармасына жолданды.

2020-2021 оқу жылына 0-11 сыныптар оқулықтарына 455 млн. 272 мың тенгенің бөлінуіне тапсырыс берілді. Қазіргі уақытта 9 кітап шығаратын баспалармен келісім шарт жасалуда. Ауданның барлық мектептерінде және 9 мемлекеттік балабақшаларда бейнебақылау қойылуда.

Робототехниканың барлық құралдарымен жабдықталған ІТ-сыныптар №24 лицейде, №20 орта мектепте, №26 орта мектепте, №36 орта мектепте, №40 орта мектепте, №13 орта мектепте, №47 орта мектепте жұмыс жасайды. 2020 жылдың тамыз айында №28, №42, 48 орта мектептерде ІТ-сыныптар ашу жоспарланған.

Ауданның барлық 48 мектебі ғаламторға қосылған. Оның ішінде 40 мектеп Онлайн тәртібінде облыс, республика деңгейіндегі сабақтар мен семинарларға қатысуға мүмкіндігі бар.

39 мектепте мұғалімдер мен оқушылар «BіlimLand» сандық білім беру ресурстарын ақысыз пайдаланады.

Ауданның барлық мектептері «Kundelik.kz» жүйесіне тіркелген.

Аудан бойынша жаңартылған білім беру мазмұнына Назарбаев мектептерінің тәжірибесімен 1, 2, 3, 5, 6, 7, 8 сыныптар өтіп үлгерді (38630 оқушы).

Жаңартылған білім мазмұны бойынша 81% оқушылар қамтылды. Жаңартылған білім беру мазмұны бойынша ауданда 798 бастауыш сынып мұғалімдері білім жетілдіру курсынан өтті, сертификаттары бар, олар аудан бойынша 1, 2, 3, 4 сынып оқушыларын толық қамтыды.

Жалпы, жаңартылған білім беру бағдарламасының білім жетілдіру курсынан өткен мұғалімдер саны 3480, ол аудан бойынша жұмыс істейтін мұғалімдердің 80,5% қамтиды. Сонымен қатар, 9 айлық әкімшілік басқару курсын НЗМ базасында 23 директор және 4 директордың ӘІЖО өтті.

Л. КАТКЕЕВА,
Іле аудандық білім беру бөлімінің
бастығы

Басқа жаңалықтар

Back to top button