Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыБасты ақпаратҚазақстан жаңалықтарыҚоғамТұлға

Пенделіктен биік тұрған тұлға

Ел ішінде Дінмұхаммед Ахметұлы туралы сөз бола қалса, халық бір ауыздан «Қазақстанды 40 жыл басқарған Қонаев қой ол» деседі. Иә, Қазақстанды 40 жыл билеп, елге ерекше сыйлы тұлға болды. Алып денелі, еңселі адамның бойында қазақ халқының бас имейтін тәкаппар болмысы мен шиыршық атқан бұла күші буырқанып тұратын еді.

Замандастары, республика басшылығында бірге қызмет еткен қызметтестері Димаш ақсақалдың пенделік тірлікке бой ұрмай, дүние-байлықтан жоғары тұрғанын, мәдениет пен парасатты, адалдықты, адамға деген сенімді биік бағалап, кісілік келбетіне көлеңке түсірмей өмірден озғанын әңгімелейді.

Қалың ел болып жақсы көріп, Димаш атаған Дінмұхаммед Ахметұлының туғанына биыл 110 жыл толуда. Ол  1912 жылы 12 қаңтарда қазіргі Алматы қаласында дүниеге келді. Оның ата тегі қазақтың дәстүрлі кәсіби мал шаруашылығымен шұғылданды. Олар Құйған деген жерде, Күрті және Іле өзендерінің жағалауында тұрды.

Қазіргі кезде аймақтық жағынан Алматы облысының Балқаш және Іле аудандарына жатады. Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаев орта мектепті тәмәмдаған соң, Мәскеудегі түсті металдар және алтын институтында білім алды. Жас тау-кен инженері Д. Қонаев Қоңырат құрылысына жолдама алды. Оның жұмысы Балқаш мыс балқыту комбинатының Қоңырат руднигімен байланысты болды. Ол бұрғылау станогында машинист, мастер, ауысымдық инженер, цех бастығы, бас инженер, рудник директоры болып жұмыс істеді. Одан кейін де көптеген партиялық қызметтерді атқарды. Ал, 1960 жылы бірауыздан Қазақстан Компартиясы ОК-нің Бірінші хатшысы болып сайланды. Бірақ, 1962 жылдың желтоқсанында КОКП ОК басшысы Н.С. Хрущевпен Қазақстан жерінің бір бөлігін Өзбекстанға өткізу жөніндегі келіспеушілікке байланысты Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаев қызметінен босап, Қазақ КСР Министрлер Кеңесін басқаруға жіберілді.

Хрущев қызметінен босап, билікке Л. И. Брежнев келгеннен кейін 1964 жылы Қонаев Орталық Комиттеттің бірінші басшылығы қызметіне қайтып оралды.Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаев Қазақстанның дамуына аса зор үлес қосты. 1955-і жылдан 1985-і жылға дейін республика өнеркәсіп өндірісінің көлемі 8,9 есе, ауыл шаруашылығы 6,2 есе, құрылыс 8 есе өсті. Республиканың игерілмей жатқан аймақтарында мыңдаған елдімекендер, 47 жаңа қала пайда болды. Қазақстанның ғылыми күш-қуатының қалыптасуына ерекше көңіл бөлді. Қазақстанда қолайлы  әлеуметтік-экономикалық  жағдайдың орнауы  демографиялық дамуға әсер етті. Республика халқының саны 1955 жылдан бері екі есеге артты, 1987 жылы 16 миллион, 244 мыңға жетті.

1986 жылы 16 желтоқсанда ҚКП ОК-нің пленумында Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевтың зейнетке шығуына байланысты Бірінші хатшы қызметінен босату туралы шешім қабылданды. Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаев Қазақстан тарихындағы ең үлкен қоғам қайреткерлерінің бірегейі. Оған тотаритарлық жүйеде әлемдегі ірі державаның бірнеше басшысы – Сталин, Хрущев, Брежнев, Андропов, Черненко, Горбачевтармен жұмыс істеуге тура келді.

Дінмұхаммед Қонаев мінез-құлқының, ақылының, зиялылығының арқасында 20 ғасырдағы бірқатар саясаткерлер арасында ерекше көзге түсті. Ол «Менің уақытым туралы», «Сталиннен Горбаечевқа дейін» деп аталатын естелік кітаптардың авторы.

Қазақ халқының біртуар ұлы, ел есінде адалдығымен, әділдігімен, даналығымен ел билеушісінің эталоны ретінде сақталып қалған Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевтың өнегелі өмірі жас ұрпаққа үлгі болып, өскелең буын елге тұтқа болған ұлық тұлғаның келесі істерінен тәлім алып, еліміздің өркендеуі жолында Димаш атамыз секілді аянбай еңбек етсе, біздің жас Қазақстанымыз гүлденіп, биік белестерді бағындыратынына кәміл сенеміз.

Динара ТОЛЫНБЕКОВА,

№7 орта мектептің мұғалімі

Басқа жаңалықтар

Back to top button