Новостной портал общественно-политического еженедельника "Иле-Таны"
Главная
Главная
ru kz
Илийский районный общественно-политический еженедельник
ГлавнаяНовостиРухани ЖаңғыруЛАТЫН ӘЛІПБИІ – ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕ
16 Марта 2018

ЛАТЫН ӘЛІПБИІ – ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕ

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік тілді латын әліпбиіне көшіру жобасы бойынша соңғы нұсқасын бекітті. Латын әліпбиіне көшу туралы ой-пікірлер 1926-1929 жылдардан бастап бастау алғаны баршамызға тайға таңба басқандай белгілі.

Қазақ тіл білімі тарихында 1929 жылы қазақ жазуы ресми түрде латын әліпбиіне көшкен. Сонымен қатар, 1929-1940 жылдар аралығында латын әліпбиі қолданыста болған еді. Ұлтымыздың басынан үш алфавит жүйесін өткергендігін білеміз. Олар: біріншіден – араб әліпбиі, екінші – латын әліпбиі, үшіншісі – кириллицаға негізделген қазақ әліпбиі.

Латын әліпбиіне көшудегі негізгі ұтымдылық – тіл ауыспай, таңбаның ауысуы. Екіншіден, қарапайым тілмен жеткізсек, сөзді немесе дыбысты қалай естісек, жазылуын да солай жазамыз. Көптеген ғалымдардың пікірін ескеретін болсақ, латын әліпбиіне көшу соншалықты қиындық тудырмайды.

Қазақ жазуын латын әліпбиі негізіне ауыстыру – әбден пісіп жетілген қазақ тілінің дамуына қажетті мәселе. Әліпбиді ауыстыру – мүлде қаражат шықпайтын шаруа емес. Бірақ, шығынды тым асыра бағалау – бекер сөз. Әліпби ауысқанда бұрынғы кітаптарды өртеп жіберу керек деп ешкім айтпайды. Қазіргі жазумен жазылған кітаптар – сол кітаптарды оқи алатын қазақтармен бірге тозып, бірге ескіреді. Құнды кітаптар керек болған жағдайда қайтадан басылады. Әліпбиді ауыстырудың ең маңызды, ең салмақты нәтижелері – жаңа әліпби қазақ жазуының кемшіліктерін жоюға мүмкіндік береді. Тілдің дамуына, қолданысын кеңейтуге күшті әсер етеді, қазақ тіліне айрықша маңыз беріп, қайтадан жаппай оқуға себеп болады.

Елбасы: «Әлемде ешбір ел өзінің жаңа әліпбиін бүкіл халық болып осылайша талқылаған емес. Біз үшін әрбір адамның пікірін білу маңызды. Латын қарпіне көшуге байланысты Президент әкімшілігіне 300-ден астам өтініш келіп түсті. Жастардың бұл үдерісті қолдағаны қуантады», – дегеніндей, латын әліпбиін тек билік өкілдері ғана емес, мектеп оқушыларыда өзара талқыға салуда. М.Мақатаев атындағы №13 мектептің әлемдік көркем мәдениет пәні мұғалімі Баймұхаметова Сәбира Оразалықызы 9 «г» сынып оқушыларымен латын әліпбиіне көшу жөнінде талқылау сабағын өткізді.

«Көз – қорқақ, қол – батыр», – деп дана халқымыз айтқандай, басында сасқалақтаған оқушылар кейіннен үйреніп алып, тақтаға шығуға таласты. Латын әліпбиін жазбаша түрде жазып көрген оқушылардың қызығушылығы артқаны соншалық, болашақта қазақша қандай пернетақта жасауға болатынын айтып, ойларымен бөлісті. 9 сынып оқушысы Ақерке Ерланқызы «ц» деген әріптің алфавитте жоқ екенін ескертіп, өз байқағыштығын көрсетті. Сонымен қатар, Мария Исам, Қайсар Мэлс сынды оқушылар өз белсенділіктерін танытып, ой-пікірлерін айтты. Сабақ барысында өзекті сұрақтар қойылып, оған түйінді жауаптар берілді. Сәбира Баймұхаметова тек жақсы ұстаз ғана емес, білікті де білімді маман екенін көрсете білді. Енді ғана қолға алынған істі мектеп оқушыларымен талқыға салып, көптеген мәселелерді бір жақты етті. Соңында сөз алған мектеп директоры Ғалия Нәдірбекова, оқушылар мен мұғалімге алғысын айтып, ертеңгі болашағымыз жастар екенін, осы латын әліпбиіне көшу арқылы мемлекетіміз рухани жаңғыра беретінін ескерді.

Мемлекет басшысы Қаулыда бекітілген латын әліпбиіне 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшуді бұйырды. Оның орындалуын ҚР Президентінің әкімшілігіне жүктеді. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Әлеммен бірлесе түсуімізге, ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруімізге, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады.

Қазіргі уақытта ұялы телефондарда жарнамалар, хабарламалар латын әліпбиімен жазылуда. Сонымен қатар, интернет желісінде де латын әліпбиіне аударатын транскрипция орнатылған, бірақ орыс графикасында ғана жасалған, болашақта қазақ графикасында жасалады деген ойдамыз. Латын әліпбиіне көшуде осындай бастапқы жұмыстар атқарылып отыр. Қорыта келгенде, латын әліпбиіне көшу ұлтымыздың санасын бұғаудан босатады, түркі және жаһандық әлемімен ықпалдасуға, қазақ халқы ертеден қолданған әліпбиімізге қайта оралып, ұлттық санамыздың қайта жаңғыруына жол ашады демекпіз.

Автор: Айжан САТЫМХАН