#Qazaqstan30Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыҚазақстан Тәуелсіздігіне - 30 жылҚоғам

АЗАТ ЕЛДІҢ ҰЛАНЫ

Тәуелсіздіктің  құрдасы

Тәуелсіздік – әр халықтың асыл арманы, асқақ мұраты. Қазақ халқы да өзінің азаттығы үшін ғасырлар бойы күресіп, найзаның ұшымен, білектің күшімен байтақ жерін қызғыштай қорыған. 300 жылдай Ресейдің боданында болып, Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мағжан секілді аяулы ұлдары ұлт қамын жеп, елдің санасын оятпақ болып талпынса да, қалың ұйқыға кеткен ұлттың рухы мен намысы бірден бас көтере қоймады. Тәуелсіздік атты қасиетті сөзді естіп, бостандықтың таңы ату үшін қанша арыстарымыз бен боздақтарымыз жан алысып, жан берісті.

Тәуелсіздік – қасиетті ұғым. Еліміз тәуелсіздігін алып, егеменді ел болғанына биыл аттай отыз жыл толып отыр. Осы отыз жылда Қазақстан әлем танымастай өзгеріп, қарыштап дамып, әлемдік аренада өзіндік орны бар мемлекетке айналды. Тіпті, алпауыт елдермен тізе қосып ғаламдық мәселелерді көтеріп, біршама істің оң шешімін табуына мұрындық болды. Азаттық алған жылдары дүние есігін ашқан ұл-қыз да биыл ордалы отыз жасқа толып, бір-бір отаудың иесі атанып, еліміздің өркендеуі үшін қызмет етіп, Қазақстанның гүлденуіне өз үлестерін қосуда. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз де тәуелсіздікпен түйдей құрдас, азаттықтың ақ таңымен дүние есігін ашқан азат елдің еркін ойлы ұланы, Іле аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкері, азаматтық қорғау капитаны – Рауан Рахышұлы. Ол 21.12.1991 жылы Іле ауданы Боралдай кентінде дүниеге келген. 1998 жылы Алматы қаласындағы №93 орта мектептің табалдырығын аттап, кейін Бауыржан Момышұлы атындағы әскери мектепте тәлім алған. 2013-2017 жылдары Алматы қаласындағы №7 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде құтқарушы-өрт сөндіруші, аға өрт сөндіруші, бөлімше командирі қызметтерін атқара жүріп, Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетінің «Өмір қауіпсіздік негіздері және қоршаған ортаны қорғау» мамандығы бойынша жоғары білім алады. 2017 жылы біліктілікті көтеру курсынан өтіп, алғашқы офицерлік шені – азаматтық қорғау лейтенанты шенін тағып, қызметтік жолда бір саты жоғарылайды. Рауан Рахышұлы 2020 жылдан бері Іле ауданы, Өтеген батыр ауылындағы №12 өрт сөндіру бөлімінде қарауыл бастығы болып қызмет етеді. Ол өз сөзінде: «Менің үйімнің жанында өрт сөндіру бөлімі болатын. Құтқарушылар мен өрт сөндіру қызметкерлерінің жұмысын бала кезден көріп өсіп, олардың жанкештілігіне тәнті болдым. Өзгенің өмірі үшін өз өміріңді қатерге тігіп, қарапайым азаматтардың үйінде орын алған өртпен бірге олардың мұң-қайғысын да бірге сөндіріп, жанына үміт отын сыйлайтын мамандықты таңдап, өрт сөндіруші болуды мақсат еттім. Әрине, бала кезде әр елесті бір қуып, әр мамандықты бір армандаушы едік қой. Мен не өрт сөндіруші, не полиция қызметкері боламын, елге қызмет етемін деп өзіме серт еттім. Сол арман мен ізгі мұраттың жетегінде жүріп, өрт сөндіруші болып, құтқару ісімен айналысып жүргеніме де сегіз жылға жуықтапты» — деп, не үшін осы мамандықты таңдағанын айтты. Ел үшін етігімен су кешіп, от пен судан, тілсіз жаудан тайынбай, халықтың тыныштығы мен жайлы өмірі үшін күресіп жүрген Рауан Рахышұлы 8 жыл ішінде 500-ге жуық өрт сөндіру шараларына қатысқан. Оның ішінде 15-20 шақтысы Адем, Барахолка базары, қоқыс полигоны секілді ірі өрттерді сөндіру ісі болса, елуге жуық жанның өмірін табиғи апаттардан, су тасқынынан, зілзаладан құтқарған.

