Алматы облысының жаңалықтарыҚоғам

Данияр Сабырбаев: Сенім – сең бұзады

Праймериз – 2020

Ұлт Көшбасшысы, «НұрОтан» партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен биылғы жылдың 17 тамызынан партияішілік праймериз бастау алды. Мұндағы мақсат айқын: ел дегенде еміреніп, жұрт дегенде жұмыла іс қылатын көшбасшыларды іріктеу. Сол арқылы ертеңгі күні елдің тізгінін ұстайтын нағыз кәсіби кемелді азаматтардың қатарын толықтыру. Осынау тұңғыш рет өткізіліп отырған республикалық партияішілік праймеризге жүрегінің түгі бар, көзінің нұры бар, елі үшін басын бәске тігуге әзір белсенділер сап түзеді. Қатарында Данияр Бауыржанұлы Сабырбаев та бар. Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттікте Парасаттылық департаментін басқарып, тың идеяларымен тыңнан түрен салған азаматтың ендігі мақсаты биік. Сөзден іске көшелік.

– Құрметті Данияр Бауыржанұлы, «Парасаттылық – қараңғыдағы шырақ» дегені бар еді Жүсіп Баласағұнидің. Халық арасында жемқорлыққа нөлдік төзімділікті қалыптастыру жолында табанды еңбектеріңізді жақсы білеміз. Ұдайы ізденісте жүресіз. Праймеризге қатысудағы мақсатыңыз нендей?

Негізгі мақсатым біреу: батпандап кіріп, мысқылдап шығатын жемқорлық індетінен қоғамды аластату. Қазір бұл мақсат жолында жауапты органдар табысты еңбек атқаруда. Оны жоққа шығара алмаймыз. Әйткенмен, шаруа шаш етектен. Тұралап тұрған тұстар маған мәлім. Себебі, бұл салада еңбек өтілім жеткілікті.

«Ақыл-парасат күші адамның ойлауына, пайымдауына, ғылым мен өнерді ұғынуына және жақсы қылық пен жаман қылықты айыруына көмектесетін күш» деген екен әлемнің екінші ұстазы Әл-Фараби. Асылында, адалдық жүрген жерде адамдық жүреді, ал парасаттылық адамдықтың айнасы. Осынау құндылықтарды әрбір қазақстандықтың бойына сіңіруде атқарылар жұмыстар ауқымды. Ал бұл қадам арқылы біз елімізді үздік дамыған 30 елдің қатарына енгізе аламыз.

– Істің азаматы екеніңізді жақсы білеміз. Жетісікке жетудегі бағыттарыңызды бағамдап беріңізші?

Рас, бүгінгі өркениетті еліміздің дамуына тұсауғ кемелденуіне кедергі келтірер қоғамдық айналған сыбайлас жемқорлықпен күресу – күн тәртібінде күйіп тұр. Анығы сол, жылдар жылжыған сайын тамыры тереңдеп үлгерген індеттен еліміз құлан-таза айығу үшін табанды еңбектенуіміз қажет. Осы бағытты бағдарлап мен де өзімнің туған ауданым Іледен Мәжілістің жаңа құрамына ену мақсатында праймеризге қатысуға бел будым. Бағдарламамды аз-кем бағамдап берейін. Бірінші, заңсыз баюға жол бермеу, яки ол үшін жауапкершілікті енгізу. Екінші, кірістер мен шығыстар туралы декларацияларды жариялау міндеттілігін заңнамамен бекіту. Демек, Президентіміз атағандай ашық қоғам қалыптастыру. Үшінші, кәсіби сатылмаушылыққа тестілеуді енгізу (integrity check). Төртінші, пара беру уәдесін\ұсынысын қылмыс деп қарау. Бесінші, кәсіпкерлікте өкілеттігін\қызметін пайдалануға қылмыстық жауаптылық белгілеу. Алтыншы, жемқорлардың жазасын қатаңдату бойынша, жетінші, ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстар жасағаны үшін еселенген айыппұл төлеп, қылмыстан құтылуына жол бермеу мақсатында ұсыныстар енгізу. Сегізінші – құқық қорғау органдары қызметкерлерінің және судьялардың сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін жауапкершілігін күшейту. Тоғызыншы – жемқорлыққа қоғам арасында «нөлдік төзімділікті» қалыптастыруда жеке секторлардың да жауапкершілігін арттыру. Оныншы, мемлекеттік органдардың квазимемлекеттік сектордың қоғам алдындағы ашықтығын және есептілігін қамтамасыз етуге жол ашатын «Қоғамдық бақылау туралы» заңды әзірлеуге барынша ықпал ету. Он бірінші – мүдделік қолдау қызметін заңнамалық реттеу. Он екінші – мүдделер қақтығысын болғызбауды реттейтін заңнаманы жетілдіру. Он үшінші – мемлекеттік қызметшілер, депутаттар, судьялар, олардың отбасы мүшелері үшін Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде орналасқан шетелдік банктерде шоттар(салымдар) ашу бойынша тиісті шектеулерді заңнамалық бекітуге  күш салу. Он төртінші – «Жария құқықтың заңды тұлғалары туралы» заңды қабылдауға ықпал ету және он бесінші «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» заңды әзірлеу.

