Аудан жаңалықтарыБілім және ғылым

МАМАНДЫҚ ТАҢДАУДА КӘСІБИ БАҒДАР БЕРУ ҚЫЗМЕТІ

Мектеп қабырғасында білім алып жүрген әрбір оқушының алдында мамандық таңдау мәселесі тұратыны анық. Қазіргі уақытта бұл мәселе өте маңызды болып отыр. Өйткені, еңбек нарығындағы қатаң бәсекелестік оқушылар мен олардың ата-аналарын осы мәселе бойынша ойлануға мәжбүр етеді. Оған дұрыс жауап адамның алдағы тағдырына әсер етеді. Әсіресе, мектепті бітірген жас адамға мамандықтың үлкен әлемінде өз орнын табу қиынға соғады. Ол қоғамға қажетті және еңбек нарығының сұраныстары мен мүдделеріне сәйкес келетін мамандық таңдауы тиіс. Осындай күрделі таңдау жолында тұрған әрбір жасөспірімдерге мамандық таңдауда кәсіби бағдар беру көп көмегін тигізеді.

Оқушыларға кәсіби бағдар беру орталықтарының бірі – жас ұрпақты өсіруге, оқытуға, тәрбиелеуге арналған жалпы білім беретін орта мектеп. Мектеп оқушыларында біліктер мен дағдыларды қалыптастыру, балаларды саналы түрде мамандық таңдау үшін жағдай жасау, оларды пәндерді оқыту кезінде алынған білім негізінде техника мен өндіріс технологиясымен таныстыру қажет. Кәсіптік бағдар бойынша жұмыс барысында оқушылар мамандықтар әлемімен танысады.

Оқушыларды жалпы білім беретін пәндердің білім көлеміне нақты мамандықтар ұсынатын талаптармен, сондай-ақ болашақ мамандардың жұмыс сипатына таныстыру керек. Еңбек нарығы ұсынған мамандықтарға қатысты оқушыларға кеңес беру, таңдаған мамандықтарды меңгеруге болатын оқу орындары туралы ақпарат беру; оқушыға оның бейімділігіне сәйкес еңбек қызметінің нақты түріне қатысты өз қабілеттері мен қасиеттерін бағалауға көмектесу – бұл оқушылардың педагогтардан алатын көмегі.

Іле ауданы бойынша орта білім беру ұйымдарының мектеп бітіруші түлектерімен өткен оқу жылында кәсіби бағдар беру бойынша бірнеше жұмыстар жүргізілді. Атап айтқанда, еліміздің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарының профессорлық-оқытушылар құрамдарымен және арнаулы орта білім беру ұйымдарының педагогтарымен кездесулер өткізілді. Сонымен қатар, «Болашақ» халықаралық бағдарламалар орталығының» өкілдерімен қызықты семинарлар ұйымдастырылып, мектеп бітіруші жеткіншектер шетелде білім алу туралы тың ақпараттарға қанықты. Шетелдерде білім алу Азия және Еуропа елдері үкіметтерімен жасалған келіссөздер аясында бакалавриат бағдарламасы бойынша тегін білім алу арнайы бағдарламалары да таныстырылды.

Сондай-ақ, ауданымыздағы №48 орта мектебі директорының орынбасары А.Сарқытбаевтың осы сала бойынша жүргізген зерттеулері негізінде басылып шыққан әдістемелік құралын тарату мақсатында аудан мектептерінің кәсіби бағдарға жауапты мамандарына семинарлар ұйымдастырылды. Семинар аудандық оқу білімі басшысының орынбасары Г. Мақсұтова қатысып, мектеп түлектері үшін ең маңызды болып табылатын мамандық таңдауға мектеп тарапынан көрсетілетін консультативті-тәжірибелік қызметтің өзіндік тиімділігін айтып өтті. Семинарға қатысушылар әдістемелік құрал арқылы тек оқушылармен ғана емес, олардың ата-аналарымен де қандай жұмыс жүргізу керектігін және баланың қандай мамандыққа икемділігін қарапайым түрде анықтауға болатын әдіс-тәсілдермен танысты.

Бүгінгі күннің басты міндеті – оқушыларды нақты мамандық бойынша даярлау, мамандықты дұрыс таңдауға дайын тұлғаны қалыптастыру, ғылыми-техникалық прогресс және бәсекелестік күрес жағдайында кәсіби функциялардың ұтқырлығының мәнін түсіну. Кәсіби бағдар берудің басты мақсаты – оқушыларға оқу профилін таңдау туралы шешім қабылдауға қолдау көрсету. Дұрыс таңдалмаған мамандықтан адамның өзі де зардап шегеді. Әр адам өзін табу керек. Біздің қоғамымыз талантты кәсіби жұмысшыларды, инженерлерді, конструкторларды, педагогтарды және басқа да мамандарды қажет етеді. Мамандық әлемі туралы білім және түсінік жүйесін қалыптастыруда кәсіби бағдар берудің атқаратын қызметі орасан зор.

Е. ТОЛҚЫНОВ,
Іле аудандық білім беруді
дамыту оқу-әдістемелік
орталығының әдіскері

Басқа жаңалықтар

Back to top button