#Qazaqstan30Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыҚоғам

Бақтияр ТАЛҒАТҰЛЫ: «ЖАСТАР – ҚОҒАМНЫҢ ҚОЗҒАУШЫ КҮШІ»

Депутат мінбері

Қазақ халқы елім деп еміренер, жұртым деп тебіренер жалынды жасқа кенде емес. «Шабам деген жігітке ат беретін, жанам деген жүрекке от беретін» дархан көңіл халықпыз. Сондай-ақ, өсетін ұлды он бесінде бас қылып, ақылы асса аға тұтатын да қасиетіміз бар. Ел дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген, жүрегі жалынға, ойы амбицияға толы жас депутаттардың бірі, еліміздің өркендеу жолында халық үшін қызмет ететін білімді, білікті әрі жігерлі жастың бірі, «Nur Otan» партиясы атынан сайланған аудандық мәслихат депутаты Рымжанов Бақтияр Талғатұлымен атқарған істері жайлы сұрап, тілдескен едік…

— Бақтияр Талғатұлы, оқырмандарымызға өзіңіз жайлы қысқаша мәлімет беріп өтсеңіз…

— Мен, Рымжанов Бақтияр Талғатұлы 1993 жылы Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданы, Таскескен ауылында дүниеге келдім. 2009 жылы орта мектепті аяқтап, Алматы заң колледжіне оқуға түсіп, 2012 жылы «Заңгер» мамандығын иелендім. Кейін «Caspian University» оқу ордасында білімімді толықтырып, толыққанды маман атандым. Заңгерлік білім алсам да, журналистика саласына көңілім ауып, әр түрлі телеарналарда қызмет еттім. Соның ішінде 2017 жылы «Qazaqstan» РТРК» АҚ, «Qareket» бағдарламасының редакторы қызметін атқарғанда үлкен өмір мектебінен өттім. Одан кейін Алматы облысы Іле ауданы әкімінің баспасөз хатшысы қызметін атқардым. 2020 жылдан бері Іле аудандық «Іле таңы» газетінің директор-бас редакторы болып қызмет еттім. 2021 жылдан бастап Іле аудандық мәслихатының депутаты болып сайландым.

— Депутаттық мандатты қолға алғалы атқарған істеріңізге шолу жасасақ…

— Депутат атану оңай, депутаттың жүгін арқалап жүру қиын. Осы мандатты қолға алғалы, өзіме қарасты округте біршама істің басы-қасында жүрміз. Әр депутаттың өзіндік ерекшелігі, өз ортасында айқын көрінетін басымдығы болады емес пе? Мен бұған дейінгі қызметтерімде журналист болып, қоғамның мұң-мұқтажын көріп, елге жеткізіп жүргендіктен болар, қоғамда болып жатқан мәселелерді дер кезінде байқап, саралап, сараптап, әлеуметтік желілерде халықпен тығыз байланыс орнатып, елдің мұңын, шешілмей қордаланып жатқан мәселелерін аудан басшылығына жеткізуге тырысамын. Осы орайда, халықтың қажеттіліктерін өтеу мақсатында тұрмысы төмен отбасыларды қыстық отынмен, көмірмен қамтамасыз етіп, қолдан келгенше көмек көрсетіп жатырмыз.

Ащыбұлақ округінде күн тәртібінен түспей тұрған, қордаланған мәселесі ең көп аймақ – саяжайлар. Саяжайдағы мәселені шешу барысындағы ең үлкен жетістігіміз деп 18 саяжайдың арасын жалғап тұрған ұзындығы 7 шақырымды құрайтын тас жолдың салынуын айта аламыз. Ауыл арасына жол түскен соң, балалардың мектепке бару мәселесі, жол қатынасы біршама шешілді. Сондай-ақ саяжайда тұратын оқушылар үшін 900 орынды және 1500 орынды мектептердің құрылысы қолға алынды. Бұл ретте аудан әкімінің еңбегі орасан.

— Тұрғындармен үнемі байланыстасыз ба?

