ТУҒАН ЕЛДІҢ ИЕСІ,ДАРХАН ДАРЫН ИЕСІ
Қазақ халқының ұлт болып қалыптасуына, сан ұрпақтың өсіп-өнуіне жағдай жасап, оны сақтап қалу жолында маңдай тері мен жанын пида етуді мақсат еткен тарихи тұлғаларымыз аз емес. Олардың арасында халқының тәуелсіздігі мен жұртының тыныштығы үшін «түнде ұйықтамаған, күндіз отырмаған» хан-сұлтандар, халықтың қамын жеген би-шешендер, айлап ат үстінен түспеген, түсе қалса, тоқым төсеніп, ер жастанған батыр – баһадүрлер, сардар қолбасшылар жұрт ағалары, ақсақалдар тағы басқа болды. Егер біз өткенімізге салауат айтып, бүгінге шүкіршілік етіп, болашаққа үкілі үмітпен қарар болсақ, онда ұлт нышаны: тілімізді, ділімізді, дінімізді ту етіп, ұрпақтан-ұрпаққа аманаттап, аман жеткізген ата-бабаларымыздың, оларды түзу жолға бастап, бағыт-бағдар берген тарихи тұлғаларымыздың, ұлы қайраткерлеріміздің рухына бас иіп, олардың ерен ерлігі мен есіл еңбегін ұлықтап, жас ұрпақтың санасына сіңіру басты мұратымыз болуға тиіс. Міне, бүгінгі сөз күреспен өткен бүкіл саналы ғұмырын туған халқының тұтастығын, руластарының ынтымақ-бірлігін, ағайынның өзара татулығын сақтауға жұмсаған, ел амандығы үшін жанын қиюдан тайынбаған, биліктің шыңына шықса да әділдіктің ақ жолынан танбаған ұлық тұлғалардың бірі, әрі шешен, әрі би, әрі қол бастаған батыр Балпық би туралы болмақ. Балпық – батагөй қария, ділмәр шешен ғана емес, ел басшысы – көсем болғаны айдай анық.
Ұлы қолбасшы Балпық би бабаның 325 жылдығана орай 2019 жылдың 16 қазан күні № 14 орта мектептің салтанат залында «Туған елдің иесі, дархан дарын иесі батыр — Балпық би» тақырыбында әдеби-сазды кеш өтті. Кештің мақсаты: Жас ұрпаққа әрі көсем, әрі би, әрі қол бастаған батыр атанған Балпық бидің тарихи еңбегі туралы насихаттау, түсіндіру, құдіретті тұлға екенін таныту; Егеменді еліміздің тұғырын тіктеу, МӘҢГІЛІК ЕЛ идеясын ұрпақ санасына, жадына сіңіруде Балпық бидің рухани әлемімен рухтандыру Шара барысында көпшілік назарына Ұлы қолбасшы Балпық бидің өмірбаянынан тағылымы мол көріністер қойылып, бейнебаян көрсетілді. Бүгінгі салтанатты кешімізді өткізуге белсенділік көрсеткен 10 «ә» сынып оқушысы Каипбек Олжасқа, 8 «а», 9 «а», 10 «ә» сынып оқушылары мен музыка пәні мұғалімі Асыл Жамансариевке алғысымыз шексіз.
А. КИКАЕВА, №14 орта мектеп