Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыҚаратал хабарыҚоғамМәдениет

ЖАСТАРЫ БАР ЖАЛЫНДЫ, АЛЫМДЫ ҺӘМ ҚАРЫМДЫ

«Жасыңды көрсет, болашағыңды бағамдайын» деген сөз бар ежелден жеткен. Бізге дейін айтылған тәмсілдің астарына үңілсек, бүгінгі жас қандай болса, ел ертеңі де сондай болмақ деген ұғым жатыр. Бәз біреулер «Жастар бұзылып барады» деген жазба сонау бес мың жылдан астам уақыт бұрын Мысыр пирамидасының қабырғасына жазылыпты. Жастар шынын да бұзылып барады» деуі де мүмкін. Жалпы, жастар жайында «бұзылды, өзгерді, кейін кетті» деген сарындағы әңгімелер аға буынның аузынан жиі шығады емес пе?! Себебі, жастар – прогресс. Ал, прогресс еш уақытта кейінге шегінбейді. Жаңадан тың дүние тауып, басқа қадамдар жасайды. Өйткені, жас сөзінің төркіні жаңа дегенмен астасып жатыр. Мұнымен не айтпақпыз? Бүгінгі мақаламыздың нысанында аудан жастарының әлеуеті, қарымы һәм қабілеті сарапқа салынбақ.

Жастар белсенділігі көз қуантады

Шынтуайтыны керек, Қаратал ауданының жалпы тұрғын саны 48 мыңға жуық болса, оның төрттен бірін жастар құрайды. Шамамен өлкеде он мыңнан (10659)  аса жас бар. Осыдан-ақ, аудан үшін жастардың үні маңызды екенін аңғару аса қиын емес. Бұл санның 4205-і ауыл жастарына тиесілі. Демек, ауыл жастарының саны соншалық. Ал, 6454 жас қала тұрғындарының санатында. Ауданның жастары әлеуметтік белсенді, жалынды һәм алымды. Мұнан өзге өлкеде «инемен құдық қазып», болашақ мамандығының тұтқасын қалап жүрген 317 студентті қоссақ, жастардың белсенділігі жайлы сөз қозғамау әбден әбестік болар. Аудан жастарының көшбасшысы Нұржан Рахметқазынов өлкедегі жастар белсенділігі толайым тірлікке бастап жүргенін айтады.

– Біздің миссиямыз – барлық жасқа табысқа жету жолын ашу және Қазақстанның өткенін бағалайтын, бүгінгі күні батыл қимылдап, келешекке сеніммен қарайтын табысты азаматтардың жаңа буынын қалыптастыру. Бүгінде аудан жастары арасында  үш  маңызды мәселені  шешуге атсалысып келеміз. Мәселен, жастар арасындағы жұмыссыздық. Жастар үшін бұл ауқымды мәселе. Бүгінде ел президенті Қ.Тоқаевтың бастамасымен түрлі әлеуметтік бағдарламалар жүзеге асуда. Осы бағдарламаларды жан-жақты ақпараттандыру және жастарға жете түсіндіру арқылы мәселені түбегейлі шешпекпіз. Екінші еңбекке әлеуметтендіру тетігі және мектеп түлектеріне жұмыспен қамту және жұмысқа орналастыру. Бұл бағыттарда да ауқымды тірліктер, толайым жұмыстар атқарудамыз, — деді «Жетісу облысының жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің филиалы «Қаратал ауданының жастар ресурстық орталығы» жетекшісі Н. Рақметқазынов.

«Қазақстан – дарынды жастар мекені. Ертең еліміздің абыройын асыратын да – осы талантты ұл-қыздар. Біз олардың өрісін ашып, қарым-қабілетін шыңдау үшін бар мүмкіндікті жасауға тиіспіз», — деген еді ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бір сөзінде. Шыны сол, аудан жастарының белсенділігі көңіл серпілтеді.

Жыл басынан бері «Қаратал аудан ныңжастар ресурстық орталығына» 14-35  жас аралығында 72 жас кеңес сұрап келген. Кеңес сұрағандардың ішінде 39-ы жұмысқа орналасу жайымен, 23-і баспана мәселесімен, 5-еуі кәсіп ашу мәселесімен орталыққа ат басын бұрған. Сондай-ақ, 5 аудан жасы мемлекеттік әлеуметтік бағдарламалар жайында кеңес алған. Жыл басынан бері «Қаратал ауданы жастар ресурстық орталығы» 92 әлеуметтік шара өткізіпті. Оған ауданның он мыңға жуық жасы қатысқан.

