Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыДін және қоғамҚоғам

Ілім жолы — жәннат жолы

Білімге ұмтылу – шынайы сенушілерге тән қасиет. Құран мұсылмандарды білімді байлық пен атақ үшін емес, сенім үшін игеруге шақырады. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) Мәдинаға хижра жасағаннан соң, сол жерде мешіт салдырып, онда арнайы дінді үйрету мақсатында бір бөлім құрғаны және ол орында өзі ұстаздық еткені мәлім. Алла елшісі оқу-жазуды және басқа да ғылымдарды халыққа үйретуді сахабалардың ішіндегі сауаттыларына міндеттейді. Бәдір соғысы кезінде Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) қарсылас жақтан тұтқынға түскендердің оқу-жазу білетіндеріне, мәдиналық он мұсылманның сауатын ашқан жағдайда босату шартын қойғаны ислам тарихынан белгілі. Хазіреті Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бір жағынан білімділерге білетінін білмейтіндерге үйретуді бұйырса, екінші жағынан мұқтаж аймақтарға дінді үйрететін ұстаздарды жіберіп отырды. Осылайша мұсылмандардың білім алуына өзі тікелей ұйытқы болып, үлгі көрсетті. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) ислам діні жаңадан таралып жатқан аймақтарға өз сахабаларын жіберу арқылы сол аймақтағы халықтың дін исламды тереңірек түсінуіне жағдай жасады. Исламға дейін сан түрлі наным-сенімді ұстанып келген жат жерлік халықтар білімдар мұсылмандар арқылы ислам дінінің асыл құндылықтарымен сусындады.

Ислам дінінде білім алушы екі жаман қасиеттен арылуға тиіс деп есептеледі. Олар: тәкаппарлық және шектен шыққан ұялшақтық. Біріншіден, шәкірт өз қателіктерін мойындай білуі және жеткен жетістіктеріне масайрап кетпеуі керек. Екіншіден, шәкірттің шектен шыққан ұялшақтығы да білімді жетілдіруге кедергі болып табылады. Өйткені, ұялшақ шәкірт түсінбеген жайтты ұстазынан сұрауға қысылады және бойында керітартпа қасиеттер пайда болады.

Білімді алып қана қоймай, білгеніңді өзгеге үйрету де қажет. Ілім жолы – жәннат жолы. Ілім үйреніп, сол ілімімізден өзгеге пайдамызды  тигізер болсақ және діннен хабарсыз көптеген адамдардың иманға келуіне себеп бола білсек, зор сауапқа кенелетінімізді хадисте сүйіншілеген:

«Сенің себебіңмен Алла Тағала бір адамды һидаятқа бастаса,  сен үшін бұл дүние және дүниеде болған барлық нәрседен хайырлы». (Хадисті имам Бухари риуаят етті). Саффан ибн Ассал (р.ғ.) әңгімелейді: «Бірде Алланың елшісі мешітте отыр екен. Қасына барып, «Уа, Расулалла! Мен білім іздеп келдім», – дедім. Расулалла: «Қош келдің, білімге құштар жан! Періштелер білім іздеген адамға құрмет көрсетіп, оны айнала қанаттарын жайып, көкке шеңбер жасай көтеріледі», – деді». Алланың елшісі (с.ғ.с.): «Алла Тағаладан пайдалы ілім сұраңдар және пайдасыз ілімнен Алла Тағалаға сыйыныңдар!»,-деді. (Хадисті Ибн Мажә риуаят етті). Алла Тағала қасиетті Құранда: «(Уа, Мұхаммед!) Сен оларға айт: (Ақиқатты) білетіндер мен (Құдайы мен пайғамбарын танымайтын) білместер әсте тең бола ала ма?» «Зүмәр» сүресі, 9-аят. «Өздерің білмесеңдер, білім иелерінен сұрап, үйренуге талпыныңдар!» («Нахыл» сүресі, 43-аят) деп Ұлы Алла білімнің артықшылығын баяндап әрі жол нұсқап тұр.

Жалпы Құранда «білу» деген мағынаға саятын «илм» түбірінен туындаған 780 сөз кездеседі. Ал ғылымның маңыздылығын ұғына түсу үшін ғылым деген сөзбен мағыналас хикма мен ғалым деген мағынаға келетін «хаким» сөздерінің де жиі қолданылуына назар аударған жөн. Мәселен «хикма» сөзі 20, «хаким» сөзі 97 жерде кездеседі. Қосымша «білу» деген мағынаға келетін «марифа» сөзі 70-ке жуық қолданылады. Қасиетті Құранның алғашқы түскен аяты білім алуға шақырады. Бізді жоқтан бар еткен Алла соңғы елшісіне, біздің сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедке:

اقْرَأْ بِاسْمِ رَبِّكَ الَّذِي خَلَقَ (1) خَلَقَ الْإِنْسَانَ مِنْ عَلَقٍ (2) اقْرَأْ وَرَبُّكَ الْأَكْرَمُ (3) الَّذِي عَلَّمَ بِالْقَلَمِ (4) عَلَّمَ الْإِنْسَانَ مَا لَمْ يَعْلَمْ (5)

«Оқы! Сені жаратқан Раббыңның атымен оқы! Ол адамды ұйыған қаннан жаратқан. Оқы! Раббың аса ардақты. Ол қаламмен (хат жазуды) үйретті. Адамға білмеген нәрселерді білгізді», — деп, Құранның ең алғашқы аяты «оқы» деп түскен. («Алақ» сүресі,1-5 аяттар).

Білім – ақ пен қараны ажырататын, адам баласының көзін ашатын Алла Тағаланың адам баласына берген үлкен сыйы. Білім – ақыл мен парасаттың белгісі. Расында ислам дінінің адамзат баласына қоятын ең басты талабы білім алу және іздену. Олай болса бар құнды уақытымызды білім жолына жұмсайық. Алла баршамызға ілім жолында жеңілдік берсін.

Машрап МАХАМБЕТОВ,

Жаңадәуір ауылы, «Айтақын ата»

мешітінің бас имамы

Басқа жаңалықтар

Back to top button