МЕРЕКЕЛІК СЫБАҒА МЕЙІРІМНІҢ МЕРЕЙІН АСЫРДЫ
Іле аудандық «Мейірім» мүгедектер қоғамдық бірлестігі филиалының төрайымы Байзақова Күләннің ұйымдастыруымен, аудандық мәслихат депутаты, меценат Нұрлан Түймелиев, кәсіпкер Бауыржан Найманов, Оңтүстік Корея азаматтары Хан Сунки мырза мен О Муна ханымның демеушілігімен «Мейірім» мүгедектер қоғамының 68 мүшесі өз отбасымен жаңа жылдық шыршаны жылдағыдан ерекше әрі қызықты қарсы алды.
Жаңа жылдық іс-шара аудандық кітапхананың оқу залында өтті. Жасыл шыршаны айналып, ән айтып, би билеген ата-аналар мен балалардың жүздерінен тек қуаныш сезімі байқалып тұрды.
Ертегілер кейіпкерлерінің кейпіне енген балалар жаңа жылдық кештің шырайын нұрландыра түсті. Аяз ата мен Ақшақарды сағына күткен балалар мерекелік тақпақтары мен әндерін айтып, сыйлыққа кенелді. «Мейірім» мүгедектер қоғамдық бірлестігі филиалының төрайымының орынбасары Искаков Руслан шырша жанына жиналғандарды аудан әкімдігі мен аудандық мәслихаттың атынан құттықтап, жылы лебізін білдірді. Ол: «Барлық Іле ауданының тұрғындарын жаңа 2023 жыл қоян жылымен құттықтаймын.
Қоян жылы Сіздерге жаңа бақыт, жаңа табыс әкелсін. Дендеріңіз сау болсын, барлығы аман болсын. Босағадан аттаған жаңа жылымызды дүркіретіп өткізіп жатқан жайымыз бар.
Жаңа жылда отбасыларыңызға жаңа табыс, қуаныш, шаттық тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын» — деп ағынан жарылды. Содан кейін іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне қол ұшын берген аудандық кітапхананың директоры Қ.Бұдығұловаға және кітапхана ұжымына алғыс айтылды.
Балалар сыйлық алып, көңілдері көтеріліп, бір марқайып қалды.
Өз тілшіміз