Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыБасты ақпаратБілім және ғылымҚазақстан жаңалықтарыҚоғамТұлға

АҚ ЖЕЛЕҢДІ АБЗАЛ ЖАНДАР МАҒЖАНДЫ ЕСКЕ АЛДЫ

Қазақ жастарының намысын қайрап кеткен, жай ғана ақын емес, ұлт болашағы үшін күрескен Алаш қайраткері. Рухты жырларымен халықты жігерлендіріп, елді татулыққа шақырған Мағжан Жұмабаев ақындығымен қоса, қазақтың бірлігі мен Алаштың азаматтығы үшін күрескен танымал тұлға екеніне әлем куә, әдебиет, ата тарих куә. Мағжанды қалай дәріптесек те жарасымды, жалықтырмайды. Алматы облысының денсаулық сақтау басқармасының ұйымдастыруымен Іле ауданы, Өтеген батыр ауылындағы облыстық балалар клиникалық ауруханасының базасында Мағжан Жұмабайдың 130 жылдық мерейтойына арналған «Алаш арыстарының мұрасы және қазіргі қазақ тілі мәселелері» атты өңіраралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Конференцияның негізгі баяндамашылары – Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Мемлекеттік тілді дамыту басқармасының басшысы Айжан Әнуарбекқызы Алдангорова денсаулық сақтау жүйесінде тіл саясатын жүзеге асыруда атқарылып жатқан шараларға тоқталса, Алматы облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Лэйла Пернебайқызы Серікбаева басқарма тарапынан мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру бойынша атқарылып жатқан облыстық шаралар жөнінде баяндады. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты директорының орынбасары, PhD докторы Ермұхамет Маралбек «Мағжан Жұмабайдың педагогика еңбегінің 1-2- басылымдары туралы» тақырыбында сөз қозғап, М. Жұмабайдың ғалымдық, оқытушылық қырларына тоқталды. Алматы қаласы әкімі аппаратының тілдерді дамыту және онамастика бөлімінің басшысы Бақыт Әбиірұлы Қалымбет бүгінгі мемлекеттік тіл саясатының түйткілді мәселелерін тілге тиек етіп, ұлттық кадрларды дайындау, мемлекеттік тілді еркін меңгерген, мемлекеттік тілде білім алған тұлғаларды қалыптастыру мәселелері туралы сөз қозғады. Іле ауданы әкімдігінің Мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Бақытжан Көкенұлы Рақымжанов мемлекеттік тіл саясаты бойынша аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде сөз қозғаса, Алматы облысы денсаулық сақтау басқармасының ШЖҚ «Облыстық балалар клиникалық ауруханасы» МКК мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі маманы, ф.ғ.к. Ноябрь Жанатұлы Кенжеғараев «Мағжан Жұмабайдың қазақтың ұлттық әдеби тілін дамытудағы орны және  тіл туралы толғаныстары» баяндамасында Мағжан еңбектерінен үзінділер келтіре отырып, Мағжан айтқан сөз кемшіліктері сөз мәдениетіне үлкен тосқауыл болатындықтан, қазіргі уақытта да ұлттық тілдің табиғи болмысы мен тазалығына, анықтығына, көркемдігіне зиянын тигізетіндігіне тоқталды. «Алатау» балалар клиникалық санаторийінің оқыту бөлімінің меңгерушісі Гүлжанат Қасымқызы Утебердиева «Мағжан Жұмабай шығармашылығындағы тіл мәселесі» баяндамасында Мағжан айтқан ұлт тілінің, ана тілінің кез келген ұлт үшін маңызына, ана тілінде білім алудың маңыздылығына, тіл тазалығына айрықша назар аударды. Акушерия, гинекология және перинатология ғылыми орталығының сарапшы маманы Қанапиянова Әлия Жеңісқызы «Медицина мамандарына кәсіби қазақ тілін оқыту ерекшеліктері» тақырыбында медицина мамандарының мемлекеттік тілдегі коммуникативтік құзіреттілігін арттыру мәселелерін қозғап, қазақ тілін үйретудің бірүлгі бағдарламасымен таныстырды. С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетінің Биохимия кафедрасының доценті, PhD Раушан Сәрсенбайқызы Досымбекова Мағжан Жұмабайға арнау өлеңін оқыды.

Конференцияда Мағжан Жұмабайдың қазақ ұлттық әдеби тілімен қатар, әдеби-көркем, ғылыми, публицистикалық, ісқағаз, функционалдық, поэтикалық  стилдерді дамытуға елеулі үлес қосқандығы, сөз мәдениеті мен тіл тазалығы, сөз кемшіліктері, тіл экологиясы мәселелерін отандық филология ғылымында алғаш көтерген зерттеушілердің бірі ретіндегі қырлары тілге тиек етілді. Мағжанның пән тілін қалыптастыру, термин жасау, жаһандық терминдерді пайдалануға қатысты айтылған ойлары әлі де өзекті екендігіне назар аударылды. Жиынға оффлайн жүйесінде Алматы қаласы, Алматы және Жетісу облыстарының медициналық мекемелерінен, онлайн форматта ЗУМ желісі арқылы Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласынан  мамандар қатысты.  Жиын соңында конференция баяндамашылары Алматы облыстық  денсаулық сақтау басқармасының Алғыс хатымен марапатталып, конференция қатысушыларына сертификаттар берілді.

Өз тілшіміз

Басқа жаңалықтар

Back to top button