Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыБасты ақпаратБілім және ғылымҚоғамТұлға

ХАЛЫҚТЫҢ АСЫЛ ҚАЗЫНАСЫ НАСИХАТТАЛДЫ

Чапаев ауылында орналасқан аудандық Мәдениет үйінде «5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күні» мерекесіне орай «Тіл ғұмыры – ұлт ғұмыры» атты Іле аудандық Тіл айлығының ашылу салтанаты өтті. Мерекелік кешке Боралдай кенті әкімі аппаратының бас маманы Аубакирова Ардақ Ахметжанқызы, аудандық Білім бөлімінің әдіскері, «Жаңа толқын» ұстаздар қауымдастығының жетекшісі Молдағұлова Ақмарал Құрманжанқызы, Мәдениет үйінің әншілері және ауданымыздың тіл жанашырлары, ұстаздар қатысты.

Шараны мемлекеттік тіл жанашыры, ауданымызда қазақ тілінің өркендеп, дамуы үшін үлкен үлес қосып жүрген Ардақ Ахметжанқызы ашып, Қазақстан Халқы Тілдері туралы, ауданымызда атқарылып жатқан игі істер жайлы ой толғады. «Тіл – халықтың ең асыл қазынасы. Өздеріңізге белгілі, Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Қазақстан Республикасында тілдерді қолдану мен дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы туралы» №1045 қаулысына сәйкес, 5 қыркүйектен бастап Қазақстан халқы тілдерінің айлығы болып жарияланды» — дей келе А.Аубакирова бұл айтулы дата тіл жанашыры, Алаштың арысы Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай белгіленгенін атап өтті. Сондай-ақ, биыл «Ұлт ұстазының» туғанына 150 жыл толып отырғанын айта келе, қатысушыларды мерейлі мерекемен құттықтады.

Ардақ Ахметжанқызынан кейін сөз алған ауданымыздағы қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдеріне әдістемелік көмек көрсетіп, қазақ тілінің оқушылар арасында лайықты насихатталуына үлес қосып жүрген жас ұрпақты патриоттыққа, ізгілікке, мемлекеттік тілді құрметтеуге баулуда өзіндік орны зор тұлға Ақмарал Құрманжанқызы 2021-2022 оқу жылындағы ауданымыздың ұстаздары мен шәкірттерінің жеткен жетістігі мен облыстық, республикалық байқауларда жүлделі орын алған оқушылар жайлы жан-жақты мәлімет берді. А. Молдағұлова «Тәуелсіздік алып, азаттықтың таңы атқалы бері, күллі әлем қазақ елін татулықты ту еткен ел ғана емес, өз салт-санасын, тарихын, тілін ұлықтаған ұлы халық деп мойындады. Тіл-халықтың қуатты құралы, елдігіміз бен бірлігіміздің туы» — деп, ұлтты ұйыстыратын да, елді біріктіретін де тіл екенін, елімізді мекендеген әрбір ұлт өз ана тілін білуімен қатар мемлекеттік тілді де жетік меңгерсе, Қазақстан атты үлкен үйіміздің бір кірпіші болып қаланып, ел игілігі үшін қызмет ететінін баса айтты.

Іс-шарада №7 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, «Жаңа толқын» ұстаздар қауымдастығының мүшесі Ержанов Алмат «Тіл білімі» ғылымының қалыптасып-дамуына айрықша үлес қосқан ғалым, Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлының сан салалы ғылыми мұрасы, ағартушылық қызметі, ғылыми ізденістері, жазушылық таланты, ақындық өнері, аудармашылық қасиеті және қоғам қайраткері ретінде атқарған ісі жайлы баяндама оқып, Ахмет мұраларын жаңа қырынан танытуға күш салды. Ол, сонымен қатар, елімізді сақтау үшін тілімізді сақтау керектігімізді, ал тілді сақтау үшін оны шұбарламай, тіл тазалығына ерекше мән бергеніміз жөн екенін атап айтты. «Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, «Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалатынын» ескеріп, қазақ ұлтының болашаққа қадам басуын ойласақ, жас ұрпақты мемлекеттік тілде тәрбиелеп, білім беруіміз керек. Ұлт ұстазының 150 жылдық мерейтойы қарсаңында біз Ахмет Байтұрсынұылының атқарған еңбегін бағалап, үмітін ақтап, ана тілімізге дақ түсірмей, қызғыштай қорып, келер ұрпаққа насихаттай алсақ, баба рухына арнап орнатқан алып ескерткішіміз сол болар еді. Себебі, тілсіз ұлт, ұлтсыз тіл өсіп-өркендей алмасы анық. Қазақ атты халықты тарих түпкірінен емес, болашақта озық елдердің қатарынан көргіміз келсе, онда қазақ тілінің өркендеуіне  бір кісідей атсалысып, үлесімізді қосайық» — деп, өз сөзін түйіндеді.

Ресми ашылудан кейін ауданымыздың мұғалімдері өз өнерлерін ортаға салды. Атап айтқанда, №38 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Бестенқұлов Айбек тіл мерекесіне және Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойына жүрекжарды жыр шашуын арнаса, №36 орта мектебінің ұстазы Шыңғыс Мақсат, №49 орта мектебінің ұстазы Чакиртова Аяжан, №20 орта мектебінің ұстазы Гүлдана Нығметолла және №38 мектеп-гимназиясының оқушысы Асылжан Еділұлы қазақ ақындарының тіл туралы өлең-жырларын, ұлы Абайдың қара сөзін мәнерлеп оқып, көрермен қауымды жырмен сусындатты.

Мәдениет – ұлт өмірінің айнасы, ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан халықтың рухани келбеті, мейірімі мен парасат-пайымы. Мәдениет пен тіл егіз ұғым. Екеуін бір-бірінсіз елестету мүмкін емес. Сол себепті, Тілдер айлығының ашылу салтанаты аудандық Қарлығаш Ұланқызы басқарып отырған Мәдениет үйі әншілерінің тіл мерекесіне арнаған концерттік бағдарламасына ұласты.

«Тіл ғұмыры – ұлт ғұмыры» атты аудандық Тіл айлығы мұнымен шектеліп қалмайды. Ауданымыздың әр округінде, әрбір білім ошағында, әр мекемесінде жоғары деңгейде өз жалғасын тауып, мемлекеттік тіл – қазақ  тілі және елімізді мекендеген ұлт өкілдерінің тілдері кең көлемде насихатталып, түрлі іс-шаралар қолға алынады.

А. ЕРГЕШБАЙҰЛЫ

Басқа жаңалықтар

Back to top button