БАР ҚҰПИЯ – БЕРЕКЕДЕ
Жамбыл облысы Қордай ауданында дүнген ұлтының азаматтары «80 жастағы қазақ қария мен оның екі баласын арматурамен, балғамен ұрып, басын жарғаны» туралы ақпарат тараған. Кейін дүнгендердің полиция қызметкерлеріне сес көрсетіп, төбелескен видеосы әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Кейін бұл жайт жаппай төбелеске ұласқан. Бұл жағдайға байланысты президент Қ. Тоқаев шұғыл жиын өткізіп, қақтығыс кезінде қаза тапқандардың отбасына көңіл айтты.
ІІМ төрағасы Ерлан Тұрғымбаев қақтығыс кезінде 8 адамның қаза тапқанын 2 полицейдің жарақат алғанын мәлімдеді. Қазақ жігіттерінің кешегі әрекетін түсінуге болады. Іштегі қорланған намыс сыртқа шықты. Дүнген жастарының бұзақылығы барып тұрған басынушылық. Сондықтан кінәлілір заң алдында ең қатал жазаға кесілуі керек. Ақсақалдары кешірім сұрапты. Тек кешірім сұраумен шектелмей жастарын қазақ халқын сыйлауды, шаңыраққа қарауды әр отбасы, ошақ қасында кішкентайларынан үйретулері қажет. Кешегі жағдайдан барлық диаспоралар сабақ алып, осы бағытта тәрбиелік жұмыс жасаулары қажет деп ойлаймын. Биліктен кешегі жағдайға қатысқан қазақ жастарын жауапқа тартпауын талап етеміз. Бірақ жастар мәселені ары қарай шиеленістірмей, бұдан әрі заңсыздыққа бармаулары қажет. Заң жұмыс істесін. Кінәлілер анықталып, қатаң жауапқа тартылсын. Әлемнің түкпір-түкпірінде қазақ диаспоралары бар. Алда-жалда сондағы бірлі-екілі жастарымыз бұзақылық жасаған жағдайда, бүкіл қазақ диаспрасын қырғынға ұшыратса, қандай әділетсіздік болар еді. Осымен тоқтайық. Абай айтпақшы «Әрбір жақсы нәрсенің өлшеуі бар. Өлшеуі асса, боғы шығады». Құранда «Жазықсыз адамды өлтіру бүкіл адамзатты өлтіргенмен бірдей», делінген. Сондықтан өз бауырластарыма, балаларыма, халқыма аналық ақылым «сабыр түбі сары алтын» демеуші ме еді ата-бабаларымыз. Біз өзі отыз жылдан бермен аялап келген тәуелсіздігіміздің бір ұстыны да осы қазақ пен өзге диаспоралардың татулығы еді ғой. Демек, бұл біздің жанды жеріміз. Дүнген бола ма, басқа бола ма, олар осы елдің иесі қазақ екенін ұмытпағандары абзал. Ал біз — қазақ, осы Ұлы Даланың мұрагері ретінде айналамызда топтасқан ұсақ ұлттардан шыққан кей тентекті тезге салуда шектен шықпасақ деп тілеймін. Тәуелсіз еліміздің туын тек биікке көтерейік, ашуға бой алдырып қиратпайық, күшейген болып күйретіп алмайық деймін. Әсіресе ақпарат таратқанда абай болайық. Осы жерде айта кетейін, «бұлармен қоса басқаларға да көкесін көрсету керек» дегендердің ашу-ызаға толы сөздеріне келіспеймін. Біз елміз, мемлекетпіз. Заңымыз бар. Бұл заңға қайшы. Сонымен бірге айта кететін жайт, «жаман ұлт болмайды, жаман адам болуы мүмкін» демей ме. Ендеше, нәсілі мұсылман дүнген ұлтының ішіндегі ізгілері де арандап, тасқын ашудың көшкінінде қалмаса екен. Біз қазақ әуелден өзі ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз ғой. Тигенді тыйып қалу, соқтыққанды сойып салудан кенде емеспіз. Ал басты қасиетіміздің бірі — кез келген жағдайда байыппен саралап барып, сақтықпен іс қылу. Ел бір, Отан жалғыз. Иесі қазақ. Жеріміздің тұтастығы мен қауіпсіздігі әуелі қазақтың қамы. Осы тұста мемлекеттік күштік құрылымдар да кінәліні тауып, лайықты жазасын береді деп сенемін. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы да мәселені лайықты түрде шешу үшін жағдайды дереу қолға алды. Комиссия құрылды. Әр сөзіміз бен ісімізге есеп бере қадам басуымыз керек. Әуелі арандап қалмайық, сосын сан соғып отырмайық. Ал бұл қайғылы жағдай енді қайталанбасын, қазақтың да, басқа ұлттардың да қаны төгілмесін деп Алладан риясыз пейілмен сұраймын.
Айналайындар, біз қазақ деген кең халықпыз. Құшағымыз да кең. Біз өте саналы да ақылды, барлық жағынан – сауда болсын, өнер болсын бейім халықпыз. Кішкене сабыр сақтаңыздар. Ел ішінде бір-екі бұзық болуы мүмкін. Ол бізде де, басқада да бар. Баяғы соғыс кезінде немістерді, шешендерді, қарашайлар мен украиндарды құшағымызға алған елміз. Өткенімізге қарап, ақылға тоқтайық. Кешірімді болыңдар, бауырлар! Кешірімді! Барлығы заңмен шешілсін. Заңды түрде болсын. Жүгенсіздіктен аулақ болыңдар! Құр босқа сотталып кетпесін мына қамауға алынған бауырлар! Босатылсын! Олар- Елім, өз ауылым, өз жерім деп жаны ашыған жігіттер! Қайтыс болған бауырларымның жақындарына , туған-туыстарына көңіл айтамын. Бірлік- біздің күшіміз! Бірлікте – барлық құпия! Сабыр! Сабыр! Сабыр! Баршаңыздың отбасыларыңызға амандық тілеймін.
Төрткен КЕНЕНҚЫЗЫ,
Іле ауданының «Құрметті азаматы», Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, КСРО Жазушылар одағы мен
Композиторлар одағының мүшесі