Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыҚоғам

АНТЫНА АДАЛ БОЛҒАН БАТЫР

Тәуелсіздік жылдарында қызметтік міндеттерін атқару кезінде Ішкі Істер Органдарының Республика бойынша 818, Алматы облысы бойынша 39 қызметкері мен әскери қызметшісі қылмыскерлерді ұстау және адам өмірін сақтап қалу кезінде ерлікпен қаза тапқан. Еліміздің өскелең ұрпағын патриоттыққа тәрбиелеу, оқушыларды жеке тұлға ретінде қалыптастыру және дамыту үшін Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің жалпы білім беретін мектептерде қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан ішкі істер органы қызметкерлеріне арналған «Батылдық бұрыштарын» ашу, олардың ерліктерін, өмірлік және кәсіби жолдарын жас буынға жеткізу туралы шешімі қабылданды. Осы орайда, Өтеген батыр ауылындағы №7 орта мектепте Алматы облысы Полиция департаменті Іле ауданының полиция Басқармасында қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан Боралдай полиция бөлімшесінің кезекші бөлімі кезекшісінің көмекшісі, милиция старшинасы Манас Мақанұлы Жұмаділовтің атын №7 орта мектеп және  №38 мектеп-гимназиясындағы «Жас полиция» әскери-патриоттық сыныптарына беруге арналған мәдени шара өтіп, «Даңқ бұрышында» «Естелік тақтасы»  салтанатты түрде   ашылды.

Рухани-патриоттық шараның мақсаты – өз Отанына шексіз берілген, патриоттық рухы жоғары, қайсар жауынгер ағамыздың ерлігін жас ұрпаққа үлгі ету, жаңа қазақстандық патриотизмді дамыту, жастарды әскери-патриоттық тәрбие беру, салауатты өмір салтын насихаттау, тәуелсіздік жылдарында қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза болған ағаларымыздың рухына тағзым етуге, есімдерін қастерлеуге тәрбиелеу.

Танымдық шараға Іле ауданы полиция Басқармасының бастығы,   полиция подполковнигі Ертіс Еркінұлы Тоқтаров, Іле ауданы полиция Басқармасының ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғалым Еркінбекұлы Төребеков, Жұмаділов Манастың әкесі Жұмаділов Мақан, батыр ағамыздың жұбайы Жұмаділова Мәншүк пен қыздары, Алматы облысының полиция қызметкерлері, №7 орта мектептің әкімшілігі, №7 орта мектеп және №38 мектеп-гимназиясының «Жас полиция» әскери-патриоттық сынып оқушылары қатысты.

Патриоттық кеш «Жас полиция» әскери-патриоттық сынып оқушыларын сапқа тұрғызып, «Жас полиция» әскери-патриоттық сыныптарының жетекшісі старшина Ертай Андосовтың мәлімет тапсыруымен басталды. Сондай-ақ, Іле ауданы Полиция басқармасының бастығы,  полиция подполковнигі Ертіс Еркінұлы Тоқтаров пен Іле ауданы Полиция басқармасының ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғалым Төребекұлы  Жұмаділов мектептің «Даңқ бұрышында» Манасқа арналған «Естелік тақтаны» салтанатты түрде ашты.

Шара барысында полиция старшинасы, өз қызметін атқару кезінде ерлікпен қаза тапқан М. Жұмаділовтің қызметтес достары, әріптестері батырдың ерлік істерін еске алып, жас ұрпаққа өнегелі өмір жолын үлгі етті. Полиция подполковнигі Ертіс Еркінұлы шараны ашып, «Полиция қызметкерлері тарапынан жасалған көптеген ерлік істер ұмытылып кетті, кейбірі тіпті аталмай, елеусіз қалып жатыр. Осыған орай, жас буын және халық Ішкі істер органдары қызметкерлері жасаған батырлық әрекеттері туралы өз деңгейінде хабардар болмай, полицияда қызмет ететін батырлар жайлы аз ақпарат біледі. Бүгін біз қызметтік міндетін атқару кезінде ерлікпен қаза тапқан Іле ауданы Полиция басқармасының жанындағы Боралдай полиция бөлімшесінің милиция старшинасы М.М. Жұмаділовтің есімін №7 және №38 мектептердің «Жас полиция» сыныптарына бере отырып, мектептің даңқ бұрышына батыр әріптесіміздің ескерткіш тақтасын ашуға жиналып отырмыз» — дей келе, М. Мақанұлының ерлігі аудан тұрғындарының, әріптестерінің, достарының жадында мәңгі қалатынына сенім білдірді. Ал, Ғалым Еркінбекұлы болса М. Жұмаділов жайлы естеліктерімен бөлісіп, оның азаматтық болмысын жан-жақты ашып, осындай ер тұлғалы достарынан айрылғаны жанына бататынын, орны толмас өкініш екенін айтып өтті.

Манас Жұмаділовтің әкесі Жұмаділов Мақан ағамыз бүгінгі шараны ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, елімізде қан төгілмеуін, жас ұрпаққа ерлігінің жемісін, елдің марапатын көзі тірі кезінде көруін тіледі. Батырдың жан жары Жұмаділова Мәншүк те арқа сүйер азаматының ерлігін ұмытпай, ардақтап, құрмет тұтып, атына сынып беріп, ескерткіш тақта қойып жатқан мектеп ұжымы мен полиция Басқармасының қызметкерлеріне ізгі лебізін білдіріп, «Жас полиция» әскери-патриоттық сыныбына естелікке сағат тарту етті. Өз кезегінде Алматы облысы полиция қызметкерлерінің және  «Жас полиция» әскери-патриоттық сынып оқушылары атынан Манас батырдың әкесі Жұмаділов Мақан Жұмаділұлының отбасына да сый-сияпат жасап, құрмет көрсетті.

