Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыҚаратал хабарыҚоғамМәдениет

Жасыл экономиканың ұшқыны

Қазіргі кезде Жетісу облысында жалпы қуаты 104,7 МВт болатын 12 жаңартылатын энергия көздерінің нысаны бар. Соның бірі – Қаратал ауданындағы «Алматы Энерго Проджект» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Үштөбе» күн электр стансасы.

Қуаттылығы сағатына 4,95 МВт құрайтын стансаның құрылысы 2021 жылдан басталып, бір жылдан соң іске қосылды. Оған 1,5 миллиард теңге инвестиция тартылған. «Алматы Энерго Проджект» компаниясы негізінен жаңартылған энергия көздерін өндіруге маманданған. Жетісудағы жобадан басқа Түркістан облысында да осындай екі күн электр стансаның жұмысын жүргізіп отыр.

Кәсіпорынның бас диспетчері Бауыржан Әлімбаевтың айтуына қарағанда, 10 гектар аумақта 11 008 күн панельдері қойылған. Бір панель күніне 450 КВт электр өндіреді, ал тұтас станса ауа райының жағдайына қарай күніне 18-ден 43 МВт-қа дейін қуат өндіреді. Электр энергиясы «KEGOC» АҚ желісіне жеткізіледі.

Қазір мұнда 11 адам жұмыс істейді. Жаңартылған энергия көздерін өндіру ісін жергілікті мамандарға ресейлік инвестор компанияның бас инженерлері арнайы келіп үйреткен. Жергілікті мамандар аймақта энергия өндірудің жаңа түрін меңгергендеріне қуанышты. Жұмысшылардың жалақысы – орта есеппен 250 мың теңге.

Облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының мәліметіне сүйенсек, Жетісу өңірінде жалпы қуаты 104,7 МВт болатын 12 жаңартылатын энергия көздерінің объектісі бар. Облыстың электр энергиясын тұтыну қажеттілігі 1,6 миллиард кВт/сағ құрайды, соның 433 миллион кВт/сағ өзімізде өндірілсе, ондағы ЖЭК үлесі – 273 миллион кВт/сағ.

М. Мақсым

Басқа жаңалықтар

Back to top button