Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыБасты ақпаратЗаң және бізҚоғам

БОЗДАҚТАРҒА МЫҢ ТАҒЗЫМ

Құрметті аудан тұрғындары!

Сіздерді Республикамыздың әр азаматы үшін айтулы мереке – Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын! Бұл күн – қазақ тарихындағы ұмытылмас ұлық күн, еліміздің жалынды жастары бастарын бәйгеге тігіп, бодандық құрсауынан шығуға ұмтылған, азаттыққа талпынған күн. Иә, аға буынның ерліктері бүгінгі Тәуелсіз Еліміздің жарқын істерімен жалғасын табуда.

Егемен еліміз 16 желтоқсанда салтанатты жағдайда мемлекеттік мереке – Тәуелсіздік күнін атап өтеді. Бұған дейін біз Тәуелсіздік күні ән салып, думандатып өтсек, биылдан бастап бұл күнді мерекелеудің мәні өзгерді. Бұл туралы ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлытаудағы Құрылтайда былай деді: «1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның Егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болатын. Осы құжатты қабылдаған кезде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев аса маңызды, тіпті шешуші рөл атқарды. Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ, тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек».

Мемлекет басшысының осы сөзінен біз 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күнін алаулатып, жалаулатып, ұрандатып емес, жастарға өнеге болатын келелі кеңес құратын, ұлт батырларын еске алып, батыр ата-бабамыз бен аға-әпкелеріміздің рухына құран бағыштайтын рухани серпіліс күні ретінде атап өтуіміз керектігін байқаймыз. Расында, Қасым-Жомарт Кемелұлы «Саяси реформаны мерекелер күнтізбесімен ұштастыруымыз бекер емес. Бұл қадам қоғамды жаңғыртады және ел бірлігін нығайта түседі деп санаймын. Біз ауқымды реформа жүргізу арқылы билік пен қоғамның қарым-қатынасын түбегейлі өзгертеміз» — дей келе, Республика күні 25 қазан күні тойланғанымен, 16 желтоқсандағы жастардың қанымен, арудың арымен келген азаттыққа бастау болған оқиға елдің есінен, халықтың санасынан шықпау үшін «Тағзым күні» ретінде аталып, 86-ның ызғарында ел үшін бейбіт шеруге шығып, мұз үстіне егемендіктің шырағын жаққан жастардың ерлігі қазіргі өскелең ұрпаққа, жас буынға үлгі болуы керектігін меңзейді. 

Биыл еліміз өзінің азаттығын алып, Тәуелсіздік Туын тіккелі аттай 31 жыл толып отыр. Осынау 31 жыл ішінде Қазақстанды дүниенің төрт бұрышы түгел таныды. Еліміз әлем назарын өзіне аударып қана қоймай, даулы мәселелерді шешу үшін аянып қалмады. Еліміз жер жүзіне өзін көсем елдердің бірі ретінде көрсетіп, әлемнің алпауыт мемлекеттеріне де араағайын бола білді.

Құрметті Ілеліктер!

Ел рухын көтерген атаулы күнде сіздерге отбасыларыңызға бақ-береке, зор денсаулық, еңбектеріңіз табысты болуын тілеймін. Тәрбиелеп отырған ұл-қызымыз елге қызмет етер адал азамат болып өсіп, Республикамыздың биік белестерді бағындыруына сүбелі үлес қоса берсін. Еліміздің ертеңі жолындағы еңбегіміз жана берсін! Ұлдарымыз ұлықты болып, қыздарымыз тәрбиелі болып өсіп, жастардың қаны төгілмесін, елдің іргесі сөгілмесін, арыстар құламасын, аналар жыламасын деп тілеймін.

Тәуелсіздігіміз – тұғырлы болсын!

Бағдат ҚАРАСАЕВ,

аудан әкімі, аудандық “АMANAT” партиясы филиалының төрағасы

Басқа жаңалықтар

Back to top button