Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыБасты ақпаратТалгар информацияТалғар - ақпарат

ТҰРҒЫНДАРДЫ САПАЛЫ АУЫЗ СУМЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ МӘСЕЛЕСІ БІРТІНДЕП ӨЗ ШЕШІМІН ТАБУДА

Талғар ауданындағы басты мәселелердің бірі – тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету. Ауданда 48 елдімекен болса, соның тек 45-і орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілген. Қамту деңгейі – 93,7%. Бүгінгі күнге желілердің тозу деңгейі 85% құрап отыр. Жыл басынан бері осы ауыз су мәселесіне байланысты бірнеше ауылдарда резонанстық жағдайлар болып, халық көтерілген.

Осыған орай, Талғар ауданының тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ақылжанов Айбекке аталған мәселе бойынша бірнеше сұрақ қоюды жөн көрдік. Аудандық әкімшілікте 2017 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Айбек Ақылбекұлы осы жылы салада атқарылып жатқан жұмыстармен бөлісті.

–     Саламатсыз ба, Айбек мырза! Ең алдымен осы ауыз су мәселесінен бастасақ, қазіргі таңда жағдай қалай болып жатыр?

–Тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз  ету  біртіндеп  өз шешімін табуда. Бүгінгі күнге 48 елдімекеннің 45-сі орталықтандырылған су жүйесіне қосылған, қамту деңгейі 93,7%  құрап отыр. Үстіміздегі жылы  Талғар топтық су құбырына 2  және 5  кешенін қосу жұмыстарының  аясында  75 шақырым   су желелері  салынып, 9 ауылда 15 мың адам сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Рысқұлов ауылындағы 10 ұнғымаларды жөндеуге 70 млн теңге қаржы бөлініп, тазарту жұмыстары басталып кетті. Осы жұмыстардың нәтижесінде, Талғар қаласының 15 мың тұрғыны сапалы жер асты суымен қамтылады.

–     Ал, Бесағашта жағдай қалай? Білуімізше бұл ауылдың тұрғындары жыл сайын осы сапалы ауыз судың жетіспеушілігінен зардап шегуде?

– Ия, Бесағаш ауылының су жүйесі – қазіргі таңдағы күрделі мәселелердің бірі болып табылады. Ауылдың су жүйесіне қызмет көрсететін «ТасҚұмСу» ЖШС-нің «Алматы су» мекемесі алдында 276 млн. теңге қарызы болуына байланысты және су желілерінің тозуының себебінен – жыл сайын жаз айларында Бесағаш ауылының 11 мың адамы ауыз су тапшылығын сезінеді. Осы мәселені шешу үшін «Бесағаш ауылын сумен жабдықтау жүйесінің құрылысы (оңтүстік бөлігі)» жобасын әзірлеу бойынша жұмыс жүргізілді. Осы жылдың 24 қазанында жоба мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алды. Құрылыс жұмыстарының құны 5,4 млрд. теңге. Желілердің ұзындығы 31,3 шақырым. 2024 жылға құрылыс жұмыстарын жүргізуге бюджеттік өтінім беріледі.

–     Бұл жақсы жаңалық екен! Тағы қандай жұмыстар атқардыңыздар?

– Сондай-ақ, Талғар қаласындағы 235 шақырым су желісін қайта жаңарту үшін жобалау-сметалық құжаттамасы даярлануда. 2023 жылы жұмыстар аяқтауға 160,4 млн. теңге қарастырылды. Жұмыстары жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Сонымен қатар, 11 елдімекендердің су және кәріз жүйесін салуға ЖСҚ әзірлеуге 347,9  млн. теңге қаражат бөлініп, жұмыстар жүргізілуде. Осы жобаларды аяқтау мерзімі 2024 жылдың мамыр айына жоспарланып отыр. Жобаларды жүзеге асыру  мақсатында, желілердін тозу деңгейі 90,0 %-дан 75,0 %-ға төмендейді және 12 елдімекендегі 125 мың халық сапалы сумен қамтылады.

–     Керемет! Су мәселесімен бірге газдандыру саласын да қозғап кетсек. Бәрімізге белгілі – қазіргі таңда ауылдырда ушығып тұрған мәселе. Бұл жайлы не айтасыз?

– Әрине, ауданның елді мекендерін  газдандыру мәселесі  — негізгі әлеуметтік бағыттардың бірі. Аудандағы 48 елдімекеннің тек 32-де газ жүргізілген (66,7%). Еламан, Көктал, Қайнар, Арқабай ауылдарында  газдандыру жұмыстары жүргізілуде, жұмыстар  аяқталғанда  газдандыру деңгейі 66,7% дан 72,9% ға дейін өседі.

–     Жақында ғана резонанс тудырған көпқабатты үйлерді орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосу жұмыстары қалай жүргізілуде?

– Аудандағы 68 көпқабатты тұрғын үйлерді жылумен қамту мақсатында 19 блокты-модульды қазандықты орнатуға жобалау жұмыстары жүргізілуде. Облыс әкімінің қолдауымен, осы жобаларды аяқтауға 244,8  млн. теңге бөлінді.  Жобалау жұмыстары осы  жылдың қазан айында аяқталады. Онымен қоса, Талғар қаласы Әуезов шағын ауданының 10,4 шақырым электр желілеріне де күрделі жөндеу  жұмыстарын жүргізуге 198,6 млн. теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жалпы 4 трансформаторлық қосалқы станция орнатылып, 10,4 шақырым электр желілері ауыстырылады. Жұмыстарды желтоқсан айында аяқтау жоспарланып отыр. Сонымен қатар, осы жылы 16 елді мекенде 79,5 шақырым немесе 2 653 көше жарығы бағаналары орнатылды.

–     Сұхбатыңызға рахмет!

 

Акан АКЫЛОВ

Басқа жаңалықтар

Back to top button