Аудан жаңалықтарыДенсаулықҚоғам

Ақ  желеңді  абзал  жан

Жыл сайын мамыр айының 12 жұлдызында Халықаралық медбикелер күні атап өтіледі. Жұрт бұл күні ақ халатты абзал жандарға құрмет көрсетіп, еселі еңбектеріне алғыс білдіріп жатады. Өйткені, олардың денсаулық сақтау саласында халық денсаулығын жақсарту жолындағы еңбегі ұшан теңіз. Әсіресе, осы саланың барлық сатысында мейірбикелер еңбегі айрықша көрініп тұрады. Расында, бір жеріміз ауыра қалса, алып-ұшып кімге барамыз? Әрине, емханаға, емханадағы ақ халатты абзал жандарға жүгіреміз. Солардан көмек сұраймыз. Адам өмірі үшін күресіп, түнімен науқастың жанында болып, уақытылы дәрісін беріп, әр түрлі екпелер мен дәрілерді егіп жүрген, қарлығаштай шырыл қағып, қанатымен су сепкен, мезгілсіз ажалдан арашалау үшін барын салып жүрген медицина қызметкерлерін халқымыз ежелден қастерлеп, құрметтеген. Рас, кейде олардың еңбегін дұрыс бағаламай, тіпті қаралап та жататын кездер жоқ емес. Алайда, елге келген індет халықтың дәрігерлер мен медбикелерге деген пікірін өзгертіп, ақ халатты абзал жандарға елдің құрметі арта түскені айдан анық. Біздің бүгінгі мақаламыздың кейіпкері де коронавирус індеті кезінде жан аямай қызмет етіп, ел үшін шыбын жаны шырқырап жүрген ақ халатты абзал жан – Мураталиева Гулжамила Үйсінқызы. Ол – білімі мен біліктілігінің һәм еңбекқорлығының арқасында көптеген белестен өтіп, ауданымыздың медицина саласында өзіндік ізі сайрап жатқан, халықтың ыстық ықыласына бөленіп, елден алғыс алып жүрген маман. Өзі қызмет етіп жүрген аудандық аурухананың қызметкерлері де, емделушілері де Гулжамила Үйсінқызының өз ісіне мығым, қызметіне адал, адам өмірі мен денсаулығын сақтауда өзіне артылған міндет пен жауапкершілікке адалдық танытып, жан-жүрегімен сезініп, тың-ғылықты жұмыс жасап жүргенін тілге тиек етеді.

Біздің кейіпкеріміз Алматы облысы Ұйғыр ауданына қарасты Кетпен ауылында 1965 жылдың 24 шілдесінде дүниеге келген. 1972-1982 жылдар аралығында  Кетпен ауылдық мектебінде білім алады. Орта мектепті аяқтап, 1983 жылы арман қуып сол кездегі ел астанасы Алматыға келеді. Бала кезден медицина қызметкері болуды аңсап жүрген, оның ішінде балалар медбикесі болып, бүлдіршіндердің денсаулығы үшін күресуге бел буған Гулжамила Үйсінқызы Алматыдағы республикалық медициналық училищесінің «Балалар медбикесі» мамандығына оқуға түседі. Сол кездің талабы сондай ма, кім білсін, кейіпкеріміз орыс тобына топ ете қалады. Ауылдан келген қазақтың қарапайым қызы алғашында орысша оқуда қиналса да, өзінің сүйікті мамандығын меңгеру үшін барлық қиындықтарды жеңіп, лайықты білім алып, халыққа сыйлы маман болуды көздеді. Айналасындағы жандарға жанашырлық танытып, үнемі қамқорлық жасауды өзіне мақсат еткен Гулжамила 1985 жылы училищені тәмәмдап, №1 қалалық балалар ауруханасында балалар медбикесі болып жұмысқа орналасады. 1987 жылы өзінің ауылдасы Жанболат Ахметұлымен отбасын құрады. Екеуі қол ұстасып, Іле ауданына келіп тұрақтайды. Гулжамила Үйсінқызы 1989 жылдан бері ауданымыздың емханасында балалар медбикесі болып қызмет етіп келеді.

