Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыБасты ақпаратЖетіген ауылдық округіҚоғам

ІЛЕЛІК ЖАС САРБАЗДАР «АЙБЫНДА» БАҚ СЫНАМАҚ

Жуырда 16-22 маусым аралығында Әли полигонында халықаралық әскери-патриоттық «Айбын – 2024» жастар жиыны өтеді. Айта кетейік, әскери-патриоттық тәрбие беру арқылы бәсекеге қабілетті, отансүйгіш жастар корпусын қалыптастыру мақсатында өткізілетін «Айбын – 2024» халықаралық әскери-патриоттық жиынына он жыл. Биыл жиынға 5 мемлекет: Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызтан, Ресей және Қазақстанның жас сарбаздары әскери өмірдің қыр-сырын меңгеріп, бірнеше күн бойы әскери шеберліктен өзара мықтыны анықтайды. Оныншы рет өтіп жатқан жас сарбаздар сайысына елдегі әскери мектептер мен әскери бөлімшелер жанындағы жастар клубының, орта мектептердің әскери патриоттық  үйірмелерінің  жас сарбаздары жиналады. Жаттығу алаңында пневматикалық винтовкадан оқ ату, автоматты бөлшектеп-жинау, газ тұмылдырығы және жалпы әскери қорғаныс жиынтықтарын кию, қашықтыққа жүгіру кезінде жас патриоттардан нақты, дәл әрі анық орындалған әрекеттер талап етіледі. Шараның мақсаты да осы. Жастарды ұлтжандылыққа, Отан қорғауға тәрбиелеу.  Он төрт пен он жеті жас аралығындағы ұландар үшін бүгін бұл ерекше күн болмақ. Айтулы сайыста Іле ауданының намысын 53975 әскери бөлімінің қолдауымен Алатау қаласының №3 орта мектебінің жас сарбаздары қорғап, бақ сынамақ. Жиынға орта мектептің 9-10 сыныптар арасынан іріктеліп алынған 17 оқушы қатысады.

«Ең алдымен бізге осы ұсыныс айтылғанда біз өте қуандық. Себебі, балалар үшін бұл өте қызықты сайыс және мүмкіндік болмақ. Оқушылардың бойындағы патриоттық сезімнің өскенін, оқушылардың бойындағы талпыныс, жеңіске деген құштарлықты байқадым. Ата-аналар жиналысын ұйымдастырып, мектеп әкімшілігімен бірге оқушылардың дайындығын ұйымдастырып жатырмыз. Оқушылардың ынтасы мен дайындығын көру мен үшін үлкен қуаныш болды. Бүгінде оқушылар 80% дайын дей аламын. Алдағы уақытта әлі дайындалып, ауданымыздың намысын қорғап жүлделі орынмен оралады деп сенемін. Мектеп басшысы ретінде осы жиынға қатысу дұрыс шешім болды деп есептеймін», — деді өз сөзінде мектеп директоры Кушекбаева Дина Адылбековна.

Ауельбеков Қайрат Алимтаевич: «Осы мектепте 15 жыл көлемінде алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінен оқытушы болып жұмыс істеймін. Оныншы халықаралық «Айбын – 2024» әскери-патриоттық жиынына қатысу себебіміз, 53975 әскери бөлімімен келісім-шартқа отырдық. Әскери-әуе күштері бөлімінің атынан біздің мектептің ұл-қыздары қатысқалы отыр. Әскери бөлімге алғысымыз шексіз, бізге қолдау мен көмек білдіріп, өз тараптарынан барлық қару-жарақ, 3 түрлі киім-кешекпен қамтамасыз етіп отыр. Дайындық жақсы, күнделікті жоспар бойынша оқушылар мектепке келіп, әскери бөлімге барып турникке тартылу, қашықтыққа жүгіру, кросс,  пресс, автоматты бөлшектеп жинаудан жаттығып, дайындалуда. Біздің мақсат – әскери бөлім мен ауданымызды ұятқа қалдырмай, жүлделі орынға ие болу».

Ұлы дала ұландары алдағы жиында әскери қолбасшылармен кездесіп, винтовкадан оқ ату, граната лақтыру, қару-жарақ жинау және алыс-жақын қашықтыққа жүгіріп жарысады». Әскери-патриоттық жиын өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуге, олардың болашақта Отан қорғауға әзірліктерін пысықтауға, жалпы, әскери саланың тәртібі мен жинақылығына бейімдеуге зор ықпалын тигізеді деп сенеміз.

Команда капитаны, Бақыт Темірлан: №3 орта мектебінің 10 «А» сыныбында оқимын. Командамда 17 бала бар. Мектеп ішінде арнайы жарыс ұйымдастырылып, ең мықтылары іріктеліп алындық. Алғашқы әскери дайындықтан жоғарғы көрсеткішімнің арқасында команда капитаны болып сайландым деп ойлаймын. Күнделікті дайындығымыз қызық әрі нәтижелі өтуде. Әскери бөлім қызметкерлері арнайы дайындап жатыр. Мектеп тарапынан да қолдауды сезіп жүрміз. Мектеп директоры мен ұжымы жігерлендіріп, рухымызды көтеру мақсатында бізбен үнемі сөйлесіп, көмектерін білдіріп жатыр. Баршаңыздың үміттеріңізді ақтап, жүлделі орын алу үшін талпынамыз!».

Елжанды, патриот азаматтар ғана елге қалтқысыз қызмет етеді. Жас сарбаздарымызға сәттілік тілей отырып, Іле ауданының беделін асқақтатып жеңіспен оралады деп сенеміз!

 

Карима ДАУТҚАН

Басқа жаңалықтар

Back to top button