Өрт сөндіруші болу оңай ма? Ол қандай мамандық? Жалпы, өрт сөндіру қызметі – әлемдегі ең қауіпті, нағыз ер азаматтарға тән жүректілік пен батылдықты талап ететін мамандықтардың бірі. Біз Рауанмен тілдесіп, оның біркүндік жұмыс барысымен танысқан сәтте өрт сөндірушіге мықты денсаулық, өз ісін меңгерумен қатар құтқарған адамына алғашқы көмекті көрсете білу, биіктікте жұмыс жасап үйрену, қажетті номативтерді жақсылап тапсыру, шыдамды әрі күшті болу керектігін түсіндік. Диспетчерге қоңырау келіп түскен сәттен өрт сөндіру жасағы бар-жоғы екі минут ішінде құрал-жабдықтарын алып, өртке қарсы жауынгерлік киімдерін киіп, өрт сөндіру көлігімен бөлімшеден шығып кетулері керек екен. Бұл – өрт сөндірушіден шапшаңдықты талап ететіндігінің белгісі. Біздің кейіпкеріміз: «Мұндай қасиеттердің барлығы ұзақ дайындық пен жаттығу барысында қалыптасады. Біз әр күн сайын арнайы нормативтерді тапсырамыз. Жүгіру, арнайы киімді кию, өрт сөндіруге арналған құбырішекті алып жүру, сатымен жоғары қарай өрмелеу секілді қырықтан астам норматив түрлері бар. Осының барлығын меңгеріп, белгіленген уақыт ішінде тапсыру қажет. Күнде өлім мен өмірдің арасында арпалысып жүрген батырлардың құрал-саймандары сақадай сай, дайындықтары жоғары болуы керек. Себебі, бұл іс сәл мүлт кетуді кешірмеуі мүмкін. Бір минут – бір ғұмыр. Біз үшін әрбір адамның өмірі мен денсаулығы аса маңызды», — деп, жаттығу жасаудың маңыздылығын атап айтты.

Иә, күн сайын табиғи апат салдарынан немесе қауіпсіздік ережелерін дұрыс сақтамаудан туындайтын өрттермен бетпе-бет келіп, тілсіз жаудың «тілін табуға» тырысатын маман иелерінің қызметі шын мәнінде оңай емес. Кез келген сәтте тілсіз жау өзіңе тап беріп, немесе жалынға оранған заттың үстіне құлап кетуің, иіс тиіп, ес жоғалтуың әбден мүмкін. Сондықтан, төтенше жағдай кезінде ең алдымен көмекке ұмтылып, тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіруге тырысатын өрт сөндіруші мамандардың еңбегі ерлікпен пара пар! «Бейбіт күннің батыры» деуге әбден лайық қайсар жан, өз ісінің майталманы, Тәуелсіздіктің құрдасы Рауан Рақышұлын азаттықтың отыз жылдығымен қатар келген мерейтойымен құттықтай келе, қызметте табыс, отбасылық өмірде бақыт тілейміз. Еліміздің өркендеуі үшін үлес қосып, жұртымыздың тыныштығын, әрбір тұрғынның өмір қауіпсіздігін күзетіп жүрген арда азаматтарымыз аман болсын!

А. ЕРГЕШБАЙҰЛЫ

Басқа жаңалықтар

Back to top button