Іле таңы қоғамдық -саяси газетінің жаңалық порталы
Басты бет
Басты бет
ru kz
Іле аудандық қоғамдық – саяси апталық
Басты бетЖаңалықОбществоАЛЫПТАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТУ ПАРЫЗЫМЫЗ
12 Мамыр 2018

АЛЫПТАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТУ ПАРЫЗЫМЫЗ

Аудан әкімінің тікелей қолдауымен М. Мақатаев атындағы №13 орта мектеп күрделі жөндеуден өтсе, биыл Елбасы Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында және «Туған жер» бағдарламасын іске асыру мақсатында мектеп ауласына Қыдыркелді Өміржанұлының бастамасымен ескерткіш орнатылды.

Осыған орай аудан орталығындағы ақынның атындағы мектептің ауласында, баршаны жиған «Халқы барда, Мұқағали мәңгі тірі…» атты шара ақиық ақын М.Мақатаев ескерткішінің ашылу рәсіміне арналды.

М. Мақатаев атындағы қасиетті қара шаңыраққа еліміздің өсіп-өркендеуіне үлес қосқан зиялы қауым өкілдері, өнер қайраткерлері, ақын-жазушылар, ақынның туып-өскен ауылының және біздің ауданның абыройлы, құрметті азаматтары, ардагер ұстаздар және бүгінде әр саланың дамуына еңбек етіп жүрген өз ісінің мамандары келді.

Іле ауданының әкімі Қыдыркелді Өміржанұлы Медеуов, халық ақыны, сазгер Кенен Әзірбаевтың қызы, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Іле ауданының «Құрметті азаматы» Төрткен Кененқызы, ақиық ақынның ұлы Жұлдыз Мақатаев, Нарынқол ауданы, Қарасаз ауылындағы «Мұқағали» мұражайының директоры Дастан Манкеев ескерткішті салтанатты түрде ашты.

Ескерткіштің ашылу рәсімінен кейін Тәуелсіздік шежіресіне арналған «Даңқ» ерлік бөлмесіне саяхат жасалды.

Келген қонақтар «Мәңгілік Ел – ұлттық құндылықтарымыз», «Астанаға – 20 жыл» атты көрмелерді тамашалады. Мектеп оқушылары «Мұқағали» мұражайын таныстырып, бастауыш сынып оқушылары өлең-шумақтарын оқыды. Жиналған жұрт Мұқағали атамыздың жырымен сусындап қайтты. Іс-шараның соңында Мұқағали рухына арнап ас берді.

Іле ауданының орталығы болып табылатын, 55 жылдық тарихы бар Өтеген батыр кентін көпұлтты аймақ деп айтуға болады. Алдыңғы толқын ағалар – ұлттар арасындағы бірегейлікті сақтай отырып, ұлттық мәдениетті дамыту барысында ұрпаққа сабақ болатын осындай өнегелі істерді атқаруда.

Осындай игі істер атқарылған күннің екінші жартысында аудан әкімі Қ. Медеуов бастаған зиялы қауым өкілдері негізі жаңадан құрылып жатқан Алматы–Қапшағай тас жолының бойындағы Өтеген батыр Өтеғұлұлының атындағы саябақтың дәл ортасында батырдың ескерткішінің алғашқы тасын қалау іс-шарасына қатысты. Саябақта батырдың құрметіне арналып құран оқылып, құрбандық шалынды. 500-ге жуық ағаштар отырғызылып, абаттандырылу жұмыстары жүргізілді. Келешекте Өтеген батыр кентіндегі кіре берісте Ойраттардың ойранын шығарған хас батырымыз Өтеген Өтеғұлұлының тас мүсіні аудан қонақтарын қасқайып қарсы алып тұратын болады.

 

 

Автор: Бағдат ЧОЙБАСОВ