1993 жылдан бастап ауданымызға соның ішінде Покровка ауылына Иран Ислам Республикасынан және Түркия, Ауғанстан елдерінен қандастарымыз атажұртына қоныстандырыла бастады. Осы кезеңде бұл отбасылардың балаларын медицина мекемесіне тіркеу, есепке алу кезінде аянбай еңбек етті. Ол уақытта орыс тілінің кең қолданыста болған кезеңінде елімізге оралған қандастарымыз бен емхана арасында аудармашы ретінде көмек көрсетіп, дәрі-дәрмек алуына, медициналық көмек көрсетілуіне жағдай жасады. Осының нәтежиесінде бүгінгі күнге дейін осы отбасылармен қарым-қатынасы үзілмей сыйластықтары арта түскен. Отыз жылдан аса бір жерде қызмет етіп, ауданымыздың денсаулық сақтау ісіне өз үлесін қосып, ел келешегі жас ұрпақтың денінің сау болып өсуі үшін жан аямай еңбек етіп жүрген Гулжамила Үйсінқызы қазіргі таңда Дәнекер, Дәурен атты екі ұл және Айнұр есімді бір қызды өсіріп, олардан бес немере сүйіп отыр. Үлкен ұлы Ахметов Дәнекер жеке кәсіппен айналысып, дәнекерлеу, ішкі-сыртқы монтаждау ісін қолға алған. Айнұр баспа ісі мамандығын меңгерген. Қазіргі таңда баспаханада қызмет етеді. Ал, кенжесі Дәурен Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер Академиясының Ерлан Біләл шеберханасында білім алуда.

Үйсін әулетінде бүгінде медицина саласында үш апалы-сіңілілер жұмыс істейді. Гүлжамиланың әпкесі Гүлнар әскери госпитальда, ал, сіңілісі Гүлжамал әскери емханада қызмет атқарады.

Гулжамила әпкеміз тек қана медицина саласының қызметкері бо-лып қоймай, қоғамдық істерге де белсене атсалысып жүр. 2011 жылдан бері аудандық сайлауалды штабының мүшесі болып, Президент сайлауында да, аудандық мәслихат депутаттарын сайлауда да беленділік танытып, ауданымыздың саяси-қоғамдық ісіне де өз үлесін қосып келеді. Сондай-ақ, кешегі Пандемия кезінде де, одан кейін де өз шама-шарқынша қайырымдылықпен айна-лысып, одан қалды тұрғындардың денсаулығы үшін екі есе жауапкершілік артылғанын сезініп, күн демей, түн демей қызмет еткен жандардың бірі. Қазіргі таңда вакцина егу науқанына да атсалысып жүр. Өтеген батыр кентіндегі егу пунктінің бірі Қуаттағы балалар ауруханасында тұрғындарға екпе егеді. Гулжамила Үйсінқызы тек екпе егіп қана қоймай, вакцина алған адамдарға арнайы топ ашып, олардың денсаулығы үшін алаңдап, екі-үш күн бақылауда ұстайды.

Жоғарыда айтып өткендей, ме-дицина қызметкері ретінде де, карантин кезінде адамгершілігінің көрсеткіші ретінде де ел-жұртқа кө-мектесуді, қайырымдылық жасауды өзінің өмірлік ұстанымы еткен мейірбан жан, тіршілікке күретамыр болған жүрегі шуақты тұлға Гулжамилаға жылына бір келетін айшықты мерекеңіз құтты болсын дейміз. Сіздің аудан халқы үшін атқарып жатқан игілікті ісіңізді басқа білмесе де, аялы алақаныңыздың мейірімін сезінген жан ұмытпайды. Сондықтан да әрқашан осындай мейірбандығыңыздан арылмай, жақ-сылығы мен жамандығы қатар жүретін өмірде Алланың берген адал несібесін теріп жеп, адалдық пен адамдықтың символы болып жайнап жүре беруінізге тілектеспіз.

Ербол АХМЕТ

Басқа жаңалықтар

Back to top button