– Аудан аумағында жастардың достық қарым-қатынасын ұлғайту, жастардың уақытын тиімді пайдалануды үйлестіру, қоғамның әлсіз топқа деген мейрімділігін көрсете отырып, қоғамдағы теңдікті сақтау, өскелең ұрпаққа тәрбиелік мәні бар құндылықтарды насихаттау, дәстүрлі емес діни жат ағымдарға жастардың, жұмыссыздардың тартылуының алдын алу бағытында тиісті ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Аудан жастарының уақытын тиімді пайдалану мақсатында өте жиі спорттық, мәдени іс-шаралар мен акция, форумдар өткізіледі. Жастардың патриоттық сезімдерін ояту аясында үздіксіз арнаулы шаралар жүргізіліп отырады, атап айтқанда аудан көлемінде «Мейірімді істен қалт қалма» «Ардагерлерді ардақтайық» акциялары үздіксіз ұйымдастырылады, — деді «Қаратал ауданының жастар ресурстық орталығы» жетекшісі Н.Рақметқазынов.

Жастардың мәселесішешімсіз емес

Әлеуметтік желінің пайдасымен қауіпі қатар жүреді. Өйткені, желіні бақылау мүмкін емес. Әркімнің есінде болар, қайбір жылы Сириядағы қантөгіске еліміздің жастары судай ағылды. Сол уақытта желі арқылы арампиғылдылар жастардың санасын әбден улап келді. Одан бөлек бірнеше жыл бұрын  желі арқылы елді алаңдатқан «Көк кит» ойыны да бір мәрте дүр сілкіндірді. Осындай жайларды ескерген ауданның көшбасшы жастары әлеуметтік желілермен жұмысты күшейткен.

Жалпы, «Қаратал ауданы жастар ресурстық орталығының» және 9 ауылдық округтердегі жастар ісі жөніндегі әдіскер нұсқаушыларының интернет желісінде жеке парақшалары ашылған. Атап айтқанда, Facebook, ВКонтакте, Instagram желілерінде Республика, облыс, аудан және ауылдық өңірлерде өткізіліп отырған шаралар жүктеліп, әрдайым жаңартылады. Интернет желісіне спорттық, мәдени, акциялар мен форумдар және кездесулер жайлы ақпараттар үнемі жарияланады.

– Жұмыссыздық жастар арасындағы қылмыстың өсуі, жастар арасындағы салт-дәстүрлер мен рухани құндылықтардың құлдырауы, жас ұрпақтың білім алу деңгейінің төмендеуі сияқты мәселенің өршуіне әкеп соғады. Осы мәселелердің алдын алу мақсатында жұмыссыз жастарды қатысуымен діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бағытында ілкімді тірліктеріміз бар. Халықты жұмыспен қамту орталығы, дін өкілдері, ауылдық округ әкімдері, құқық қорғаушылардың қатысуымен жыл басынан бері семинарлар, кездесулер, дөңгелек үстелдер, бос жұмыс ор-ындарда жәрмеңкелері тұрақты түрде ұйымдастырылып тұрады, — деді Нұржан Нұрланұлы.

Құқықтық сауаттылық – жастарға бағдаршам

Жастар арасында қылмыстың өршуі жиі көтеріледі. Жоғарыда сала жетекшілері айтқандай, атаулы санаттағы құқықтық сауаттылықты арттыру бағытында ауданда біршама жұмыс атқарылып келеді. Сонымен қатар, қоғамда, аудан көлемінде жастардың әлеуметтік қызметін нығырлау үшін ауқымды шаралар жүзеге асуда. «AMANAT» партиясының «Ардагерлерді ардақтайық» атты партиялық жобасы аясында «Үлкенге құрмет – бізге міндет» атты қайырымдылық акциясы жиі өтеді. Сонымен қатар, жалғызбасты қарт адамдарға қолдау көрсету, жастарға қайырымдылықты, кішіпейілділікті, мейірімділікті үйрету, жастар бойында ұлттық рухты, патриоттық сезімдерді ұялату мақсатында «Ардагерлерді ардақтайық!» атты қамқорлық акциясы тұрақты ұйымдастырылады. Қаратал ауданының  мектеп оқушыларына «Зайырлы мемлекет және дін» атты семинар, «Діні қуатты елдің іргесі берік» атты кездесу, Қазақстан Республикасының Конституциялық реформалар бағдарламасын талқылау мақсатында «Үндеуге – қолдау» атты аудан жастарымен кездесулер өтсе, Қаратал ауданының ауылдық округ жастары арасында салауатты өмір салтын нығырлайтын «Дені сау ұрпақ – жарқын болашақ кепілі» атты футбол жарысы өтті. Жастар арасында діни көзқарасты қалыптастыру үшін «Дін мен дәстүр» атты кездесу ұйымдастырылды.