Өзіңіз байқағандай, Жаңа Зеландия, Дания, Норвегия секілді әлемдегі жемқорлықтан ада мемлекеттерде індетті жеңуде заңның үстемдігі бірінші кезекте. Демек, мемлекет қоржынына қол салған айлакерлердің айласы қырық түрлі болса, оның жолын қияр Заң да мың құбылып отыруы тиіс.

– Оныңыз рас, Қытайдың саяси қайраткері Ванг Анши жемқорлықтың өршуіне негізгі себепті – нашар заңнамадан іздеген екен. Осы орайда өзіңіз басқаратын Парасаттылық департаментінің де қоғамнан алар орны айрықша. Парасатты қоғам қалыптастыру арқылы жемқорлық тәуекелдерінің алдын алуға болатынын жақсы білесіз. Бұл тұрғыда не айтасыз?

Кезінде хакім Абай: «Баланы ең әуелі мейір-шапағатқа, одан соң ақыл-парасатқа, ақырында нағыз пайдалы ғылымға, еңбекке баулы» деген екен. Ғасырлар мұғдарынан мүжілмей өткен осынау ұлағатты сөздер сәт сайын құндылығын арттырып келеді. Өйткені, әр ісін парасаттылықпен парықтаған тұлғаның жемқорлыққа, халқына қастандық әрекетке бармайтынын өмір өзі дәлелдеп отыр.

Сол секілді Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев та «Адамдарға ақыл-парасат өз өмірін жақсарту үшін берілген» деді емес пе? Осынау өрелі ойына терең бойласақ, шындығында парасаттылық пайымы еркін ойлау, жақсы мен жаманның аражігін ажырату тұрғысында шамшырақ іспеттес. Ғасыр аунап, жыл жылжыған сайын биікке ұмтылу, жарық таңға жол салу – әрбір тұлғаның ғана емес, өресі биік өсер елдің негізгі мақсаты. Ұмтылыс тек жетістіктен емес, ұтылыстан, сүрінуден сүзіледі. Әйткенмен, билік пен бұқара арасындағы сенім жібі сетінесе, әншейін әбігерлік. Бұл ретте мемлекеттік қызметкерлердің рөлі басым. Билік атынан биік мінберден сөйлегенде әдептен озбаса, өктемшілдік пен сыбайластыққа жол бермей, тұрғындар талап-тілегін тыңдап, нақты іс-әрекетімен жүйелі ойды қозғаса – халық сенімі артады. Ал халық сенімі – жемқорлыққа қарсы стратегиядағы төрт бағыттың ең маңыздысы.

Сайлауалды бағдарламамда келтірген қоғам арасында жемқорлыққа «нөлдік төзімділікті» қалыптастыру аталмыш департамент жұмысымен үндесіп тұр. Демек,  бұл менің күн тәртібімнен түскен жоқ, түспейді де.

– Партияішілік праймериз тәуелсіз елімізде тұңғыш рет өткізіліп отыр. Жаңашылдыққа көзқарасыңыз?

Дұрыс айтасыз, биыл «Nur Otan» тыңнан түрен салды. «Жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек, жылқыда да жылқы бар, қазанаты бір бөлек» демей ме көнекөздеріміз. Шындығы да сол, шын тұлпар аламанда сыналады. Праймериздің қазақы түсінігі міне, осы. Екіншіден, бәсеке бар жерде даму бар. Бұл доданың ел дамуына тигізер пайдасы орасан. Ендеше, жаңашылдықты неге жатсынамыз? Кіл мықтылар ішінен кім мықтыны партияластар таңдайды. Байқасаңыздар, ел ішінде еленбей жүрген небір азаматтар бой көрсетті. Демек, зор серпіліс бар. Бұл үшін қуануымыз тиіс.

– Ойыңызды түйіндесеңіз?

Праймериздің көксегені біреу: әлеуметіміздің әлеуетін арттыруға, елімізді жаңа деңгейге көтеруге күш салатын азаматтарды сұрыптау. Ендеше, ортақ мақсат жолында орайласатын сәт туды. Адамға қаншалықты мол мүмкіндік, талант берілсе, соншалықты ауыр жүк артылатыны замана шындығы. Ендеше, маған сенім білдірсеңіздер, білекті түріп, белді буып сенімдеріңізге селкеу түсірмеу жолында табанды еңбек етуге әзірмін. Себебі, сенім – сең бұзады.

– Праймеризде сәттілік серігіңіз болсын!

Әңгімелескен Қайнар ЖҰМАҒОЖА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button