Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыБасты ақпаратДін және қоғамҚоғам

ДІНИ ЭКСТРЕМИЗМ – ҰЛТҚА ТӨНГЕН ҚАУІП

№7 орта мектепте «2022 жыл – балалар жылына» арналған жұмыс жоспарына сәйкес, 2022 жылдың 9-қыркүйегі күні діни экстремизмнің алдын алу үшін «Азаматтық қоғам және дін» тақырыбында теолог, ұстаз Алтынсариев Ақылбек Ербатырұлымен кездесу өтті. Кездесу діни экстремизмнің алдын алып, оны болдырмаудың жолдарын қарастыруды, оқушыларға діни ағымдарға еріп дәстүрлі діннен алшақтап кетпеу керектігін насихаттауды өзіне мақсат етті. Іс-шараға мектебіміздің 9-10 сынып оқушылары қатысты. Кездесу барысында Ақылбек Ербатырұлы діни наным туралы түсінік беріп, дін тазалығына ерекше тоқталды. Теолог өз сөзінде «Біздің ата-бабамыз дінді терең түсінген. Исламды жан-жүрегімен ұғына білген аталарымыз өз өлең-жырларында, насихат-термелерінде асыл дініміздің ізгіліктерін жас ұрпаққа насихаттап, өскелең буынды жақсылыққа, имандылыққа, татулыққа, сыйластыққа шақырған. Бізге діннің әліппесін өзге ұлттан іздеудің қажеті жоқ. Дінді ұғыну үшін ең әуелі Абайды, Шәкәрімді, Мәшһүр Жүсіп Көпеевті, тағы басқа ақындарымыз бен жыраулар поэзиясын оқысақ, ислам құндылықтарын, оның шарттарын ұғына аламыз» — дей келе, ислам деген не, иман деген не, ихсан деген не деген сұрақтар төңірегінде ой толғады. А. Алтынсариев сондай-ақ, дінді ғаламтор желісінен, әлеуметтік желідегі видеолардан, ютубтан діни ілімі күмәнді жандардан емес, арнайы мешітке барып, діни ұстаздардан, имамдардан үйренген дұрыс екенін атап айтты. Күмәнді ақпарат көздерінен діни ілім алу адамның болашағына балта шауып, сеніміне селкеу түсіріп, жолдан адастыруы мүмкін екендігі де теолог-ұстаздың назарынан тыс қалмады. Оқушыларымыз Ақылбек Ербатырұлының әңгімесінен дін туралы түсініктерін кеңейтіп, дұрыс амал мен тәрбиенің бастауы білім екендігіне тағы да көз жеткізді.

Кездесу барысында оқушыларымыз өздерін толғандырып жүрген мәселелер жайлы түрлі сұрақтарға жауап алды. 10 «А» сынып оқушысы Қапас Әлия шариғатқа сай балиғат жасқа келген қыздар бүркеніп, орамал тағып, әурет жерлерін жауып жүруі керектігі парыз етілгенін, мектеп заңдылығына сай орамал тағуға рұқсат берілмейтінін айтып, осы тығырықтан қалай шығуға болатынын сұрады. Өз кезегінде А. Ербатырұлы «Расында қыз балаға орамал тағу – парыз. Алланың әмірін ешкім де өзгерте алмайды. Алайда, пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у) өзінің даналық сөздерінің бірінде «Басшыларыңа бағыныңдар. Олар Алланың жердегі көлеңкесі» деген еді. Оқушылар үшін үйде әке-шешесі басшы болса, мектеп қабырғасында мектеп әкімшілігі мен ұстаздары басшылық етеді. Сондықтан, сіздер үйде ата-ананың, мектепте ұстаздарыңыздың айтқанын тыңдап, бұйрықтарына бағынуларыңыз керек, талап-тілектерін орындауларыңыз керек.

Біз еліміз зайырлы мемлекетте өмір сүреміз. Зайырлылық дегеніміз тек діндердің бостандығы ғана емес, діннің ұлттың салт-дәстүріне, сол елдің саясатына араласпайтындығының да белгісі. Әр мемлекет үшін ең басты құжат – Конституция болса, біз сол конституциядағы Заңды сақтап, оған бағынуымыз, заңның бұзылмауы үшін дұрыс әрекет жасауымыз керек» — дей келе, орамал тағу ең әуелі араб елдерінің ұлттық киімі екендігін, олардың табиғаты өте ыстық әрі құм сусып тұрғандықтан әйелдері желден беттері тотығып кетпесі үшін беттерін бүркеп жүретінін, біздің қоғамда беттерін бүркеп жүрудің қажеті шамалы екенін де баса айтты.

Одан кейін 9 «А» «Жас полиция» кадет сыныбының оқушысы Әуелбек Арай «Зина дегенді дұрыстап түсіндіріңізші. Сосын зинаның түрлері туралы айтып берсеңіз» деп, діндегі өзекті мәселелердің бірін көтерді. Теолог ғалым зинадан сақтану қоғамды ізгілендірудің негізі екенін түсіндіріп, мектеп оқушылары талапқа сай киініп, ашық-шашық жүрмей, ұятты жерлерін жауып жүрсе, мектептің талабына бағынса, қоғамдағы әр түрлі келеңсіз оқиғалардың алдын алу үшін жасалатын әрекеттің бірі екенін атап айтты.

Теолог-ұстазбен кездесуден шәкірттеріміз рухани азық алып, дін мен азаматтық қоғамның аражігін ажыратып, дінді ұстану үшін де терең білім керектігін түсінді. Біз өте күрделі қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Экстремистік-террорлық әрекетке барушылар, діни адасушылар мемлекетке қауіп төндіріп, елдің болашағына балта шабуы мүмкін. Егер біз еліміздің ертеңі үшін алаңдап, ұлттың келешегі жас ұрпақтың діни догматизмнен ада, ойы еркін, рухы өр болып өсуін қаласақ, діни сауатымызды ашып, таным көкжиегімізді кеңейтуіміз керек. Дін ілімін меңгерген ғалымдармен, имамдармен кездесулерді жиі өткізіп тұрсақ, оқушыларымыздың рухани көңіл көзі ашылып, тура жолдан таймай, жан-жақты, сауатты болып өседі.

А. ЕРЖАНОВ,

№7 орта мектеп

 директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары

Басқа жаңалықтар

Back to top button