Аудан жаңалықтарыҚазақстан Тәуелсіздігіне - 30 жылҚоғам

АЗАТТЫҚ – ЕЛДІГІМНІҢ ТІРЕГІ

Биыл – еліміз іргесін кеңітіп, ел болып еңсесін көтеріп, Тәуелсіздік алғанына отыз жыл. Осынау орда бұзар кезеңде Қазақстан түрлі асудан асып, белестерден өтті. Еліміз азаттықтың алғашқы жылдарында қандай еді? Аяғын тәй-тәй басқан баладай жаңадан бой көтерген мемлекетіміз ең әуелі іргесін бекітіп, әскерін сайлады. Одан кейін өзінің мемлекеттік нышандары – рәміздерімізді бекітті. Тәуелсіздік – қанша ғасырдан бері армандап келе жатқан бұрынғы ата-бабаларымыздың аңсаған арманы, аналарымыздың көз жасы. Еліміздің тәуелсіздігін алғаш мойындаған – түбі бір Түркия елі. Тек бір ел ғана емес, барша әлем елдері мойындап, қолдау көрсетті. Еркіндікке қол жеткізген жас мемлекеттің алдында жасалынатын көптеген жұмыстар тұрды. Өзінің ішкі және сыртқы саясатын, экономикасы мен валютасын қалыптастыру сынды жауапты жұмыстар тұрды. Осының бәрін отыз жылда орындап, әлем жұртының алдында өзінің даңқты ел екенін мойындата білді.

Тәуелсіз елдің алғашқы президенті – Нұрсұлтан Назарбаев. Еліміздің көркейіп, өркендеуіне бұл кісінің қосқан үлесі орасан. Жазық далаға ел жүрегі – Нұр-Сұлтан қаласын салып, оны әлем жұртына таныта білді. Қаланың аспанмен теңесе салынған биік ғимараттары мен халықтың қолданысы үшін әрқилы ойын-сауықтық кешендер барлығы қала әсемдігіне көрік қосып тұр. Қазақстанның әсем мекендері, сұлу табиғаты, жұпар ауасы, тарихқа толы қалалары бәрі еліміздің баға жетпес байлығы әрі әлем жұртының көз тіге қарайтын, саяхаттап келетін туристік мекенге айналды. Біз – тәуелсіз Қазақстанның болашағымыз. Ата-бабаларымыздың аңсаған арманы – тәуелсіздіктің бесігінде тербеліп, еркін өмір сүріп жатқан біз шынайы бақытты жандармыз. Ендігі мақсат – осы еркіндікті баянды ету біздің басты парызымыз.

Еліміздің Тәуелсіздігінің отыз жылдық мерейтойы қарсаңында мектебімізде оқу-шыларға азаттықтың қаншалықты қымбат, Тәуелсіздік ұғымының қаншалықты қастерлі екенін түсіндіріп, оларды тәуелсіз еліміздің жарқын болашағын қалайтын азаматтар болып өсуге баулыйтын бірнеше шаралар кешені өткізілді. Мәселен, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері, 5 «Б» сыныбының сыныпжетекшісі Ж. Садыкова мен 5 «Г» сыныбының сыныпжетекшісі Б.Кәрімнің ұйымдастыруымен 5-6 сынып оқу-шылары арасында «Тәуелсіздік деп соғады жүрегіміз» атты азаттық жайлы, Қазақстан жайлы рухты жырларды мәнерлеп оқу сайысы өтті. Ал, 7 «А» «Жас полиция» кадет сыныбының тәрбие жетекшісі Д. Кенджегулов тәуелсіз ел ұландарын баба мұрасын қастерлеуге баулып, «Ат міну мәдениеті» атты іс-шара ұйымдастырып, оқушыларға ат әбзелдері мен оның қыр-сырын айтып, таныстырды. Оқушылар да өз кезегінде жылқы жануары туралы білгендерін ортаға салып, сақтық шараларын сақтай отырып, атпен серуендеді.

Ал тарих пәні бірлестігі «Семей полигонының жабылуына – 32 жыл» атты бейнеролик дайындап, оқушыларға кеңінен таратылды. Оқушылар осы роликтен түйгендерін айтып, еліміздің тәуелсіздігі мәңгі болуы үшін демографиялық, эконмикалық және экологиялық тұрғыда дамуымыз керектігін түсіне білді. Ал, 6 «А» «Жас өрт сөндіруші» кадет сыныбы мен 6 «Ә» сыныбының ұйымдастыруымен «Көк тудың желбірегені» атты сыныптан тыс шара өткізілді. Осындай игі істен мектебіміздің кітапханашысы да тыс қалған жоқ. Кітапханашы Қ. Баткалова өз кезегінде «Менің елім – Қазақстан» атты ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған кітап көрмесін ұйымдастырып, отыз жылдыққа орай оқуға ұсынылған отыз кітапты оқушылар мен мұғалімдер арасында насихаттап, осы кітаптардың оқырман қауым арасында талқылануына түрткі болды.

Мінекей, мектебіміздің ұстаздары Тәуелсіздігіміздің мерейлі күніне орай көптеген шаралар ұйымдастырып, жас ұрпақты өткені мен бүгінін құрметтеп, ертеңге үмітпен, сеніммен қадам басуға тәрбиелеуде.

#Qazaqstan30

Ж.  ТӨЛЕГЕНОВА,

№7 орта мектеп директорының

 тәрбие ісі жөніндегі орынбасары

Басқа жаңалықтар

Back to top button