Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыБілім және ғылымҚоғам

СЫҢҒЫРЛА, АЛҒАШҚЫ ҚОҢЫРАУ

Алғашқы қоңырау – әрбір мектеп табалдырығын аттағалы отырған жас өркеннің асыға күтетін мерекесі. Сондай-ақ, бүлдіршіндеріміз балғын дәурен қамсыз күнімен қоштасып, оқушы атанып, білім нәрімен сусындайтын күн. Бірі жаңадан оқушы атанса, енді бірі жаз бойы көрмей сағынысқан достарымен, екінші үйіндей болған қасиетті білім ордасымен қауышып, мәре-сәре болады.

Өтеген батыр ауылындағы №7 орта мектепте Білім күніне арналған «Терең білім, еңбекқорлық және отаншылдық қасиет!» атты салтанатты жиын  өтті. Мерекелік шараға Алматы облысы Полиция департаментінің басшысы, полиция полковнигі Б.Т. Әленов, ауданымыздың әкімі Б.Ә. Қарасаев қатысты.

Мерекелік шараны аудан әкімі Бағдат Әбілмәжінұлы ашып, мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндерді оқушы атануларымен құттықтап, ауданымыздағы білім саласына қатысты жаңалықтармен бөлісті. Аудан әкімі өз сөзінде «Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев «Білім саласындағы ахуал ерекше назар аударуды талап етеді. Біз білім мен ғылымсыз еліміздің дамуын қамтамасыз ете алмаймыз» деген еді. Сондықтан, бүгінгі оқушы білім бәсекесіне төтеп бере алатын, санасы ашық, халқымыздың рухани-адамгершілік құндылықтарын бойына сіңірген тұлға болуы керек. Қазір ауданымызда 58 білім ошағы оқушыларды білім нәрімен сусындатуда. Биыл бірінші сыныпқа аудан бойынша 7405 оқушы мектеп табалдырығын аттап отыр», — дей келе, еңбектің ең үлкені білім беру екендігін баса айтты. Б. Әбілмәжінұлының айтуынша, 2021-2022 оқу жылында мектеп бітірген 2052 түлектің ішінде 1807 оқушы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысса, 936 түлек грант иегері атаныпты.

Аудан әкімі құттықтау сөзінде №7 орта мектептің жүлдегерлеріне де тоқталып, дарынды балалармен жұмыс жүргізу – заман талабы екенін, №7 орта мектептің ұстаздары мен оқушылары түрлі сайыстарда алдыңғы қатардан көрініп, ауданымыздың абыройын асқақтатып жүргенін атап айтып, мектеп директоры – Зохида Тұрсынбекқызын «Ыбырай Алтынсарин төсбелгісін» алуымен құттықтады.

Шара барысында сөз алған облыстық полиция департаментінің басшысы, полиция полковнигі Бауыржан Төлегенұлы мектеп ұжымына жаңа жетістіктер мен шығармашылық табыс, мықты денсаулық және сапалы білім мен саналы тәрбиені қатар ұштастыра берулеріне тілек білдірді. Б. Әленов жас ұрпақты Бауыржан Момышұлы, Қасым Қайсенов, Талғат Бигелдиновтер секілді қайсар, елжанды, батыл болып өсіп, Қазақстанның игілігі үшін қызмет ететін тұлғалар болуға шақырды.

Қонақтардан кейін сөз алған мектеп директоры Зохида Туреходжаева өткен оқу жылындағы мектебіміздің жетістіктері мен мектебіміз Ұлттық Бірыңғай Тестілеу нәтижесінде жоғары көрсеткішке ие болғанын,  2021-2022 оқу жылының көрсеткіштері бойынша мектебіміз ауданымыздың үздік бес мектебінің қатарына енгенін мақтанышпен айтып өтті.

«Алтын белгіге» ұсынылған түлектеріміз үмітті ақтап, грантты жеңіп алуы ұстаздар мен ата-аналардың бірлескен іс-әрекетінің нәтижесі екенін баса айтқан Зохида Тұрсынбекқызы алдағы оқу жылында оқушылар мен мектеп ұжымына үлкен табыс тіледі.

Мерекелік кеш мектебімізде кезекті «Жас полиция» кадет сыныбының ашылуымен жалғасын тапты. Кадет сыныбына Іле ауданының ІІБ еңбегі сіңген полиция қызметкері, зейнет демалысындағы подполковник Нечаев Генадий Генадьевич әскери жетекші болса, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Даутханова Гулнур Дауытханқызы сыныпжетекші болып тағайындалды.

Қонақтар шара барысында мектебіміздің дәлізінде орналасқан «Ерлікке тағзым» бұрышымен танысты. Математика пәнінің мұғалімі Жадыра Әлфия бұрыштың ашылу тарихына тоқталып, мектебімізде білім алған Ауған соғысының ардагерлері, 2011 жылы 12 қарашада Тараз қаласында болған экстремистік шабуылда ерлікпен қаза тапқан полиция қызметкерлері жайлы ақпарат берді. Сонымен қатар, жас биолог, мектебіміздің 9 «В» сынып оқушысы Забелин Артур мектеп дәлізінде орналасқан қысқы бақтағы гүлдер мен тропикалық, субтропикалық өсімдіктер жайлы, олардың күтімі туралы кеңінен мәлімет беріп, әрбір гүлді өсірудің маңыздылығын айтып өтті. Кадет сыныптарының жетекшісі, старшина Андосов Ертай Дәрменқұлұлы қонақтарға кадет сыныптарының оқу кабинеттерін, демалыс бөлмесін және әскери оқу-жаттығу кабинеттерін таныстырды.

Салтанатты шарада алғашқы қоңырау соғу рәсімі өткізіліп, концерттік бағдарламаға ұласты. Білім алушылар ұстаздар қауымына, алтын ұя – мектептеріне арналған әсем әндерді әуелете шырқап, көрермен қауымның көңілін бір серпілтіп тастады. Барлық сыныптарда «Терең білім, еңбекқорлық және отаншылдық қасиет!» тақырыбында алғашқы тәрбие сағаттары өткізілді.

Алмат ЕРГЕШБАЙҰЛЫ

Басқа жаңалықтар

Back to top button