Новостной портал общественно-политического еженедельника "Иле-Таны"
Главная
Главная
ru kz
Илийский районный общественно-политический еженедельник
13 Марта 2019

ЖАҢАРУ МЕН ЖАҚСАРУ

Елбасы Н. Назарбаевтың Жолдауы жылдағыдан өзгеше. Елбасы Жолдауды оқып, оны түсіндіріп қана қоймай бұған дейінгі атқарылған жұмыстарды, берілген тапсырмалардың қалай орындалып жатқанын министрлерден бастап әкімдерге дейін тік тұрғызып, бүге-шігесіне дейін сұрады.

Ұстаздардың мәртебесін арттыру туралы Заң қабылданады. Демек енді ұстаздар қауымына деген көзқарас өзгереді. Шыны керек, көпшілігімізге мұғалім тақырыбының әйтеуір бір қатысы бар. Біреуіміздің әкеміз, енді біреуміздің алыс туысымыз мұғалім деген секілді. Елбасы – 2019 жылы «Мұғалімдер туралы» арнайы заң қабылдайтынын айтты. Сосын, барлық мектеп НИШ стиліне көше бастайды. Әлбетте, саны көп, сапасы нашарлау біраз мұғалім бұл кезде жұмыстан айырылады. Бірақ, үздік мұғалімдердің айлығы көтеріледі. Олар «қолбала» тірліктен құтылып тек бар күш-жігерлерін ұрпақ тәрбиелеуге арнайды. Қуанарлық жағдай. Сондай ақ, дәрігерлердің жалақысын көтеру жөніндегі айтылған пікір де өте орынды. Полиция мен сот қызметін жетілдіру қажет. Бірінші кезекте адам қауіпсіздігін қамтамасыз ету деп сіз бен біздің ұйқымыз тыныш болуын да баса айтты. Жолдауда ауыл да ұмыт қалмады. Елбасы «Ауылдық жерлердің әлеуметтік ортасын жаңғыртуға да кірісуіміз қажет» – деді. Бұйырса енді «Ауыл – ел бесігі» атты жоба жүзеге асады. Тағы бір жаңалық Елбасы келесі жылды «Жастар жылы» деп жариялауды ұсынды. Бұл біз үшін аса қуантарлық жаңалық. Сонымен қатар елдегі университеттер жайлы айтылған сөздері де көпшіліктің көңілінен шықты. Елімізде 150-ге жуық университет бар. Ал, ірі қалалардың саны 17 екенін ескерсек, мұнда университет ірі қалаларда ғана емес, аудан орталықтарында да көп ашылып кеткенін білдірмей ме? Әсіресе Президенттің «ЖОО табыстылығының басты талабы – диплом алған студенттердің жұмыспен қамтылуы, олардың айлығы жоғары жұмысқа орналасуы болмақ» деген сөздері ой салары сөзсіз. Бұл тек университет түлектерінің проблемасы емес, әр саладағы қызмет сапасы, оның дұрыс дамуының мәселесі. Қолдаудың ең жақсысы – қаржылық. Жемқорлықпен күрес туралы айтылды. Жемқорлықты күреспен жеңу мүмкін емес, өйткені жемқорлар күрес әдістерін жетік меңгерген. Сондықтан киберкүрес керек. Бізде көп жерлерде электронды болса да, бәрібір қағаз көшірмесін мөрімен сұрайтын мекемелер көп. Соларды азайту керек. 7-20-25 ипотека бағдарламасын мүмкін қайтадан қарастыру керек шығар? Сол бағдарламамен алғандар саны неге аз? Минустарын зерттеген жөн болар. Бастапқы жарна аз болғанымен, төлемдерді есептегенде қымбатқа шығатыны анық. Бізде шағын және орта бизнес дамып келеді. Бірақ түрлі салық және төлемдер көп. Бәріне бірдей үлгере алмай немесе естімей жатамыз. Нәтижесінде банк есепшоттарымыз жабылып қалады. Мұндай жағдайларды болдырмас үшін салық комитеті және зейнетақы қорлары амнистия жасаудан бұрын ақпараттандыру жағына да ден қойса деген тілек. Жаһандану – әлемдік интеграцияға бейімделіп, өз мемлекеттілігіміздің тұғырын биік ұстанып, инновациялық технологиялар алып келетін өзгерістердің бәріне дайын болуымызға үлкен нұсқау беріліп отыр. Бұл міндеттердің орындалуы Қазақстан мемлекеті саясатының іргелі қағидаты болған  ұлтаралық келісімді және саяси тұрақтылықты сақтау құндылықтарымен тығыз байланысты. Қазақстан халқы бұл міндеттердің табысты жүзеге асырылып және оның нәтижесі жоғары болатынына нық сенімді. «Отанымыздың көркеюі әркімнің жаңа «цифрлық дәуір» талаптарына сай болуына байланысты», деді Елбасы өз сөзінде. Бұл дегеніміз, даму талаптарына сай қызмет етудің жаңа үлгілерін қарқынмен үйреніп, іске асыруды меңзеп тұрған тапсырма деп білеміз.

Ел игілігі үшін атқарылып жатқан игі шараларға қолдау көрсету – барша азаматтың парызы.

 

     

Автор: Айнагүл СУЛТАНОВА