Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыҚоғамЭнергетический ауылдық округі

«ЖАСТАР РУХЫ» ЖАСТАР ҚАНАТЫНЫҢ АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫ ІЛЕЛІК ЖАСТАРМЕН КЕЗДЕСТІ

«Жастар Рухы» жастар қанаты Өтеген батыр ауылында орналасқан №7 орта мектептің мәжіліс залында №7 орта мектептің 9-10 сынып оқушыларымен және «Аяжан» медициналық колледжінің студенттерімен кездесу өткізді. Кездесу барысында «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанатының Алматы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Нұрбек Талғатұлы модератор болып, «Жастар рухы» жастар қанаты  туралы қысқаша түсіндіріп, Республика көлемінде атқарылып жатқан жұмыстар жайлы бейнебаянды қосып, қатысушыларға жан-жақты ақпарат берді. Жиынға қатысушыларға жалпылама ақпарат берілгеннен кейін сөз алған «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанатының Алматы облыстық филиалының төрағасы, Алматы облыстық мәслихат депутаты Заирова Әсел Бахадырқызы Алматы облыстық «Жастар Рухы» жастар қанатының жыл бойы атқарған жұмыстары туралы баяндап, «Жастар Рухы» жастар қанатының жобаларымен таныстырды. Ә.Бахадырқызы: «AMANAT CUP» жобасы өзін-өзі жұмыспен қамтыған жастарды салауатты өмір салтына және әлеуметтендіруге баулу мақсатында 2020 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Сондай-ақ, қоғам арасында тілдің қолданыс аясын кеңейту, қазақ тілін кеңінен насихаттау, жастар арасында қазақ тілін үйренуді насихаттау және оның әлеуетін арттыру мақсатында «Менің елім – менің тілім» жобасын да қолға алдық. Жоба аясында кез келген адам қазақ тілін үйреніп, «Сөйле» сөйлеу клубтарында сабаққа қатыса алады. Ал, жас ұрпақты әскери-патриоттық бағытта тәрбиелеу, патриотизм мен жоғары моральдық-психологиялық қасиеттерге баулу және жас ұрпақты әскери қызметкердің жұмысымен, әскери қызметтің қыр-сырымен таныстыру мақсатында «QAISAR» әскери-патриоттық жобасы да іске асырылуда. Біз жас өрендерге әскери қызметкерлермен кездесулер өткізіп, одан қалды әскери бөлімдерге түрлі экскурссиялар ұйымдастырып, олардың өршіл рухта тәрбие алуларына өз үлесімізді қосып жүрміз» — дей келе, экологиялық тәрбиелеуге бағытталған «ТазаLike» жобасы, «Жастар Рухы Camp», «Кел шәй ішейік», «Ардагерлерді ардақтайық», «Қауіпсіз қала», «Арман ағашы» қайырымдылық акцияларына «Жастар Рухы» Жастар қанатының жастары белсене атсалысып жүргендерін атап айтты. Иә, бір кесе шай беру арқылы суық күндерде адамдардың бойына нәр, жүрегіне жылу ұялатып жүрген жастардың иненің жасуындай болса да жақсылық жасап, ізгілікке құштарлық танытулары жанға қуаныш сыйлайды.

Ә. Заирова өз сөзінде қызмет жолын еріктілер жасағына қосылып, көптеген мәдени-қайырымдылық акцияларға қатысып, аз қамтылған, жетім, жартылай жетім отбасынан шыққан оқушыларға, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға жәрдем беріп, спонсорлар тауып, оларды азық-түлікпен, киім-кешекпен қамтамасыз етуге үлес қосумен бастағанын, осы адал еңбегімен көзге түсіп, бүгінгі таңда облыстық «Жастар рухы» жастар қанатының төрайымы болып қызмет етіп жүргенін тілге тиек етті. Сонымен қатар, Алматы облысындағы ең жас мәслихат депутаты да Әсел Бахадырқызы екен. Бұл оның саяси сахнаға тәй-тәйлап басқан алғашқы қадамы екенін де жасырмай, жастармен ашық әңгіме жүргізіп, ілелік жастарды «Жастар рухы» жастар қанатының құрамына кіріп, бірге қызмет етуге шақырды.

Кездесуде белсенді жастар өздерінің көкейлерінде жүрген сұрақтарына жауап алды. Мәселен, ерікті болудың қыр-сыры жайлы, «Жастар рухының» атқарып жатқан жұмыстарының қоғамға тигізген ықпалы, саяси аренадағы орны, Әсел Заированың депутат ретінде жүргізіп жатқан жұмыстары да ілелік жастарға қызықты көрініп, әлеуметтік-қоғамдық тақырыптағы сұрақтар қойылды. «Жастар рухы» өкілдерінің берген жауаптары көкейлеріне қонып, ұйымның жобаларына қызығушылық танытқан студенттер мен оқушылар алдағы уақытта «Жастар рухы» қанатының жобаларына үздіксіз қатысуға ынталы екендіктерін жеткізді.

 Н. ЕРГЕШБАЙ,

«AMANAT» партиясы жанындағы

«Жастар Рухы» жастар

қанатының  Алматы облыстық филиалы төрағасының орынбасары

Басқа жаңалықтар

Back to top button