#Qazaqstan30Алматы облысының жаңалықтарыҚоғам

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес

Адамзатқа ертеден таныс сыбайлас жемқорлық – заманмен бірге өсіп-өркендеп, небір тегеурінді қарсылықтарға төтеп беріп, қайда мол қаражат, пайда болса, сол жерге тамыр жайып, бүгінге дейін жойылмай отырған қауіпті кеселдің бірі. Басқа дамушы елдер сияқты, біздің жас мемлекетімізді де жегі құрттай бұл кесел айналып өткен жоқ.

 «Тәуелсіздік жылдарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту үшін не істелді?», «Мемлекеттік қызметкерлерлер ел мүддесі үшін адал еңбек етуде ме?» деген сауал толғаудың тақырыбына тағы да әкеліп тірейді. Мемлекеттік қызметтегі адалдық – бүкіл мемлекеттің мүлкін жаныңмен жақсы көруге және адал болуға жеткізетін жалғыз жол. Сыбайлас жемқорлықтың тамыры осы адалдықтан бастау алатыны ақиқат.Бірақ неге қазір сыбайлас жемқорлықты айтсаң, жұрттың біразы тіксініп шыға келеді?

Әрине, себепсіз құбылыс жоқ.Ұлы дала төсіндегі Қазақ еліне, зарығып жеткен тәуелсіздігімізге төніп тұрған аса үлкен қауіп – сыбайлас жемқорлық пен парақорлық. Халық жазушысы Шерхан Мұртаза «Мыңжылдық соңындағы сөз» публицистикалық толғамында: «Өкінішті жағдай: ХХІ ғасырға қазақ елі демократия елесімен қоса коррупция топанын ала келді», — деп толғанған болатын.

«Бір пара жанды малды қып,

Бір пара жанды малсыз қып,

Бір пара жанды ғалым қып,

Бір пара жанды залым қып,

Бір пара жанды дінсіз қып,

Шерне үшін жанды жаратты», -деп жырлаған «Зар заман» ақыны Шортанбай Қанайұлының айтқаны келді ме?!

Мәңгілік елдің перзентінің өз арманы мен мақсаты болуы керек деп ойлаймын. Мақсатсыз өмір сүру – дүниеден көзіңді жұмып өтумен бірдей. Улы араның денесінен бал тамшыласа, тікені ащы сояудан раушан гүлі жұпар шашады. Әрбір қазақстандық жас өрен үшін бар мақсат – табан ақы, маңдай терде болмақ. Бізге мәңгілік ел болу үшін мемлекеттік қызметкердің ел мүддесі үшін аянбай етуде осы құндылықтар ауадай қажет. Жемқорлықпен күресте мемлекет те аянып жатқан жоқ. «Нұр Отан» партиясы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет жөніндегі кеңес те осынау әлеуметтік зиянкестікке қарсы жүйелі күрес жүргізіп келеді.

Жемқорлық, парақорлық жайлаған елдің болашағы бұлыңғыр болмақ. Жас толқын осы дертпен уланбауы тиіс деп санаймын. Жастар, балауса ұрпақ уланса, мәңгілік еліміздің болашағы қандай болмақ.

Қазіргі қазақ қоғамында белең алып отырған, көпшіліктің көкейін тескен мәселелер көп-ақ. Соның ең маңыздысы – жемқорлық.

Жеке тұлға немесе мекеме оны жеңе алмайды. Әркімнің бойында қанағат болуы қажет. Сол қанағатсыздықтың салдарынан осы кесел  өршіп тұр. Материалдық байлықтан гөрі рухани байлықты жоғары қоюымыз керек.   Әр адам өзінің құқықтық сауаттылығын арттырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру  керек.  Парасатты, адамгершілігі жоғары адам әрдайым түзу жолмен жүріп, таза еңбекпен тіршілік етеді.  Әр азаматтың бойында адалдық, әділдік, елге деген сүйіспеншілік болса, бұл әдеттен бойын аулақ ұстары сөзсіз. Әр ұлтжанды азамат бұған селқос қарамайды. Келешекте ұрпағымыз жемқорлыққа лас әрекет деп  қарауы үшін сана-сезімінің тазаруына әсер етіп, жүрегіне адамдық қасиеттерді сіңіре білуіміз қажет.  Жемқорлыққа қарсы күрес – ұлтының болашағын ойлаған әрбір саналы азаматтың міндеті..

Қоғамның барлық күш-жігерін біріктіріп,осы дерттің одан әрі ушықпауы үшін оны тоқтатудың  барлық амалдарын қолдану арқылы ғана бұл қасіретке  қарсы тұруға болады.  Қазақ халқында «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» деген қанатты сөз бар.Сондықтан да құлқынның қамын ойлаған кейбір адамдардың теріс әрекеті  бүкіл ұжымға кері әсерін тигізбеуі үшін  сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірлесе,ымырасыз күрескеніміз дұрыс деп ойлаймын.Қазақстанымды парақорлық пен сыбайлас жемқорлыққа малынған мемлекет ретінде емес, гүлденген және ілгері қадам басқан өркениетті ел ретінде көргім келеді.

Әбілғани Дулат Бақытжанұлы

Күрті ауылдық округі әкімінің орнынбасары

Басқа жаңалықтар

Back to top button