Қуаныштан күлімдеп жүздері….
Биылғы оқу жылы пандемияға байланысты мектеп оқушылары қашықтан оқитын болды. Қашықтан оқу кезінде аз қамтылған және көп балалы отбасы балаларына бұлай оқу қиынға соқты. Себебі, бір телефонға қарап отырған балалар сабақ-қа бірде кіріп, бірде кіре алмай отырғаны мәлім. Жыл сайын үрдіске айналған «Мектепке жол» қайырымдылық акция барысында мектеп мұғалімдері бір жағадан жең, бір жеңнен қол шығарып көмегін көрсетіп жатады. Ұжым осы сәт барысында балалардың сабақ оқуларына мүмкіндік тудырып, екі оқушыға смартфон тарту етсе, география пәнінің мұғалімі Бақытжан Бекишов сынды жаны жомарт ағамыз бір оқушыға смартфон сыйға тартты. Бақытжан ағай үнемі мектеп оқушыларына демеушілік танытып, қол ұшын беріп келе жатқан жаны жомарт ағаларымыздың бірі. Қуаныштан жүздері күлімдеп, бал-бұл жанған балаларға мектеп директоры Салтанат Құрманәліқызы ізгі тілегін білдіріп, «Болашақтың кілті жас ұрпақтың қолында» — деп тұңғыш Президент, Ұлт көшбасшысы Н.Назарбаев айтқандай білімге ұмтылыңдар, осы телефонмен сабақ оқыңдар, кітап оқыңдар, ата-ананың, ұстаздардың сенімін ақтаңдар — деді.
Қайырымдылық жасау — қанымызда бар қасиет. Қуанса бала қуансын. Бақытжан ағайдың жомарттық ісі көпке үлгі болсын.Жаны жомарт жандар, істеріңізге береке берсін.
Динара Сембаева,
№22 орта мектебінің әлеуметтік педагогы