ҰЙЫМШЫЛ ҰЖЫМНЫҢ КӨМЕГІ
Әлеуметтік бағыттағы бастама жыл сайын 1 тамыздан 30 қыркүйекке дейін жүргізіледі. Акцияның мақсаты – көпбалалы, аз қамтылған отбасылардың балаларына көмектесу, оқушының мектепке бармай қалуының алдын алу. Жыл сайын өтетін қайырымдылық шарасы биыл Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасымен көмекке мұқтаж балаларды барынша қамту мақсатында ерте басталды. Осыған байланысты, жаңа оқу жылының қарсаңында қолға алынған шара биыл «Менің таңдауым – балаларға көмек көрсету» ұранымен өткізілуде. Осы ауқымды іс-шараға байланысты Маржан Жұмабекқызы Бейсенбаева №19 орта мектеп ұжымында, арнайы кеңес өткізіп, іс-шаралар жоспары белгіленді. Мектеп әкімшілігінен акцияны ұйымдастырып, өткізу үшін арнайы комиссия құрылды, мүшелері сайланды.
Акцияның мақсаттары мен міндеттері туралы халықты ақпараттандыру мақсатында ауылымыздың көпшілік жерлеріне үндеу хаттар түрінде бұрыштар құрылып, шаруашылық қожалықтар мен ұйымдарға осы шараға атсалысуға шақырып, үндеу шығарылды. Жеке кәсіпкерлер мен ауылымыздың белсенді азаматтарына да үндеу хаттар жіберілді. Соның нәтижесінде жаны жомарт, жүрегі нұрға толы ауыл азаматтары мен мектеп ұжымы жәрдемге мұқтаж оқушыларға тиісті көмек көрсетті. Мәселен, мектеп директоры М. Бейсенбаева көпбалалы отбасынан шыққан оқушыға спорттық киім мен оқу құралдарын алып берді. Мектеп ұжымы тарапынан 40 бала киім-кешек, оқу құрал-жабдықтарымен қамтамасыз етілді.
Осымен қайырымдылық акциясы тоқтаған жоқ, әлі де жалғасуда.
А. Абу, А. Асылхан, әлеуметтік педагогтар