Дін және қоғам

ЕЛ ТЫНЫШТЫҒЫ ҚЫМБАТ

Қазақстан азаматтары үшін елдің амандығы мен тыныштығы қымбат.

Қазақ халқы адамдардың нәсіліне, дініне, көзқарасына бөлмей, «ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын», деп көршісі кім болса да онымен сыйласып, дәм-тұз татысып, жоқ-жітігіне қарайласып, достық қатынасты жоғары қойған. Отан тыныштығы, ел бірлігі, ұлт тұтастығы жоғары бағаланған.

Береке, бірлік болған жерде ғана ел гүлденіп, құндылықтар жаңғырып, қоғамның рухы жаңғырады.

Өткен аптадағы халқымызды елең еткізіп, жүрегіміздің тыныштығын бұзған, ел тыныштығын бұзған Қордай оқиғасы біз үшін өте ауыр болды. Қасиетті Құранымызда:  «Бүлік шығару, адам өлтіргеннен де ауыр» деп дәріптеген. Ұлттар достығына сызат түсті. Үйлер, дүкендер отқа оранды, бірнеше азамат ажал құшты, ел-жұрт үдере көшті, халқымыздың айрандай ұйыған тыныштығы бұзылды. Әр түрлі пікірлер айтуда. Жат пиғылды адамдардың әрекеті деген де пікірлер айтылуда. Оның ақ арасын ажырату үшін заң қызметкерлері жұмыстар жүргізіп жатқандары бәрімізге аян. Кезінде сақадай сай, бақайшығына дейін қаруланған неміс басқыншыларын халқымыздың жауынгерлеріміздің, рухының ар-намысының биіктігі мен тіліміздің мықтылығымен жеңіп, жеңііске жетіп едік қой. Қазіргі тіліміз менің ойымша өмір көрген салиқалы, ойы бар қарияларымыз бен ардақты аналарымыз.

Елдің, ұлттардың бірлігін сақтауда бұл кісілер үлкен роль атқаруға тиісті «Тозған қазды, топтанған қарға алады» дегендей халге түсірмей албырт, қызуқанды жастарымызға тоқтау айтып, сабырға шақырып, бағыт-бағдар беріп отыруға тиістіміз. Ел бірлігін сақтау үшін, үйде отырып, өз отбасымыздың ғана амандығын күйттемей өмірден алған тәрбие-тағылымды ауыл жастарына үйретіп, ел бірлігі мен тыныштығына қызмет етуіміз керек деп ойлаймын. Қазыналы қарттарымызды осындай игілікті істер атқаруға шақырамын, яғни бұндай қанды қырғынды болдырмау үшін, оның салдары мен себептерінің алдын алуға тиістіміз. Бұндай қанды оқиға болмауы керек. Ендеше әрбіріміз тыныштық бағасын біліп, берекелі қоғамның уығы болып қадалғанымыз абзал.

 

Баян ТОПАРКЕЛІНІ, ардагер ұстаз, көпбалалы ана,

«Әлем халықтары жазушылары одағының» мүшесі

Басқа жаңалықтар

Back to top button