Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыБасты ақпаратҚоғамМерекелер

ЫСТЫҚ ЫҚЫЛАС ПЕН АДАМГЕРШІЛІК — ПАРЫЗЫМЫЗ

Алғыс айту күні қазақ тарихының сындарлы шақтарымен тығыз байланысты. «1 наурыз  – Алғыс айту» күні қазақ халқының дархандығы мен даналығын көрсететін айтулы күн. Біздің халық бас сауғалап келген ұлт өкілдерін хәкім Абай: «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп…» дегендей, бөліп-жармай қолындағы барымен бөлісті. Діні бөлек қаншама ұлттарға пана бола білді. Балалық шағымда, Қарасай ауданы, Бірінші май ауылында нағашымның қолында тұрған кезімде бір көшеде қазақ, шешен, түрік, әзірбайжан балалары тату-тәтті бірге өстік. Ата-апаларымыз сол уақытта келген кісілердің бәрін құшақ жая қарсы алып, текемет басып, алаша тоқып беретін. Ал, өз ауылым Ақшиде әкемнің інісінің үйінде шешендер тұрған еді. Өте мейірімді жандар болатын, бір үйдің баласындай бір үзім нанды бөліп жедік.  Қазақ халқы барынша қамқорлықпен, сыйластықпен өзге этнос өкілдерін бауырына басты. Бүгінгі таңда тағдыр тәлкегіне түсіп, жан сауғалап, қазақ жерінен пана тапқан этнос өкілдері қазақ халқына шексіз алғысын білдіреді. Өйткені, олар дархан даламыздан жылу тапты. Бүгінде олардың ұрпақтары Қазақстанды өз Отаны деп біледі. Балалық шақтан бірлігіміз жарасып, ендігі достағымызды одан ары күшейтуде Магай Юрий Васильевич, Ушурова Рашидам Сайдалиевна, Гасанова Лилия Ивановна, Гайдеров Гамзе Бадриевич сынды отандастарыммен татулықты тұмар етіп, бірге қызмет етудеміз. Аталған жандар еліміздегі түрлі этнос өкілдерінің арасындағы адамгершілік қарым-қатынасты дәріптеу мақсатында «Қоғамдық келісім және даму орталығы» Іле ауданы бөлімі ұйымдастырған түрлі іс-шараларға, оның ішінде дөңгелек үстелдерге, кездесу, сұхбаттарға белсенді қатысып, өскелең ұрпаққа этносаралық бірлікті, сыйласымдылықты насихаттайды. Сонымен қатар, әлеуметтік мәселелер бойынша, көше атауларын беруге, этномәдени бірлектіктерде мүшелік етіп мәдени іс-шараларға атсалысады. Ақсақалдар, аналар кеңесінің мүшесі ретінде рухани-тәрбиелік мәнді істерімен халқына сыйлы. Мұндай еліміздің болашағы үшін аянбай еңбек етіп жүрген азаматтарымызға өз алғысымды білдіремін.

Қазақстан халқы ассамблеясы құрылған күн – 1 наурызды жыл сайын барлық этностардың бір-біріне мейірбандық танытып, ол адамдарды өз туғанындай қабылдаған қазақтарға алғыс айту күні ретінде атап өтілуде. Бұл күн бізді бұрынғыдан да жақындастыра түспек. Бұл күн – мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтардың бір-біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі.

Біз қай кезде де әкенің қанымен, ананың ақ сүтімен һәм асыл діннің нәрімен біткен тектілік пен адамгершілік, дархандық пен кемеңгерліктің ең биік үлгісін көрсетіп келеміз. Ата-бабамыздың тектілігі мен адамгершілігін жас ұрпақ бойына сіңіруіміз керек. Ең бастысы, алғыс айту жақсылық істеген адамға емес, сол жақсылықты көрген адамға аса қажет екенін ескерген жөн.

М. Жәбиева,

«Қоғамдық келісім және даму

орталығы» КММ Іле ауданы бөлімінің басшысы

Басқа жаңалықтар

Back to top button