Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыМәдениетТалғар - ақпаратТұлға

ЕР ЕСІМІ – ЕЛ ЕСІНДЕ

7 шілде күні Талғар ауданының әкімі болған, 2020 жылы 41 жасында қауіпті індеттен көз жұмған Жолан Омаровтың атына Талғар қаласынан көше атауы берілді.

Адамзат баласының ғұмыры қысқа болғанымен, артында өнегелі істер қалдырып, өзі өмірден өтсе де, еңбегі мен қызметі, айналасындағы адамдарға жасаған жақсылықтары мен жанына жақын тарта білетін жылылығы естен кетпейтін адамдар бар. Сондай келбетімен өмірде есте қалатын тұлғаның бірі — Омаров Жолан Ыбырайахынұлы!

«Халқымның бағы — өз бағым» деп халқының бағына жаралған Жолан Ыбырайахынұлына 7 шілде, өзінің туған күнінде, Талғар қаласының «Жаңа» ықшам ауданында «Жолан Омаров» атында көше берілді.

Көшенің ашылу салтанатына Жолан Омаровтың туған-туыстары мен бірге жұмыс істеген әріптестері және алыс-жақынан келген қонақтар, Талғар жұртшылығы қатысты.

Қазақстан Республикасының мәжі-ліс депутаты Жанарбек Әшімжан мырза мен бірқатар сөз кезегін алған қонақтар Жолан Ыбырайахынұлы жайлы естеліктермен бөлісіп, жылы лебіздерін білдірді.

Жолан Омаров 2020 жылы пневомониядан көз жұмған болатын. 41 жасында өмірден өткен азаматтың қазасы көптің қабырғасын қайыстырып кетті. Марқұм Райымбек және Талғар аудандарында әкім болды. Оның жасап кеткен жақсылықтары туралы ел әлі күнге ауыз толтырып айтып жүр. Соның тағы бір дәлелі – осы іс-шара. Жиналған жұртшылық халқының ұлы бола білген азаматты сағынышпен еске алды.

«2019 жылдың қыркүйегінен 2020 жылдың шілдесіне дейін Талғар ауданының әкімі болып, тұрғындардың мұң-мұқтажына құлақ асып, әл-ауқатының жақсаруына еңбек етіп, ауданның көркейуіне ұмытылмас үлес қосқан, ел үшін адал еңбек еткен адамды ешқашан ұмытпауымыз керек. Осы үш жыл бойы тиісті құжаттарды дайындап, оны пысықтап, арнайы комиссиялардың сүзгісінен өткізіп, бүгін, міне, көше атауын беріп отырмыз. Ер есімі – ел есінде», — деді өз сөзінде аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Фарида Бегенбаева.

Жолан Омаров Талғар ауданының әкімі болып 2019 жылдың қыркүйегінде тағайындалған. Ол 1979 жылы 7 шілдеде дүниеге келген, үйленген, артында төрт баласы қалды. Жолан Омаров тірі болғанда 44 жасқа толар еді.

Акан АКЫЛОВ

Басқа жаңалықтар

Back to top button