Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыБайсерке ауылдық округіБасты ақпаратБілім және ғылымҚоғамМерекелер

ЖАҢАТАЛАПТА 600 ОРЫНДЫҚТЫ ЖАҢА МЕКТЕП ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Іле ауданы, Жаңаталап ауылының ұстаздары мен оқушылары жыл басын заманауи үлгіде салынған 600 орындықты №52 – ші жаңа мектеп ғимаратында өткізді. Ауыл азаматтары көптен күткен қуаныштары орындалды.

Салтанатты жиын барысында шақырылған қонақтар құттықтау сөз сөйлеп, ізгі тілектерін арнады. Алғашқы сөз аудан әкімінің орынбасары  Айдын Әуесбайұлына берілді. «Бүгін Жаңаталап ауылындағы балаларға үлкен қуанышты күн болып есептеледі. Осы сәтті тиімді пайдалана отырып мен білімге жаны құштар оқушыларымызды, ұстаздарды, ауыл тұрғындарын жаңа білім ордасының ашылуымен құттықтағым келеді. Өздеріңіз білетіндей соңғы жылдары елімізде білім саласына айтарлықтай көңіл бөлінуде. Бүгін оқушыларға есігін айқара ашқан заманауи мектепті пайдалануға беріп отырмыз. Осы мектепте білім алған балаларымыз алдағы уақытта тек ауданымыздың ғана емес, облысымыздың, республикамыздың дамуына сүбелі үлес қосатынына сенімдімін. Жаңа оқу ордасы ұстаздар қауымы үшін жемісті болсын», — деп, ғимараттың құрылыс жұмыстарын жүргізген «Құрылысшы «ТБС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Батырхан Садықұлы Тохтаевқа және ұжымына өз алғысын білдірді.

Батырхан Садықұлы өз кезегінде  білім кілтін салтанатты түрде мектеп директоры Агманова Нургиза Бакашқызына табыстады.

Содан соң көптен күткен күміс қоңырау соғылып, салтанатты шараға қатысушылар сәулеті келіскен ғимаратты аралап көрді.

Жаңа жыл, ауыл балалары үшін сән-салтанаты келіскен жаңа нысанның қабырғасында сапалы білім алудан басталатын болады. Айта кетейік, жаңа ғимаратта оқушылар мен ұстаздарға барлық жағдай жасалған. Онда киім ілетін арнайы орын, оқу залы бар кітапхана, оқу бөлмелері, интерактивті тақтасы бар кабинет, асхана, спортзал және барлық талапқа сай жабдықталған компьютерлік сынып бар. Сонымен қатар, сан түрлі әдістемелік құралдармен қамтамасыз етілген мұғалімдер бөлмесі де көпшіліктің көңілінен шықты. Мектеп қабырғасында медициналық стандарттарға сай медбике бөлмесі де бар. Мектеп сыртында ойын алаңдары мен келушілерге арналған автотұрақ орналасқан.

«Жаңа мектеп ғимаратында білім аламыз» деген үлкен қуанышты білім ордасының табалдырығын алғаш рет аттаған оқушылардың жанарынан байқауға болады. Жаңа мектеп партасына отырған олар жиын соңында «Саналы – ұрпақ жарқын болашақ!» тақырыбында өткен алғашқы тәрбие сабағына қатысып, ұлағатты ұстаздарымен қауышты.

 

Бағдат ШОЙБАС, Іле ауданы

Басқа жаңалықтар

Back to top button