Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыКеген келбетіҚоғамМәдениет

«АҚНИЕТ» ӘЖЕЛЕР АНСАМБЛІ

Кеген ауданындағы Бөлексаз ауылына деген ықыласым, құрметім шексіз. Береке-бірлігі, тірлігі жарасқан ауыл. Ұйымшыл, ежелден келе жатқан салт-дәстүріміздің, жөн-жоралғыларымыздың құрметтеп, қолдаушылары. Соған орай ауылда жақсылық мол. Бұдан бұрын ауылдағы Бөлексаз орта мектебі күрделі жөндеуден өткізіліп, заманға лайық жаңғырып, жайнады. Ұстаздар мен оқушылар жылы да жайлы мекенжайда үлкен қуанышқа кенелді. Өткен жылдардан бері ауылдағы ауыз су жүйесі жаңғыртылды. Пайдалануға берілетін шағы жақын. Оның сыртында ең үлкен қуаныш, жақсылық — ауылдан жаңадан мәдениет үйі салынуда. Ауылда тұратын ауданның, ауылдың өнері мен мәдениетінің дамуына елеулі үлесін қосқан бірегей өнер иесі, ҚР Мәдениет қайраткері Қызай Бейсен ағамыз негізін қалаған «Ақниет» әжелер ансамблі жұмыс істейді. Ансамблге Гүлнар Әкімжанова жетекшілік жасайды. Құрамындағы Гүлсім Мусаева, Күлсімхан Жыланкөзина, Айнагүл Бейсенбиева, Бақтылы Нұрпендиева, Жаңылша Төлбаева секілді тұла бойлары өнеріне толы, ақылы мен парасатына, өнегелік қадір-қасиетіне толы алтын әжелеріміздің жандары жамандық көрмесін! Күндерімен көркейсін, ұрпағымен көгеріп-көктей берсін! Шіркін-ай, десеңізші, әжелер салған халықтық әндерді тыңдаған сайын тыңдай бересің. Қайта-қайта ән айтқызудан бірде-бір жалықпайсың. Біздің халық әні дейтін ұлттық құндылығымыздың жақсылығы сонда, шарапаты сонда, тәрбиелік тағылымы сонда. Ұлттық нақыштағы киімдері, әндері мен сәндері, албыраған ақ жүздері жарасқан әжелер Ақан серінің «Қараторғайын», Абайдың «Желсіз түнде жарық айын», Қапездің «Үш Меркісін», Жақсылық Әбдірамановтың «Кегенімді сағындымын», Қызай Бейсеновтың «Төр жайлауын» кезек-кезек айтқан кезде жаның жадырап, көңілің албырай түседі-ау, шіркін?! Көппен бірге дуылдата қол соғып жібергеніңді байқамай қаласың. Ауылдағы бар жақсылықтың, мерейлі тойдың, мерекелік қуаныштардың көркі мен ажары осы алтын әжелеріміз. Жақында ғана ауылда өткен келіндер сыны байқауында да осынау әжелеріміз көрік беріп, әндерімен ажарлап сол жерден табылды. Берекесі мен мерекесі, ырысы мен құты, бірлігі мен тірлігі жарасым тапқан ауылдың жақсылығы арта берсін!

Индира БІРЖАНСАЛ

Басқа жаңалықтар

Back to top button