Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыҚоғамМәдениетМерекелерЭнергетический ауылдық округі

Ақындар жас оқырмандар ортасында

М. Мақатаев атындағы №13 орта мектепте Мұқағали онкүндігі аясында  «Жырлайды жүрек» атты ақын, жазушы, Жазушылар Одағының мүшесі, «Жұлдыз» журналының бөлім меңгерушісі, Қайрат Бестібаев және журналист-ақын, Алматы облысы «Алатау арайы» газетінің Қарасай ауданының меншікті тілшісі Қуат Қайранбаймен кездесу кеші өтті. Мақсаты – балаларды ақындардың шығармашылығымен таныстыра отырып, поэзияға құштарлықтарын арттыру, эстетикалық тәрбие беру.

Кеш қонақтары алдымен мектеп ішінен ашылған «М. Мақатаев» музейін аралап көрді.  Музейді таныстырған оқушылар ақиық ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқып, әдеби композиция құрды.

Сырласу кешінде ақын Қуат Қайранбаев поэзия әлеміндегі орны, өмірлік жолы туралы айтып, көрші ауылда туып-өскен, тай-құлындай тебіскен  қаламдас досы, әріптесі  Қайрат Бестібаев екеуінің балалық шақтарын сағына еске алды.  Қос ақынның арасындағы кіршіксіз достығы туралы жас оқырмандарға әңгімелеп берді.

Іс-шарада Қайрат Бестібаев та өз кезегінде қаламгер досы Қуат Қайранбаев туралы, оның шығармашылығы, азаматтық қасиеттері жайында кеңінен сыр шертіп, ақын өлеңдерін оқып, талдау жасап, қызықты естеліктерімен бөлісті. Оқырмандар ақындардан қонақ кәде сұрап, жаңа өлеңдерін шабыттана оқыды. Сырласу кеші сырлы әуенмен әрленді.

Кеш соңында мектеп директоры Аяулым Жақашбайқызы ақындардың иығына шапан жауып, ілтипат білдірсе, ақындар өздерінің кітаптарын мектеп кітапханасына тарту етті.  Жас оқырмандардан үлкен әсер алған ақындар мектеп ұжымына толағай табыс тілеп, кеш соңында естелік суретке түсті.

Өз тілшіміз

Басқа жаңалықтар

Back to top button