Дін және қоғам

ДІНИ ЭКСТРЕМИЗМ МЕНТЕРРОРИЗМ ҒАСЫР ҚАУПІ

Еліміз егемендікке қол жеткізгелі жиырма сегіз жылдан астам уақыттың жүзі болды. Осы жылдар аралығында мемлекетіміздің барлық салаларыныда терең, әрі түбегейлі өзгерістер орын алды. Қазақстан Республикасы тәуелсіз ел болып еңсесін тіктей бастады. Халықаралық деңгейде әлемнің алпауыт мемлекеттер мен бәсекелес бола алатын қабілеттілігін көрсетті. Рухани мұрамыз қайта жаңғырып, өзінің лайықты орнын тапты. Десек те, бүгінгі қоғамда алаңдатарлық келеңсіз мәселелер де жоқ емес. Солардың бірі – мемлекетіміздің діни ахуалы. 90 жылдардың бас кезінде тілімізге жат «Терроризм, экстремизм» деген сөздер ене бастады. Экстремизм – көздеген саяси мақсаттарына қол жеткізу үшін, дінді қалқан ете отырып әрекет етуші, дінге ешқандай қатысы жоқ іс-қимыл. «Экстремизм» термині – аударма мағынасында шектен тыс көзқарастар мен әрекеттерді ұстану, қоғамдағы тәртіп пен нормаларды жоққа шығару ретінде анықталады.

Терроризмнің басты белгілері «зорлық-зомбылық», «үрей туғызушылық», «кінәсіз адамдарға кесірін тигізу». Экстремизмге қарсы күрестің негізгі жолы – олар туралы өз уақытында шынайы мәлімет беру. Бұл орайда ақпарат құралдарының рөлі ерекше болғандықтан, секталардың, экстремистік топтардың қауіптілігі туралы жастарды көбірек хабардар етіп отыру керек. Террорлық жолға түскен адамдардың мұсылман болып қалуы неғайбыл. Себебі дінде адам өлтіру арқылы ізгі мақсатқа жету туралы ұғым мүлде жоқ. Жас ұрпаққа рухани тәрбие беріп, діни сауатын ашу үшін барлық жағдай жасалды дей алмаймыз. Бүгінде жағдай әбден ушыққанда ғана жедел шаралар қолға алынады. Бала тәрбиесі баршамызға ортақ. Осы орайда, адасқан жастар неліктен адамзаттық құндылыққа қарсы шығады? Өз ұлтын өзі жау көріп, «жанды бомба» болып жарылуын қалай түсінеміз? Бұл сауалдардың жауабы – тәрбиеде кемшіл кеткен тұстар бар. Діни сауаты жоқ, рухани тәрбиеден жұрдай осындай жандарды әлдебіреулер жолдан тайдыру арқылы санасын роботқа айналдырып, өз мақсатына қолдануда. Тіпті оларды көндіру үшін түрлі дәрі-дәрмектер мен психотроптық заттардың көмегімен арандату жағдайлары да жиі кездеседі.

Бұл мәселедегі басты бағыт – ол адамға ненің дұрыс, ненің бұрыстығын үйрету. Ислам діні өзімшілдікке жол бермейді, соғыс пен қантөгіске шектеу қояды. Құран қағидалары қақтығыстың алдын алып, ұрыс-жанжалды харам еткен. Ислам дінінде жазықсыз адамның өмірін қию – үлкен күнә, ауыр қылмыс болып саналады. Ислам террорға, зорлық зомбылыққа, бейбіт жандарға күш қолдануға қарсы. Өкінішке орай соңғы уақытта әлемнің түкпір-түкпірінде ислам атымен сан мыңдаған адамдардың қаны төгіліп жатады.

Қазіргі жастардың кішкентай кезден ана тілін, тарих, мәдениетті оқығандай өзінің діни дәстүрлері туралы негізді білім алуға құқығы болуы тиіс. Мәселен, терроризмнің зияны туралы көп лекция оқылуы керек. Қоғам санасына адам өлтірудің ең ауыр күнә екендігін сіңіру керек. Адам бұл жайында үнемі ести берсе, ойлана бастайды, санасында бұл жаман нәрсе екен деген ой қалыптасады. Бірақ жастарға не істеу керектігін үйрету шарт емес, олармен сөйлесу керек. Оларды тыңдай отырып, барлық мәселені бірлесіп шешу қажет. Басқаша айтқанда терроризм. Кез келген экстремизмнің мәні – олардың пікіріне қосылмағандарға зорлық – зомбылық көрсету. Терроризм мен экстремизмнің таралу қаупі еліміздің қауіпсіздігіне төнетін шынайы қауіпке айналып отыр. Әлем алаңдап отырған қауіпті алдын алу мақсатында  Ә.Молдабеков атындағы №6 орта мектебі бекітілген жоспар бойынша жұмыс жүргізуде. Өтпелі кезеңде тұрған 9-10 сынып оқушыларын жат ағымнан аулақ болу үшін КазЦИК ауылының наиб имамы, теолог Иманберлинов Нұртай Абдрахманұлымен кездесу ұйымдастырылды. Кездесу барысында оқушыларға дін, имани тұрғыда біраз дәріс беріп, оларға діни сауаты жоқ адамдардың жат ағымдарға кетіп жатқандарын түсіндіре отырып, соның алдын алу жолдарын айтып, осындай пиғылы нашар адамдардан аулақ болуға шақырды.Оқушылар көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, сауалдарына нақты жауап ала алды. Әрбір азамат қоғам тыныштығы үшін діни экстремизмге табанды түрде қарсы тұруы тиіс. Қазақ халқы ертеден – ақ бірліктің, ынтымақтың, ауызбіршіліктің маңызын жете түсінген. Ата-бабамыздан өсиет болып бізге жеткен «Бақ қайда барасың ынтымағы мен бірлігі жарасқан елге барамын», — деген қанатты сөз бүгінгі күнге дейін өзінің мән — мағынасын жойған жоқ. Кемеңгер бабаларымыз «Алтау ала болса ауыздағы кетер, төртеу түгел болса төбедегі келер» деп елді бірлікке шақырып отырған. Сондықтан бәріміз қастерлі тәуелсіздігіміздің нығаюы үшін, елімізде ұлтаралық дінаралық татулықтың сақталуы үшін бір кісідей атсалысайық.

 

А.БАЙАРЫСТАН,

Ә.Молдабеков атындағы №6 орта мектептің әлеуметтік педагогы

Басқа жаңалықтар

Back to top button