Спорт

АҚШ чемпионы Гордон Райан қазақстандық спортшылармен тәжірибесімен бөлісті

Алматыда «SADU Arena»-да АҚШ-тың танымал спортшы, ADCC грэпплингінің ең беделді нұсқасы бойынша бес дүркін әлем чемпионы, ауыр салмақтағы IBJJF екі дүркін әлем чемпионы «Король» лақап атымен  танымал Гордон Райанның шеберлік сыныбы өтті.

Шеберлік сабағына еліміздің әр өңірінен 200-ден астам спортшы қатысты. Оның ішінде Алматы облысы Іле ауданынан «Sagadat batyr-QTT» клубы, «Жанұя» балалар үйінің тәрбиеленушілері, сонымен қатар, Қазақстанның барлық қалалары мен облыстарының AIGA Грэпплинг Федерациясының Президенттері де қатысты.

Іс-шара басталар алдында қоғам қайраткері, спорт функционері Ерлан Қожасбай сөз сөйледі. Ол AIGA әуесқой грэпплинг шәкірттері атынан американдық қонаққа алғыс айтып,  қазақи дәстүр бойынша құрмет көрсетіп «The King» деген жазуы бар шапан сыйлады. Өйткені, грэпплинг спорт саласында талай тер төккен Райан Гордонға жанкүйерлер  «The King» яғни «Нағыз Патша»  лақап атын берген еді.

Құрметке бөленіп, қазақи қонақжайлылықты сезінген Гордон Райан мырза: «Бұл менің Қазақстанға алғашқы сапарым. Халықтың қонақжайлылығы мені қатты таң қалдырды. Бұл менің соңғы сапарым емес деп ойлаймын. Мен бұл Ұлы Дала жеріне көбірек танысу үшін тағы да ораламын. Сондай-ақ, Алматының өте әдемі қала екенін, оның маңында көптеген әдемі жерлер, өте әдемі табиғат бар екенін атап өткім келеді. Менің алғашқы әсерім керемет. Алматының спортты, оның ішінде қысқы спорт түрін дамытуға мүмкіндік беретіні ерекше қуантады», — деді кездесуде.

Атақты спортшы Қазақстанға 2018 жылы құрылған AIGA (Amateur International grappling Association) Халықаралық әуесқой Грэпплинг Қауымдастығының шақыруымен келді. Қауымдастық балалар мен жасөспірімдер арасындағы және кәсіби спортты дамытумен айналысады.

«Қазір біздің елде грэпплинг пен джиу-джитсу белсенді дамып келеді. Біздің спортшылар халықаралық аре-нада жақсы нәтиже көрсетуде. Олар өз шынығу тактикаларын мен шеберліктерін шыңдауды жалғастыруда. Бірақ мұнымен тоқтап қалмауы және одан әрі дамуын жалғастыру үшін біз жиі-жиі елімізге әртүрлі елдердің әлем чемпиондарын өз тәжірибелерімен бөлісуге арнайы шақырамыз. Біз Гордон Райанды да осы мақсатта шақырдық. Ол мұнда баспасөз мәслихатын өткізді, спортшылардың түрлі сұрақтарына жауап берді, төрешілер семинарын өткізді. Сондай-ақ, оның бүкіл әлемде көптеген жанкүйерлері бар екенін, Instagram-да көптеген ізбасарлары бар екенін көпшілік біледі. Оның Алматы туралы, қазақстандық спортшылармен кездесу туралы, біздің табиғатымыз туралы жазбалары біздің туризмнің дамуына оң әсер ететіні сөзсіз. Көптеген спортшылар басында таң қалып, оның Қазақстанға келетінін айтқан кезде сенбеді. Ол –  әлемдік жұлдыз. Әсіресе, балалар қуанды, онымен суретке түсіп, күресіп жатты. Бұл біздің спортшыларымызды осы спорт түріне ынталандырады», — деді шараны ұйымдастырушылардың бірі, «Sagadat batyr – QTT» клубының бас жаттықтырушысы Нұрсұлтан Орынбасаров.

Бағдат ЧОЙБАСОВ

Басқа жаңалықтар

Back to top button