САҚТЫҚ ШАРАСЫ: АУЫРМАЙТЫН ЖОЛ ІЗДЕ
Елімізде коронавирус және пневмониядан қайтыс болғандар саны азайғанмен қауіптің беті қайтқан жоқ. Соңғы 2020 жылдың 8-тамызындағы «coronavirus2020.kz» сайтының мәлеметіне сәйкес 7 адам коронавирустан және оның белгілері бар пневмониядан көз жұмған. Ал біздің ауданда жағдай қалыпты. 2020 жылы 26 тамыздан бастап осы күнге дейін ауданда жұқпалы індетке шалдыққан адамдардың жаңадан тіркелген жағдайлары болған жоқ. 1 тамыздан бастап бүгінгі күнге дейін емделіп шыққандар артуда. Атап айтқанда, 8 қырқүйекке дейінгі мәлімет бойынша 2 адам коронарвирус жұқпасымен инфекциялық стационарда емделуде.
Бірақ күз айында тұмаудың өршуіне байланысты «COVID-19» және пневмониямен ауыратын адамдар санының көбейюі мүмкін, сол себептен карантин режимінің екінші толқынының басталып кету қауіпінің бар екенін мамандар жоққа шығармай тұрғындарға ескерту жасап, дабыл қағуда.
Осы орайда аудан әкімінің орынбасары Серікжан Ибраев аудан көлеміндегі дәріханалардың басшыларын екінші толқынға дайын болуға шақырды. Ол дәріханаларды аралап, қажетті дәрі-дәрмектің қорымен танысты. Дәріханалар басшыларына дәрі-дәрмек тапшылығының алдын алып, қоймаларын барынша толтырып алуына кеңес беріп, аудан әкімдігі тарапынан дайындық бойынша тиісті ұсыныстарды қабылдайтынын жеткізді. Сонымен қатар, мемлекеттік мекемелер мен жеке кәсіптік нысандар, банкоматтар, асханалар, пошта төңірегінде арақашықтық сақтап, қатаң санитариялық дезинфекциялық режимді сақтауға шақырады.
Айта кетейік, қазіргі уақытта аудандық орталық ауруханада провизорлық стационарда 25 науқас пневмониямен емделіп жатса, амбулаториялық жағдайда 4 науқас дәрігерлер қадағалауында.
Олардың арасында жасөспірімдер жоқ. Ауыр жағдайда және өте ауыр жағдайда пневмониямен ауырған науқас тіркелмеген.
Сонымен қатар, Республика бойынша тұмауға қарсы вакцинация келесі аптада, яғни 15 қыркүйектен басталатын болады. Бұл «COVID-19» және пневмонияның өршуінің алдын алуға үлкен септігін тигізеді дейді мамандар.
Б. ЧОЙБАСОВ