Сонымен қатар К.Тоқаев атындағы саябақта жастардың уақытын тиімді пайдалану мақсатында әр апта сайын көңілді мерекелік кештермен тегін ашық аспан астында кино, мультфильмдер көрсетілуде.

Әлеуметтік бағдарламалар мәселелердің шешімі

«Жастарға қатысты келесі мәселе – жұмыспен қамту. Бұл, әсіресе, өңірлерде аса өзекті. Біз жұмыссыз жастарға жол сілтеп, бағыт-бағдар беруіміз керек. Олардың тұрақты кәсіп табуына көмектесуіміз қажет. Қазір жұмыспен қамтуға бағытталған бірнеше бағдарлама бар. Бірақ жастардың көбі сол шаралар туралы білмейді. Мемлекет ұсынып отырған түрлі қолдау жұмыстарынан хабарсыз. Бұл мәселе тек жалаң үгіт-насихатпен шешілмейді. Үкімет пен әкімдер жастарды жұмыспен қамту мәселесімен арнайы айналысып, күнделікті назарда ұстауы қажет», — деген еді ел президенті. Бүгінде «Қаратал ауданының жастар ресурстық орталығы» елімізде жүріп жатқан әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыруда және насихаттауда тың бастамалар көтеріп жүр. Мәселен, Қаратал ауданында мемлекеттік маңызы зор «Алғашқы жұмыс орны» жобасын ұйымдастыруға үстіміздегі жылы 56 миллион теңгеге жуық қаржы қаралған. Аталмыш қаржыға жыл көлемінде 45 жасты жұмысқа орналастыру көзделген. Жоспарланғандай 21 жас жұмысқа орналасып, аудандағы жұмыссыздық едәуір төмендеуде. Сонымен қатар жастар практикасы бойынша бюджет қалтасынан 57 миллион теңгеге жуық қаржы қаралып, 2023 жылы 65 аудан тұрғыны жұмысқа орналасады деп жоспарланған. Бұл ретте де жоспар тиянақты жүзеге асуда. Аталмыш бағдарлама бойынша 13 жас жұмысқа орналасса өткен жылдан 9 жас жұмысын жалғастыруда. Жастар арасында ауқым жобалардың бірі «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы да ауданда жүйелі жүзеге асып келеді. Осы жобаны жандандыру үшін бюджеттен 2,5 миллион теңге қаржы қаралып, үстіміздегі жылы 4 аудан тұрғынын жұмыспен қамту көзделген.

Кәсіпкерлік – ел экономикасының маятнигі. Бизнес дамыса — ел өрісі кеңейеді. Әрине, жастардың кәсіппен шұғылдануы қөз қызығарлық. Өйткені жастар — прогресс. Ал прогресс әдетте өркендеуге сеп. Қаратал ауданында Бастау-Бизнес» жобасы шеңберінде кәсіпкерлік негізіне 160 адам онлайн форматта оқыды. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 2023 жылы 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде гранттар тағайындау үшін бюджеттен 80 млн. теңге қаржы қарастырылған. Бұл мемлекеттік гранттарды 58 аудан тұрғыны алады деп жоспарлануда.

Сондай-ақ, қалада оқып, диплом алған жастарды ауылға тарту мақсатында «Дипломмен ауылға» бағдарламасы жайында жастар арасында үгіт-насихат жұмыстары жүргізіледі екен. Жастарды еңбекке баулуға бағытталған «Жасыл ел» жайында жастар көзқарасын қалыптастыру бағытында жыл басынан бері он шақты шара ұйымдастырылыпты.

М. Мақсым

Басқа жаңалықтар

Back to top button