— Мен қоғаммен ұдайы ашық байланыстамын. Ұстазым марқұм Құранбек Бейсен Абайұлы ағамыз да ұдайы «Қарекет ет, батырым» деп бізді үнемі жағдайы төмен кісілерге көмектесіп, әрдайым жақсылық жасауға талпындыратын. Мен де ұстазымнан алған тәлім бойынша әр кез мұқтаж жандарға қолдан келгенше көмек беруге тырысамын. Біз көбіне өзіміз ұмтылмай, ізденбей жатып, өзгені кінәлауға әуеспіз. Біз айтпасақ, сұрамасақ, «Алма піс, аузыма түс» деп жата берсек, ешкім де бізді жарылқамайды ғой. Мәселен, қазір техниканың дамыған заманында әлеуметтік желілер де халық үшін қызмет етуде. Әлеуметтік желілер арқылы да қабылдауларға қатысып, өзін толғандырған мәселені айтып, сауалдарын қоюға болады. Сонымен қатар, халықтың мұң-мұқтажын тыңдауға арналған сервистік әкімшіліктер де ашылған. Біздің ұялы байланыс телефондарымыз да аудандық басылым «Іле таңы» газетіне жиі жарияланып тұрады. Мінекей, халық әлдебір бөлім басшыларынан, әкімдіктегі қызметкерлерден тиісті жауап ала алмаса, бізге хабарласып, мәселені оңтайлы шешулеріне болады. Біз депутат әрі халық қалаулылары ретінде ел мен биліктің арасында алтын көпір бола білеміз.

— Сіз көбіне жастар мәселесін көтеріп жүрсіз. Елбасымыз да ел болашағы жастардың қолында екенін айтқан болатын. Ауданымызда жастарға қандай жағдай жасалып жатыр?

— Жастар мәселесіне келер болсақ, 2020 жыл «Еріктілер жылы» деп жарияланып, жастарға жағдай жасалып, жастардың өздерін жан-жақты танытуларына көптеген мүмкіндіктер болды. Жастардың әлеуетін көтеру мақсатында аудандық Жастар орталығының да атқарып жатқан жұмысы ерен. Мен өзім де жастар арасындағы көптеген сайыстардың қазылар алқасының құрамында болдым. Жуырда ғана «Жас көшбасшы» байқауы өтті. Сол сайыста дарынды, білікті жастарды байқап, олардың жастық жігерін ауданның дамуына, жақсылыққа, ел үшін арнауына ұйытқы болып, жастардың тұрмысының жақсы болуына да өзіндік ықпалымды тигізіп жатырмын. Атап айтқанда, Ащыбұлақ ауылдық округына заманауи екі «стрит воркаут» алаңын орнатуға мұрындық болдым. Осы округте ұзындығы 500 метр, ені 50 метр болатын аллея орнату үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленді. Бұйыртса, аллея құрылысы келесі жылы қолға алынады. Бұл да жастардың уақытын тиімді пайдалануға, таза табиғат аясында серуендеуге, спорттық жаттығулармен айналысып, салауатты өмір салтын ұстануына жасалған жағдай деп білеміз. Бұдан бөлек Мәдениет үйінің де сметалық-жобалау құжаттары дайындалды. Ақша бөлінсе, оның да құрылысы қолға алынады. Бұл өнерге құштар жастардың әр түрлі секцияларға қатысуына мүмкіндік беретін, жастардың бойындағы талантын шыңдап, та-лабын ұштайтын мәдениет ошағына айналады деп ойлаймын.

Сондай-ақ, жастар мәселесін шешу үшін аудан әкімімен жастар арасында «Галстуксыз кездесу» өткізу жоспарымызда бар. Бұл кез-десуде қызметте жүрген ағаларымыз жастарға қызмет иесі емес, аға ретінде ақыл-кеңесін айтып, жастардың дамып, өркендеуіне, рухани тұрғыдан жетілуіне ықпал етіп, ағалықпен алға жетелейтін жақсы бір отырыс болады деп сенемін. Алдағы уақытта атқарсақ деген іс пен жоспар өте көп. Алайда, оның бәрін жіпке тізіп айтқанша, «Арық айтып, семіз шық» дегендей, сөзбен емес, іспен дәлелдеген жөн болар.

— Тәуелсіздіктің 30 жылдығына айтар тілегіңіз?

— Тәуелсіздік күні мерекесімен барша аудан тұрғындарын құттықтаймын. Тәуелсіздігіміз мәңгі, ел іргесі берік болсын.

— Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен: Алмат ЕРГЕШБАЙҰЛЫ

Басқа жаңалықтар

Back to top button