№21 орта мектепте 5 қыркүйектен бастап Қазақстан Халқы Тілдері күні айлығы жүріп жатыр. Сонымен қоса, бұл күні қазақтың көрнекті ақыны, әдебиет зерттеуші ғалым, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері – Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Мемлекет қайраткері ретінде, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін қалаушы ғалым, ұлттық жазудың реформаторы, ағартушы ретінде елге сіңірген еңбегі ұшан-теңіз, саяси қуғын-сүргінге ұшыраған ұлт ардақтысының есімі жарты ғасырдан астам уақыт бойы Қазақстан тарихынан лайықты орын ала алмады. Ахмет Байтұрсынұлының ардақты есімі тек 1988 жылы ғана ақталды. Айлық барысында мектепте Ахмет Байтұрсынұлына арналған әр түрлі шаралар жоспарланып, ұйымдастырылып жатыр. Дөңгелек үстелдер, диспуттар, концерттік бағдарлама да қарастырылған. Тілдер айлығының ашылу салтанатында оқушылар Ахмет Байтұрсынұлының шығармаларынан үзінділер оқып, өлеңдерін жатқа айтты. Туған халқына қызмет етуге бар ғұмырын арнаған ойшыл ақын өз дәуірінің сәулелі жұлдызына айналды. Ұлы тұлғаның халыққа сіңірген еңбегін бағалап, мол мұрасын зерделеу – бүгінгі ұрпақтың қасиетті парызы. Ахмет Байтұрсынұлы егемен елінің ұрпағы тарапынан «Ана тілдің айбары», «Ғасыр саңлағы» деп ұлықталған ұлы тұлға, ғұлама ғалым. Қазақ халқының рухани көсемі болып, болашақтың жарық, тыныш, көк аспан астында өмір сүруіне өзінің ақылын арқау еткен. Өз достарының алды бола білген Ахмет өткір, алмас қылыштай адамның ойын осып өтетін сөздерімен өлең арқылы ой-сезімін білдірген. Қазақтың қазақ бола білуіне кеудесіндегі жанын да аямаған. Қарусыз-ақ сөзбен адам өлтіретін Ахмет қазақ елінің келешегін тәуелсіздікке жетелеген халықтың рухани жетекшісі. Халық үшін, халықтың мәдени-әлеуметтік болмысын көтеру үшін қызмет еткен. Ахмет Байтұрсынұлының ұлтым деп соққан жүрегі, үлгі-өнегесі – қазіргі жаңа заманға өте керек. Биыл Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толды, мерейтойы халықаралық деңгейде, ЮНЕСКО аясында атап өтіледі.
А. СУЛТАНОВА,
№21 ОМ қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі