Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыБасты ақпаратКеген келбетіҚоғам

ОРМАНЫНА ҚАМҚОР АЗАМАТТАР

Бүгінде Кеген орман шаруашылығы коммуналдық-мемлекеттік мекемесінің қарамағында 5 орманшылық бар. Соның бірі – Ұзынбұлақ орманшылығы. Бұл Кеген ауданындағы Ұзынбұлақ, Жылысай, Ақсай, Жалаулы, Темірлік, Ақтоғай өңірлерін қамтып жатыр. Жалпы көлемі 13464 гектар болса, соның ішінде орман алабын 4939 гектар жер құрайды. Ұзынбұлақ жаққа қарасаң, көлденеңінен түсіп жатқан Қулық тауын көресің. Әсем қарағайларымен көз тартып жатқан еңселі тау. Күнбатыс жағы әйгілі Мойнақ су электр стансасына апаратын тамаша өңірге қарай жол бастап кетеді. Қулық тауының арғы жағында Шыбышы ауылы бар. Биік тауларында бұғы, марал, елік сияқты қырдың әсем жануарлары мекендейді. Жалаулы өңірінің де өсімдік әлемі, табиғат тамашалары адам қызығарлық. Қайқы асуынан кейінгі Ұйғыр ауданына қарай жол тартатын Темірлік өңірінде де неше түрлі ағаштар өседі. Қызыл қарақатты осы жерден кездестіресің. Қызық кітапқа енгізілген Ясин, шетен ағашы бар. Ақтоғайда емдік қасиеті мол шырғанақ, қарақат көз тартып тұрады. Орманшылықққа қарасты жер-су аттарының өзі қызықтырарлық. Моншалы, Ұзын сай, Бұқан, Шыбышы, Жалаулы, Далайты секілді сайлардың бәріне Шренк шыршасы, Тянь-Шань қарағайлары көрік беріп тұр. Арша, қылша, тобылғы, ырғай секілді неше түрлі ағаштар да өлкенің сәні мен салтанаты.

Ержан Өмірзақов бастаған Ұзынбұлақ орманшылығында Махамет Ноғайбаевтай тәжірибелі орман шебері, Жасұлан Мырзабаев, Бауыржан Матқасымов, Бекет Талдыбаев, Ербол Қарымсақов секілді орман күтушілері еңбек етеді. Орманшылықтың Жалаулы, Шыбышы, Далайты, Ақсай, Жылысай секілді 10 өңірінде кардондар бар. Орман күтушілерінің үйлері күн нұрынан нәр алып, жарық көзін тудыратын аппаратпен, байланыс құралдарымен, өрт сөндіретін құрал-жабдықтармен, орман күтушілері арнайы киіммен, мініс аттарымен қамтамасыз етілген. Оманшылықта екі «Нива» жеңіл автокөлігі бар.

— Жағдайымыз жақсы. Өзімізге қарасты өңірлер, шүкір, өрт оқиғасынан аман. Былтыр Қарқара өңіріне 6,5 гектар жерге Шренк шыршасының көшеттерін отырғыздық. Биылғы көктем маусымындағы жұмыстарға дайындық жасап қойдық. Жігіттеріміздің де көңіл-күйлері жақсы. Біз Отанымыздың, ел мен жеріміздің байлығын көзіміздің қарашығындай сақтап, көшеттерімен көбейтіп, болашақ ұрпақтың да игілігіне айналуы үшін жұмыс жүргізе беретін боламыз, — дейді Ұзынбұлақ орманшылығының орманшысы Ержан Өмірзақов.

Орманына қорған болып жүрген азаматтардың қолдары қуатты болып, еңбектері жана берсін.

Индира БІРЖАНСАЛ

Суретте: Кеген орман шаруашылығы коммуналдық-мемлекеттік мекемесіне

 қарасты Ұзынбұлақ орманшылығының

орманшысы Ержан Өмірзақов (ортада) пен орман шебері Махамет Ноғайбаев,

орман күтушісі Жасұлан Мырзабаев жұмыс барысын ақылдасуда

Басқа жаңалықтар

Back to top button