Алматы облысында түйе шаруашылығы еңбеккерлері «AMANAT» партиясының қатарына қосылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялағаны белгілі. Бұл бастама еңбек адамдарының мәртебесін көтеріп, олардың еңбегін жоғары бағалауға бағытталған.
«AMANAT» партиясы да өз ішінде «Бастауыш партия ұйымы» жылы деп белгіледі. Бұл – партияның негізін құрайтын бастауыш ұйымдарды одан әрі дамытуға арналған маңызды қадам.
Аталған бастаманы жүзеге асыру аясында «AMANAT» партиясының Алматы облыстық филиалы өңірдегі ірі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының бірі – «Дәулет-Бекет» ЖШС базасында бастауыш партия ұйымын құрды.
Іс-шараға Алматы облыстық мәслихатының төрағасы, «AMANAT» партиясының облыстық филиалының төрағасы Қуат Байғожаев, Алматы облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерболат Тұрымбетов қатысып, ұжым мүшелерін жаңа ұйымның ашылуымен құттықтады.
Ұйым төрағасы болып бірауыздан «Дәулет-Бекет» ЖШС директоры Сыдық Дәулетов сайланды. Сонымен қатар, іс-шара барысында бірқатар қызметкерге партиялық билеттер табысталып, олардың ресми түрде партия қатарына қосылды. Сондай-ақ, кәсіпорынның дамуына және әлеуметтік жобаларға үлес қосқан қызметкерлерге алғыс хаттар берілді.
Салтанатты жиын барысында кәсіпорын басшысы Сыдық Дәулетов ұйымның жұмысына қолдау көрсету мақсатында филиалға қызметтік көлік сыйлады.
Айта кетейік, «Дәулет-Бекет» ЖШС – Қазақстандағы ең ірі түйе шаруашылығы кәсіпорындарының бірі. 2001 жылы негізі қаланған бұл шаруашылықта бүгінде 5 мыңнан астам түйе өсіріледі. Кәсіпорын түйе сүтінен шұбат және құрғақ сүт өнімдерін өндіреді. 2021 жылы мұнда құрғақ шұбат шығаратын зауыт іске қосылып, айына 30 тонна дайын өнім өндіріледі. Бүгінде кәсіпорын өнімдері Қазақстан нарығымен қатар, Ресей, Қытай, Түркия, Германия және Францияға экспортталады.