Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыҚоғам

ЖОМАРТТЫҒЫ БІР БӨЛЕК ЖЕКЕ КӘСІПКЕРЛЕР

Қамқорлық таныту, қайырымдылық жасау адамның бойындағы асыл қасиеттің шыңы болып табылады. Біздің ауданымызда дәл осы жомарттықтың керемет үлгісін танытып жүрген, өнерге ғана емес, халқына да жанашыр жеке кәсіпкерлер аз емес. Әсіресе, дүкен иелері игілікті іске бел шеше кірісуде. Әр жұма сайын әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға және студенттерге нан тегін таратылады. Біз осынау дүкендердің атауларын қалың оқырмандарға таныстыруды жөн көрдік.

Қайырымдылық шарасын ұйымдастырып жүрген кәсіпкерлердің басында «Жұлдыз» дүкені тұр. Бұл сауда орнының иелері 2 жыл бойы тегін тамақ таратып келеді. Мұндай игі іске өз үлесін қосып жүрген «Перекресток», «Батон» дүкендері де 2019 жылдан бастап ораза айында тегін тамақ таратып, ауызашар жасап, ел алғысын алуды дәстүрге айналдырған.

«Рахат» дүкені бейсенбі сайын 60 дана нанды тегін таратса, «Алихан-1» дүкені нанмен қоса тәттілерді де үлестіреді. Ол үшін дүкенге барып анықтап сұрап сол күнге белгіленіп қоюыңыз қажет. «Алихан-2» 3 жылдан астам уақыт бойы әр жұмада 50 дана нанды таратуды әдетке айналдырған.

«Диана», «Фортуна», «Сказка» дүкендері апта сайын 60 дана нанды тегін таратады. Ол үшін ертерек барып дүкен қожайындарынан қай күні тегін нан таратылатынын нақтылап сұрап, кезекке тұрсаңыз болады. «Аспаздық» кулинариясы бейсенбі күні бір қазан палау пісіріп, қайырымдылық ретінде тұрмысы төмен отбасылар мен тұрғындарға тегін таратады. Аудан тұрғындарына танымал Титов көшесіндегі 22 үйде орналасқан «Үміт» дүкені Өтеген батыр ауылының әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларын айына 1 рет су май, күріш, тағы басқа азық-түлікпен қамтамасыз етеді.

Қандай мақтау айтса да жарасатын қайырымды дүкендердің қожайындары Айнұр Қаналқызы, Ерлан Қарақасов, Ринат Қожахметов, Мәлік Асанов, Алина Амаева, М.А. Мамедов, Сағлила Қалиева, Т.А. Добровольская, Ермек Құрменбеков, Людмила Горохова, Дана Құрманбековаларға қарапайым тұрғындардың айтар алғысы ұшан-теңіз. Біз де ел ықыласына бөленген жандарға еңбектері еселеніп, дәулеттерінің арта беруіне тілектеспіз. Осы бір ақпаратты жинауға атсалысқан ауданымыздың тұрғыны, еңбекқор Қилат Оспанов пен Сәбиля Ескендіроваға да шексіз алғысымызды айтамыз.

Бағдат ЧОЙБАСОВ

Басқа жаңалықтар

Back to top button