Аудан жаңалықтарыАуыл тынысыЗнай нашихҚоғамМәдениетМерекелер

ОТБАСЫНЫҢ АЛТЫН ДІҢГЕГІ

Ерте заманнан қазақ қоғамында әке – отбасының қорғаны, асыраушысы, асқар тауы мен айбыны. Қазақ халқы «Әкеге қарап ұл өсер» деп, ұл бала үшін әкенің орны ерекше екенін әу бастан түсініп, әке беделін биік қойған ел. Алайда, қазіргі нарықтық заманда кей әкелер отбасын керек-жарақпен, азық-түлік, киім-кешекпен қамтамасыз етуші адамның рөлін атқарып, отбасын асырау қамымен жүргенде, бала тәрбиесіне аса көп назар аудармай жатады. Отбасындағы әке тәрбиесінің маңыздылығы жайлы БҰҰ-ның тұрақты үйлестірушісі Норимаса Шимомур:  «Бала тәрбиесіне әкелердің қатысуы баланың жалпы дамуына ғана оң әсерін тигізіп қоймай, үйдегі серіктестер арасындағы үй жұмысын теңдей бөлу арқылы отбасының нығаюына да септігін тигізеді» — деп, баса айтқан болатын. Осы орайда, «Халықаралық аналар мен қыздар күні бар, бірақ әкелер күні неге тойланбайды?» деген сауал туатыны заңды. Әкелер мерекесі жоқ емес, бар екен. Қазақ даласына енді-енді сіңіп жатқан бұл атаулы күн 1929 жылғы 19 маусымда АҚШ-та алғашқы рет өткізіліпті. Осы мерекелік шараның ұйымдастырушысы Вашингтон штаттарының бірі Спокан қаласының тұрғыны Миссис Доддтан болған. Ол осындай мерекені ұйымдастыру арқылы  анасы қайтыс болған кезде бес баланы бағып, мәпелеп, жетілдірген ардақты әкесі мен баласын жалғыз тәрбиелеп жүрген барлық әкелерді жоғары бағалайтынын білдіргісі келген екен.

«Әкелер күні» – Америка құрама штаттары үшін ұлттық мереке. 1966 жылы АҚШ президенті Линдон Джонсон маусымның үшінші жексенбісін әкелердің құрметіне ұлттық мереке деп жариялады. Уақыт өте келе, отбасылық құндылықтарды бағалайтын басқа мемлекеттер де осы күні АҚШ-қа еріп, әке-шешеге құрмет көрсетті. Маусым айының үшінші демалысыда аталып өтетін «Халықаралық әкелер күні» — 19 маусымға тура келіп тұр. «Әкелер күні» мерекесін қазіргі таңда әлемнің 80-нен астам елі кең ауқымда тойлайды.

 «Әкелер күні» соңғы жылдары біздің өлкемізде де атап өтілуде. Осы мерекелік күн қарсаңында ауданымыздың білім және спорт саласына өзіндік үлесін қосып жүрген ауданымызға белгілі ұстаз, арыстандай үш ұл мен қызғалдақтай бір қыздың ардақты әкесі Туғанбаев Айдар Садықұлы туралы сөз қозғамақпыз. Біздің кейіпкеріміз 1972 жылы Алматы облысы Кербұлақ ауданы Қарашоқы ауылында дүниеге келген. Орта мектепті бітірген соң, спорт саласын таңдап, жас ұрпақты спортқа баулып, олардың салауатты өмір салтын ұстанып, шымыр болып өсуіне өз үлесін қосамын деп өзіне серт беріп, денешынықтыру пәнінің мұғалімі болуға бел буады. Осы арманның жетегінде еліміздің белді жоғары оқу орындарының бірі І.Жансүгіров атындағы Талдықорған педагогикалық институтында (қазіргі Жетісу мемлекеттік университеті) оқып, еңбек жолын өзі білім алған Қарашоқы ауылдық орта мектебінен бастайды.

Айдар Садықұлы мектеп қабырғасында жүрген сәттен өзінен бір сынып төмен оқитын Ләззат атты аруға ғашық болады. Айдар болса тепсе темір үзетін қарулы, бойы сырықтай, өнерлі, сері жігіт, ал Ләззат жүзінен иман нұры төгілген, сыпайы, қазақы ибалылығын сақтаған, күміс көмей әнші, сұлу да сымбатты қыз. Оқушы кезден-ақ олардың махаббаты қатарластарының арасында аңызға айналып, бала махаббат дана махаббатқа ұласып, пединститутта оқып жүрген шақта, 1991 жылы екеуі бас қосады. Алғашында екеуі де студент болған соң пединституттың жатақханасында тұрып, кейін ауылдағы қарашаңырақтың отын өшірмей, ата-анасына адал ұл мен адал сүт емген келін болып, әке-шешенің разылығын алады.

