Новостной портал общественно-политического еженедельника "Иле-Таны"
Главная
Главная
ru kz
Илийский районный общественно-политический еженедельник
ГлавнаяНовостиРухани ЖаңғыруБІЛІМ ЖОЛЫ – НҰРЛЫ ЖОЛ
7 Сентября 2018

БІЛІМ ЖОЛЫ – НҰРЛЫ ЖОЛ

Білім күні – жарық мереке, кітап мерекесі, гүлдер, достар мерекесі. Мектепке келіп, жақсы білім алу – оқушының ең басты міндеті. Дәстүр бойынша ауданымыздың білім ордаларында салтанатты жиындар өткізілді. Соның бірі М. Мақатаев атындағы №13 орта мектебінде «Білімді ұрпақ – Мәңгілік ел болашағы» атты алғашқы қоңырау салтанатты шарасы өтті. Жазғы демалыстан кейін балалар қайта мектеп ауласына жиналды. Сыныптастарымен, сынып жетекшілерімен, ұстаздарымен кездескендеріне мәз болысты.

Мектеп табалдырығын енді аттаған 1 сынып оқушылары ұстаздарымен ортаға шеруге шығып, жиналғандардың көзайымына айналды. Биыл патриоттық тәрбиені қалыптастыру мақсатында мектепте «Жас полиция» кадет сыныбы ашылып, шәкірттер үшін зор қуаныш, үлкен мақтаныш болды. Кадет сыныбының әскери жетекшісі, алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі капитан Еркін Сайымбетов болды.

Бұдан кейін Мұқағали Мақатаев ескерткішіне гүл қою рәсімі басталды. Шараға Алматы облыстық жергілікті полиция қызметкерлерінің бастығы, полиция полковнигі Марат Күштібаев, Іле аудандық Ішкі істер бөлімінің жергілікті полиция қызметкерлерінің бастығы, полиция полковнигі Ербол Кинеев, Энергетический ауылдық округінің әкімі Садыр Закиржанов қатысты. Тамыз пед кеңесінің шешімімен барлық ұжым мүшелерінің қолдауымен мектептің директоры, ауданымыздың «Құрметті Азаматы» Ғалия Надирбекқызына «Мектептің құрметті директоры» атағы берілді. Салтанатты жиын кадет сыныбының орындауында «Атамекен» әнімен аяқталды.

Білім күні – ерекше, жарқын, көңілді және ізгі мереке. Жылдың осы күнінен бастап әрқайсымызда білім әлеміне деген күрделі, бірақ сонымен қатар, қызықты жолымыз басталады. Күздің алғашқы жаңа білімдер игеру күнінде, барлық ұстаздар және олардың оқытушыларына жемісті еңбек және өзара сыйластық тілейміз. Оқытушыларға – жаңа шыңдарды бағындыру жолында сенімділік, қайраттылық және жігерлілік, шыдамдылық, ақылдылық және шығармашылық құлшыныс тілейміз!

Автор: Айжан Сатымхан