Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыБасты ақпаратКеген келбетіҚоғам

ТӨЛ ТЕҢГЕНІҢ ТАРИХЫ

15 қараша — Қазақстан Республикасының Ұлттық валютасы күні және елдің қаржы жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі.  Бұл күні, 1993 жылы, Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы — теңге алғаш айналымға енгізілді.Ұлттық валютаның дамуы қысқа мерзімде — бір жылдың ішінде жасалды.  Соған қарамастан, теңгенің сапасы жоғары және оны қолдан жасау қиын.  Бүгінде теңге ұлттық валюта ретінде елде берік орныққан. Теңгенің қолданысқа енгеніне 30 жыл толуына орай Кеген аудандық тарихи-өлкетану музейі мен мұражай директоры Чукенов Әділеттің бастамасымен «Төл теңге тарихы» атты тақырыпта дәріс өтті. Дәрістің мазмұны төмендегідей:

«Мемлекеттің мәртебесін биіктетіп, халықаралық қаржы нарығындағы орнын анықтауда валютаның маңызы зор. Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған соң араға екі жыл салып ұлттық валютасын айналымға қосты. Сөйтіп, ғасырлар бойы аңсап жеткізген азаттық өзіміздің төл теңгемізбен сауда жасап, дербес алтын-валюта қорымызды қалыптастырып, Ұлттық банкімізді құруға ықпал етті.

Тоқсаныншы жылдардың бас кезінде экономика тұралап, әлеуметтік сала өз бағдарынан жаңылып, халықтың тұрмысы төмендеп кетті. Тығырықтан шығудың түрлі жолдары қарастырылып жатты. Соның бірі де бірегейі – қаржылық тәуелсіздікке ие болу еді. Қазақстан басшылығы мұны жақсы түсінді және соған сай аса құпия түрде әрекет етті. ҚР бұрынғы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен арнайы топ құрылып, ұлттық валютаны жобалау жұмыстарына кірісіп кеткен еді. Алайда соңғы сәтке дейін мұндай іргелі шаруадан көпшілік хабардар бола қойған жоқ.

– Адамдар біз қайда жылжимыз, не істейміз деген сұрақтың алдында тұрды. Бір идеология болатын: барлығы да бала кезден Кеңес Одағы бар екенін, жарқын болашақ пен коммунизм бар екенін және соған қадам басып келе жатқанын білетін. Осының бәрі күл-талқан болды. Басқаша өмір сүру тәжірибесі жоқ болатын. Балтық жағалауы елдерінде 1938 жылға дейін жеке меншік бар болды. Бұл адамдардың есінде еді. Ал бізде ондай болған жоқ. Бірнеше буын өз санасында жеке меншік пен нарықтық экономика дұрыс емес, барлығын мемлекет басқаруы керек деп есептейтін, – дейді Нұрсұлтан Назарбаев.

Азаматтардың осындай сана түсінігін бұзып-жарып, батыл қадамдар жасау, сөйтіп тәуелсіз экономикалық кеңістікке жол ашуды ерлікке пара-пар деп бағаласа болғандай. Бастапқыда барлық ел бір-бірін қолдап тұрғандай, шын мәнінде әркім өз қамын күйттеген, халқын қайтып асырасам деп бас қатырған аласапыран кез еді. Тығыз уақыт нығыз шешімді қажет етеді. Қазақстан біраз уақытқа рубль аймағында қалды. Ресей «біз сіздер үшін ақша басып береміз» дегендей емеурін танытты. Оның да алдамшы екені көп өтпей айқындалды.

Алайда алданған жоқпыз. Себебі 1992 жылдан бастап-ақ сол кезеңдегі ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен ұлттық валютаны жобалау жұмыстары басталып кеткен еді».

Дәріс барысында төл теңгеміздің тарихынан сыр шертетін ақпараттар беріліп, сондай-ақ көрме қойылды.

Мақпал ШАДАН

Басқа жаңалықтар

Back to top button