Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыБасты ақпаратБілім және ғылымҚоғамТұлға

Мәңгі жас ұрпақ жүрегінде сақталады

«Алдағы уақытта Ахмет Байтұрсыновтың атын алты алаштың – бар қазақтың баласы ғана емес, алдыңғы қатарлы адам баласы білетін болады».

 Қайым Мұхамедханов

Ағартушы, ұлт ұстазы, қазақ халқының ХХ ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалысының жетекшісі, Алаш Орда өкіметінің мүшесі, қазақ халқын модернизмге жетелеуші – Ахмет Байтұрсынұлының туғанына биыл 150 жыл.

Ахмет Байтұрсынұлы, ең алдымен, қазақ балаларының өзінің ана тілінде сауатын ашып, әрі қарай қазақ тілінде оқуын жалғастыруға көп күш-қуатын жұмсаған қайраткер екендігі бәрімізге аян. Осы мақсатты орындау үстінде, ол қазақ тілінде оның дыбыстық жүйесі мен грамматикалық құрылысын баяндап, талдап-танытқан зерттеуші, сонымен қоса, осы зерттеу негізінде «Әліппе» мен тұңғыш ана тілі оқулықтарын жазған автор.

Қалайда халықты ояту, оның санасына, жүрегіне, сезіміне әсер ету жолдарын іздеген ақын айналып келгенде, ұлы Абай тапқан соқпақ, орыс әдебиеті үлгілерін пайдалану, аударма жасау дәстүріне мойынсынады.

Бұрынғы ескі ертегі, химия үлгілері емес, енді жаңа өлеңдік форма мысал арқылы, көшпелі елдің жақсы білетін стихиясы – жан-жануар өмірінен алынған шығармалар арқылы әлеуметтік ойға ықпал ету мақсатымен И.А.Крылов туындыларын аударып, «Қырық мысал» деген атпен 1909 жылы Петербургтен бастырып шығарды.

Алуан-алуан ойға жетелейтін «Қайырымды түлкі», «Ала қойлар», «Үлес», «Қартайған арыстан», «Өгіз бен бақа», «Қайыршы мен қыдыр», «Ат пен есек» мысалдарында әлеуметтік-қоғамдық жағдайларды мегзейтін оқиғалар, адамдар психологиясымен сарындас әуездер, тағылымды, ғибратты тұжырымдар мол орын алған.

Бүгінде балалардың сүйіп оқитын шығармаларына айналып отыр.

 Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ көсемсөзінің атасы. Өзінің көсемсөздерінде қазақ тағдырына байланысты сан алуан көкейкесті мəселелерді қозғап, халқына жеткізуге, көкірек көзін ашуға ұмтылған заманның озық ойлы азаматы еді. Ахмет Байтұрсынұлы ел есінде өзінің өнеге болар өмірімен, шығармаларымен қалды. Ол кісі данышпандығы мен ұлылығын өз кезінде-ақ мойындатқан.

Ахмет сөздерінің жаңғырығы бүгінгі ұрпақтарын да бейтарап қалдырмады. Ұлт ұстазының шығармалары мәңгі жас ұрпақ жүрегінде сақталады.

 Меруерт Есенбаева

№47 орта мектептің

қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

Басқа жаңалықтар

Back to top button