Айдар отбасымен бірге 2011 жылы қоныс аударып, Іле ауданына көшіп келеді. Сол жылдан бері жан жары Ләззатпен бірге Өтеген батыр ауылындағы №7 орта мектепте бірі денешынықтыру пәнінің, бірі музыка пәнінің мұғалімі болып қызмет етуде. Айдардың жар қосағы Ләззат екеуі отбасын құрған 30 жылдан аса уақыт ішінде қатты сөзге келмегенін, Айдар ағамыздың отбасында жайлы отағасы екенін мақтанышпен айтты. Жастық шақтан естелік айтқан Ләззат: «Екеуіміздің махаббатымыз ерекше болды. Біз оқушы кезде ауыл жастарының, студенттік шақта І.Жансүгіров атындағы педагогикалық институттың студенттері үшін аңыз махаббат иелері болдық десем, артық айтқандық болмас. Курстастарымыз да, төменгі курс студенттері де бізді үлгі тұтар жұп болдық. Адал махаббатпен, асқан сүйіспеншілікпен қосылдық. Осы уақытқа дейін бірде-бір рет көңілімді қалдырып, жаныма қаяу салған кезі болмады. Балаларына да үнемі көңіл бөліп, олардың отбасындағы тәрбиесіне, дұрыс білім алуына алаңдап отырады», — дей келе, алдағы өмірде де адалдығы мен азаматтық болмысын жоғалтпайтынына сенетінін білдірді. Ағайынға сыйлы, дос-жаран алдында қадірлі, өнегелі отбасының тізгінін ұстап отырған Айдар ағамыз бұл күнде Қуат, Дидар, Санжар атты үш ұл мен Айым атты айдай сұлу қыздың әкесі, Аңсар атты кішкентай бүлдіршіннің Алатаудай атасы.

Иә, әкенің балаларына сыйлы, елге қадірлі болуының бір негізі – алған жарында. Айдардың да осылай ұл-қызына асқар тау, діңі мықты бәйтерек болуына ең әуелі өзінің азаматтық болмысы себепші болса, жан жары Ләззаттың балаларына жақсы үлгі көрсетіп, ерін сыйлап, әкелерін құрметтеуге баулып, әкенің орнын әрдайым биік етіп тәрбиелеуінде болса керек. Айдар ағамыз да өз кезегінде балаларынан әкелік мейірімін аямай, шапағын шашып, ұл-қызының жақсы өмір сүріп, тәртіпті, қатарына үлгілі болып өсуі үшін алаңдайды. Сол үшін өзі де балаларына жақсы істерімен үлгі-өнеге көрсетіп келеді. Иә, Алла тіл мен көзден сақтап, елге құр сөзбен емес, ісімен өнеге болар отбасыларымыз көп болсын.

Осындай өнегелі отбасынан тәлім алған Қуат та әке жолын қуып, спортпен, атап айтқанда еркін күреспен айналысып, әр түрлі жарыстарда жүлдегер болды. Қазіргі таңда Қуат та әкесі Айдармен бірге №7 орта мектепте денешынықтыру пәнінің мұғалімі болып қызмет етіп жүр. Ал, Дидар – ғылым саласын таңдап, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында қазақ тілінің дамуына үлес қосып жүрген ғылыми қызметкер. Айдар ағаның қызы Айым биыл орта мектепті тәмәмдап, «Алтын белгі» иегері атанды. Болашақта өзіндік сән үлгісін қалыптастырып, қазақ халқының атын әлемге танытатын дизайнер болуды армандайды. Санжар – әлі де болса мектеп оқушысы. Десек те, «Әке көрген – оқ жонар» демекші, ол да әкесі мен ағаларының жолын қуып спортпен айналысып жүр.

Айдар Туғанбаев биыл ердің жасы елуге аяқ басып отыр. Әкесінің алдында жас бала болса, ұл-қыздарына қорған, саялы бәйтерек, немересінің ардақты атасы Айдар ағамызға алдағы өмірде де деніне саулық тілеп, шаңырағы шайқалмай, отбасының береке-бірлігі бекем болып, үлкен әулетке айналуына тілектеспіз.

«Әкелі бала – жаужүрек» деп Бұқар жырау айтқандай, әкелеріміз қорғанымызға, аналарымыз ардағымызға айналсын. Сөз соңында айтарым, әкелер күні құтты болсын. Асқар таудай әкелеріміз де, бұлақтай нәрлі аналарымыз да, жайқалған жасыл құрақ ұл-қыздарымыз да аман болсын!

Алмат ЕРГЕШБАЙҰЛЫ

Басқа жаңалықтар

Back to top button