Жұмаділов Манас Мақанұлы кім? Оның аты неге ұлықталып, оған ескерткіш тақта қойылды? Осы сұрақ оқырманның санасында қылаң берері анық. Біз оқырмандарымызға батыр ағамыз туралы ақпарат бере отырып, Манас мақанұлының өмір жолына шолу жасайық. Алматы облысы Іле ауданы Ішкі Істер басқармасы жанындағы Боралдай милиция бөлімшесінің қызметкері, милиция старшинасы Манас Мақанұлы Жұмаділов 1973 жылы 16 ақпанда Алматы облысы, Шелек ауданы, Тескенсу совхозында дүниеге келген. Ол 1980-1990 жылдары Алматы қаласы Өжет кентіндегі №77 орта мектебінде білім алған. Манас Мақанұлы еңбек жолын 03.02.1995-19.09.1996 жылдар аралығында Іле ауданы Ішкі Істер патруль күзет  милиционері қызметінен бастаған. Жауапты, өз ісінің майталманы әрі байсалды Манас Жұмаділов қылмыстық іздестіру жедел уәкілі болуды мақсат етті. Ол қылмыспен күресте алдыңғы қатарда болғысы келді.

1996 жылдан бастап милиция старшинасы Жұмаділов Іле Аудандық милиция басқармасы жанындағы Боралдай кенттік полиция бөлімшесінің кезекші бөлімінде жұмыс істеді. 2000 жылдың 31 мамырында полиция старшинасы М.М. Жұмаділов тәуліктік нарядта 12 сағат 30 минутта Боралдай кенті Коммунистическая көшесіндегі №58 үйдің ауласында Алматы қаласы мен облыстық полиция қызметкерлері іздеу салған А.Т. Қайрақпаевтың жасырынғаны туралы хабарлама алады. А. Қайрақпаев бұрын сотталған, сол кезде бөтен мүлікті ұрлап әкеткені үшін іздеуде болған. Манас Жұмаділов жедел топпен бірге көрсетілген мекенжайға келді. Олар үйді, үй маңындағы құрылыстарды аралап іздеді, бірақ ешкімді таппады. Старшина бәрін тағы бір рет тексеруге шешім қабылдап, сарайға кіріп, қабырғаларды мұқият қарап, жасырын есікті тапты. М.Мақанұлы есікті ашып, кішкентай бөлмеде жасырынған ұрыны көреді. Ол күдіктіге «Шығыңыз және маған еріңіз» — деп, өзімен бірге кенттік полиция бөлімшесінің кезекші бөліміне баруын талап етті. А.Қайрақпаев бұл талапты орындаудан бас тартып, жасырынуға тырысты. М.М. Жұмаділов қылмыскерді ұстауға әрекет еткен кезде ол белсенді физикалық қарсылық көрсете бастады.

Қылмыскер кенеттен есікке қарай жүгірді. Манас оны ұстап алып, қолын бұрап ұстағысы келді. Бірақ қылмыскердің қолында пышақ барын байқамады. Қылмыскерді ұстау барысында ол старшинаны бірнеше жерден пышақтап үлгеріпті. М. Жұмаділов кеуде тұсында қатты ауырсынуды сезінді, алайда қансырап жатса да қылмыскерді жіберуге құқығы жоқ екенін сезіп, азаматтық борышы әрі антына берік болудың бір белгісі екенін түсініп, қылмыскерден айрылмады. Манастың қылмыскерді тауып, онымен айқасып жатқанын көрген әріптестері жүгіріп келеді. М.М. Жұмаділов ауыр жараланғанына қарамастан, қансырап жатса да, қылмыскерді жібермей ұстап, оны көмекке келген Ішкі Істер органдарының қызметкерлеріне тапсырады. Осылайша, полиция старшинасы М.М. Жұмаділов өзінің қызметтік борышын өмірінің соңына дейін адал орындады. Ол қаза тапқан кезде 27 жаста еді. Оның артында ата-анасы, әйелі және екі баласы қалды. Манас Жұмаділов қайтыс болғаннан кейін Қазақстан Республикасы Президентінің 29.08.2002 жылғы №439 Жарлығымен III дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.  Боралдай кенттік полиция бөлімшесінің аумағына Манас Жұмаділовтің құрметіне даңқ ескерткіші, яғни обелиск қойылды. Қазіргі таңда Боралдай көшелерінің бірі оның есімімен аталады.

Иә, бейбіт күнде өз антына адал болып, қандықол қылмыскерді құрықтау барысында қаза тапқан батыр да батыл ұландар мәңгілікке ел есінде сақталып, жас ұрпаққа олардың ерлік істері үлгі болып қала бермек. Жас ұрпақты патриоттыққа, отансүйгіштікке баулып жүрген №7 орта мектеп және №38 мектеп-гимназиясының «Жас полиция» әскери-патриоттық сыныптары бұдан былай халық батыры, ІІІ дәрежелі «Айбын» орденінің иегері Манас Жұмаділовтің атымен аталады. Бұл да батырға деген құрмет пен ерлікті насихаттаудың озық үлгісі екенінің белгісі емес пе?

 

А. ЕРГЕШБАЙҰЛЫ

Басқа жаңалықтар

Back to top button