Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыҚазақстан жаңалықтарыҚоғам

ТАРИХ ШЕРЛЕНЕ СЫР ТАРҚАТТЫ

Бүгін 31 мамыр саяси қуғын – сүргін құрбандарын еске алу күніне орай, Жаңалық ауылындағы «Саяси қуғын сүргін құрбандары» музейінде Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты «Алматы облысының музейлер бірлестігі» МКҚК-ның филиалы «Саяси қуғын-сүргін құрбандары» музейінде 2024 жылдың 30 мамыры саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне «ШЕРЛІ ТАРИХ: ХХ ғасырдың І жартысындағы қуғын-сүргін сабақтары» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Конференцияға саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бойынша мемлекеттік комиссияның, Алматы облысы бойынша өңірлік комиссияның мүшелері, архив, кітапхана қызметкерлері және Қырғыз Республикасындағы «Ата-бейіт» мемориалды комплексінің қызметкерлері, Өзбекстандағы «Саяси қуғын-сүргін құрбандары» музейінің қызметкерлері мен ғалымдары қатысты.

Конференцияны филология ғылымдарының докторы, профессор Ғарифолла Әнес жүргізді. Жиында қозғалған тақырып бойынша алты кітаптың тұсау кесері өтті.

Аталған конференция аясында Алматы облысының мәдениет, архив және құжаттама басқармасының басшысы Данияр Әлиев сөз сөйледі: «Бұл қарашаңырақта қазақтың  ғана аты аталып, түсі түстелген жоқ. Сонау Еуропа төріндегі поляктар, кавказдықтар, славиан ұлт өкілдері, түркілерден өзбек, ұйғыр, қырғыз ағайындардың да ата-бабаларының сүйегі жатқан жер. Екінші залымыздағы 4425 тізім ол анықталғаны ғана. Әлі талай боздақтарымыз анықталмаған күйі бауырлар зияратында жатыр. Бүгінде археологиялық жұмыстарымыздан табылған 50 адамның сүйегін қайта жерлемекпіз. Оның төртеуі әйел адам, қалғаны еуропалық және азиялық азаматтардың сүйектері екені анықталды. Солақай саясаттың қанды іздерінің сызы қазақтың даласында сайрап жатыр. Бүгінгі күнді қаралы күн, ауыр күн деп санаймыз. Бабаблар рухы разы болсын! Ешқашанда саяси қуғын -сүргін құрбандары ұмытылмақ емес», — деді.

Алғашқы баяндаманы тарих ғылымдарының докторы, профессор, Өзбекстан мемлекетінің саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінің директоры Бахтиер Хасанов оқыды. Әр баяндама саяси қуғын-сүргіннің құрбанына айналған түрлі ұлттың ауыр тағдырлары еске алынды. Жер аударылған халықтардың тағдыр таразысына түскен нәубетті жылдары туралы және олардың көрген қиындықтары мен жергілікті ұлттардың қамқорлығы туралы кеңінен толғанды. Қырғызстаннан келген Ош өңірлік мұрағат қызметі басқармасы бастығының орынбасары Нұрғазы Әлімбаев баяндаманы әрі қарай жалғастырды. Конференция соңы қиын кезеңдегі түрлі естеліктерді еске алып, ата-баба аманатын арақалаған саяси-қуғын сүргін құрбандарының ұрпақтарына естелік сыйлықтар табыс етумен тәмамдалды.

Шара барысында археологиялық қазба жұмыстарында табылған 50 адамның сүйектерін қайта жерлеу рәсімі өтті. Саяси құрбандарға арнайы құран оқылып, дұға бағышталды.

 

Бағдат ШОЙБАС

Басқа жаңалықтар

Back to top button